Денсаулық

Денсаулық сақтау саласы: «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы қалай жүзеге асуда?

Облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының облыстағы денсаулық сақтау саласында жүзеге асырылуы мәселесі қаралды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев шалғай ауылдық елді мекендердегі медициналық мекемелерді компьютерлендіру және жылдам интернетпен қамтамасыз ету қарқыны жайында баяндады.

Оның айтуынша, бүгінде Ойыл, Ырғыз және Байғанин аудандары үшін жылдамдығы төмен интернет мәселесі ерекше өзекті. Оның шешімін табу үшін ірі интернет-провайдерлермен жұмыстар жүргізіліп жатыр. 120 ауылдық медицина мекемесі интернет байланысының сапасын жақсартуды қажет етеді.

Басқарма басшысы медициналық ақпараттық жүйелерді интеграциялау жұмыстары жөнінде де есеп берді. Бүгінде кепілді ауқымды тегін медициналық көмек көрсететін медициналық мекемелер жеті түрлі ақпараттық жүйені пайдаланады. Облыс әкімі жылдамдатуды тапсырған интеграциялау жұмысы денсаулықты және денсаулық сақтау саласын өңірлік деңгейде тиімді мониторингтеу үшін маңызды.

— Бастысы — бүкіл жұмыс формалды нәтижеге бағытталмауы тиіс. Қолданылатын шаралар, бірінші кезекте медициналық қызметтердің сапасын көтеру керек. Дәрігер қабылдауына электронды түрде жазылу қызметі бойынша мәселелер бар. Адамдар шағымдануда. Осыған назар аударып, тәртіпке келтіріңіз, — деп тапсырды облыс әкімі денсаулық сақтау басқармасы басшысына.

Жиын барысында салық салынатын негіздерді кеңейту мәселесі қаралды. Осы жылдың басында облыста салық салынатын негіздерді кеңейту шараларының 2018 жылға арналған жоспары бекітілді.

Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Айбек Паяевтің айтуынша, жоспарды орындаудың нәтижесінде биылғы сегіз айдың ішінде жергілікті бюджетке қосымша 3,9 млрд теңге түскен. Соның ішінде, жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау және еңбек нарығы қатысушыларының кірістерін жария ету шараларын орындау есебінен  1,7 млрд теңге түсті.

Айбек Паяев проблемалық мәселелерді де қозғады. Олардың ішінде салық бойынша борышкерлермен күрес жайы да бар. Мемлекеттік кірістер департаменті салықты қасақана төлемеушілердің есімдерін БАҚ-та және танымал әлеуметтік желілерде жариялай отыра, оларды елге әйгілі етуді шешті, — деп жеткізді А.Паяев.

 Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button