Басты жаңалықтар

Ақтөбеліктер тарту еткен монумент Астананың ажарын айшықтап тұр

Бейбітшілік қабырға

«Біздің бітімгершілік бастамаларымыз, ең алдымен, болашақ ұрпаққа арналады. Біз барлық тілде ұрпақтарымызға «Бейбітшілікті сақтаңдар!» дейміз. Бұл — жер бетіндегі әрбір адамның бойында болуға тиіс ең басты құндылық.

Астанада монументтің бой көтеруі тарих сабақтарынан тәлім алып, оны ұмытпауға және еліміздегі бейбітшілік пен ынтымақты бағалауға үндейді. «Бейбітшілік қабырғасы» — бейбіт өмірдің құндылығын дәріптеуді және өткен тарихымыздың қасіретті кезеңдерін қайталамауды замандастарымыздың есіне салып тұратын нысан».

 Қазақстан Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ

«Бейбітшілік қабырғасының» ашылу салтанатында сөйлеген сөзінен.

 Ақтөбенің Астанаға сыйы — «Бейбітшілік қабырғасы» монументі үлкен-кішінің көзайым болып, арнайы барып көретін көрнекті нысанына айналды. Оны әртүрлі салада еңбек ететін азаматтар да, жарқын болашаққа ұмтылған жастар да айтып жүр. Осы орайда өткен аптада облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова Елордадағы жерлестеріміз бен сондағы тұрғындарға «Бейбітшілік қабырғасының» алдында экскурсия өткізіп, оның мән-маңызы турасында мағлұмат берген-ді. Біз сол шараға қатысқан бірқатар ақтөбеліктің, сондай-ақ, дипломаттардың пікірін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Селим Хазбиевич,

Қазақстандағы Польша Республикасының елшісі:

— Қазақстан польшалықтарға туристік ел ретінде де өте қызықты. Осы орайда Ақтөбе облысының Астанаға тарту еткен монументі сол қызығушылықты одан сайын арттырады деген ойдамын. Бұның тарихи-символикалық маңызы да зор екенін ескерсек, оған келушілердің көп болатынына күмән жоқ. Өйткені тарихты зерттеушілер Астананы да айналып өтпейді. Ал ақтөбеліктердің салып берген монументі дәл сол ядролық қаруға қарсы, бейбітшілікке шақыратын бастамадан қолға алынған. Президенттің өзі осыны айтты.

Өткен күнсіз болашақ жоқ. Сол себепті ақтөбеліктердің Елордаға тарту еткен кешені тарихта қалатыны сөзсіз.

Рашад Мамедов,

Қазақстандағы Әзірбайжан Республикасының елшісі:

— Қазақстан — ядролық қаруға қарсы шыққан, сол арқылы Орта Азиядағы елдердің қауіпсіздігін қамтамасыз еткен бірден-бір ел. Атомдық станцияны жабу арқылы да үлкен тарихи шешім қабылдаған мемлекет әлемге осы бірлікті ту еткен қасиетімен танымал. Осыны ескере келе, «Бейбітшілік қабырғасын» тұрғызған ақтөбеліктерге алғыстан басқа айтарым жоқ. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың монументтің ашылу рәсіміне қатысуы шынымен де бұның тарихи оқиға екенін айшықтап тұр. «Монумент — еліміздің саяси тұрақтылығының, мызғымас бейбітшілігінің көрінісі» деді ол.

Бейбітшілік сөзі әлемнің көптеген тілінде жазылып, монументтің ақ түстен қашалуы оны одан сайын асқақтатып тұр. Сондықтан «Бейбітшілік қабырғасының» талай ұлт пен ұлысқа үлгі болатынын айтқым келеді.

 Мешiт Ғазизұлы,

«Қостанай медиа» ЖШС бас директорының орынбасары: 

— Биыл әр облыс Елордамыздың «туған күніне» өз тартуын жасады. Осы тұста Ақтөбе облысының жасаған сыйлығы ерекше. Өйткені бұл тарту бейбітшілік пен келісім символы ретінде қабылданып отыр. Екіншіден, Қазақстанның ядролық қаруға қарсы, бейбітшілікті қолдайтын мемлекет екенін көрсетіп тұр.

Ақтөбе облысы жасаған тарту келешек ұрпақ үшін маңызды деп ойлаймын. Қазақ даласы кең дегенмен, Жер-ананың тартқан қасіреті, әсіресе, Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарына ауыр болғаны мәлім. Олар әлі күнге дейін ядролық сынақтың зардабын тартып келе жатыр… Сондықтан ядролық қарусыздандыру мәселесінде алға шыққан Қазақ елі үшін Ақтөбенің сыйлығы айрықша екені даусыз. Ақтөбеліктердің осыны түсініп, тарихи маңызы айтарлықтай монумент салып бергені қуантады.

Есен Елеукен,

«Tamasha tv» телеарнасының директоры:

— Бұл — мағынасы тереңде жатқан, адамға ой салатын монумент. Ядролық қарудан бас тартқан Қазақстандай елде бірлік-береке бірінші кезекте болса, меніңше, «Бейбітшілік қабырғасын» салудағы негізгі идея да осы. Сондықтан мұндай кешеннің Астананың төрінде бой көтеруі заңдылық. Таңдалып алынған жері де өте тамаша — шаһардың орталығы.

Болашақта осы жерде қала күні, басқа да мерекелік шаралар өткен соң, монумент одан сайын танымал бола түседі деп есептеймін. Сыртқы көрінісі де ерекше нысанның жақсы демалыс орнына айналатынына сенімдімін.

 Ғани Жәпішев,

«Хабар» телеарнасы жаңалықтар бөлімінің жүргізушісі:

— Осы нысан ашылған кезде, жұмыста болып, келе алмаған едім. Енді, міне, монументті көрудің сәті түсті. Ұлдарым да көрсін, тәлім алсын деп арнайы өзіммен бірге ертіп әкелдім.

Менің ойымша, бұл — болашақ ұрпақ үшін жасалған монумент. Солар тарихты ұмытпасын, бейбітшілікті қастерлесін деп ақтөбелік сәулетшілер осылай өз үнін қалдырғандай әсерде тұрмын. Көруге келген адамдарға да бұның ой салатынына сенімім кәміл.

Шүкір, қазіргі таңда Астана қаласының символы деуге тұрарлық бірнеше нысан бар. Бұл қатарда алдымен «Бәйтерек» монументі, «Хан шатыр» орталығы, «Астана опера» театры ауызға ілігеді. Алдағы уақытта солардың арасынан өз орнын ойып тұрып алатын Ақтөбенің сыйы — «Бейбітшілік қабырғасы» болатынын сеземін. Себебі бұл оған әбден лайық.

Гүлназ Әлімгерей,

«Қазақстан» ұлттық арнасы жаңалықтар бөлімінің жүргізушісі:

 — Елордамыздың ең көрікті, әдемі жерінен орын тепкен монументтің ашылу рәсіміне мен де қатысқанмын. Сол кезде-ақ бұның келушісі көп нысан болатынына күмәнім жоқ еді. Неге десеңіз, көз тоқтатып қарауға тұрарлық, сәулетті кешен ғой.

Өзінің тарихи-саяси мәні бар, ядролық қаруға қарсы, еліміздің бірлікті ту еткенін әйгілейтін «Бейбітшілік қабырғасының» өзімнің туған жерім — Ақтөбе облысының сыйы болғанына қуаныштымын. Кез келген турист те сүйсініп көретін монумент болады бұл.

Астанада ауа райының көбіне-көп суық, желді болатынын білесіз. Сондықтан осындай жаймашуақ күндерде балаларымызбен келіп, оның мән-мағынасын ұғындыруға тырысамыз. Солар түсінсе, нысанды салудағы мақсат орындалды деп білемін.

Өркен Кенжебек,

блогер:

— Тарих — ең ұлы ұстаз. Сол ұстаздың жақсы шəкірттері болу үшін бізге осындай ескерткіштер керек. Бұл біздің ядролық қарусыздандыруға баса мән берген ел екенімізді ұдайы еске салып тұратын нысан.

Бұның символикалық мағынасы үлкен деп ойлаймын. Дəл осы секілді қабырғалар Парижде, Чикагоде бар. Сол бір əлемдік үрдістің бір бөлшегі Астанада да болғанына қуаныштымын.

 

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

 Монументті салуға 1,8 миллиард теңге жұмсалды. Бұл — ақтөбелік кәсіпкерлердің қаржысы есебінен жүзеге асқан жоба. «Бейбітшілік қабырғасының» салтанатты ашылу рәсімі 29 тамыз — халықаралық ядролық қарудан бас тарту күні Елбасының қатысуымен өтті.

Айнұр Нұрғалиева,

Қазақ Ұлттық өнер университетінің 2-курс студенті:

— Менің ойымша, Ақтөбенің бұл сыйы еліміздің бас қаласы — Астананың дамуына, көркеюіне қосқан үлкен үлесі. Осындай керемет нысандар көбейе берсе, Елордамыз одан сайын әсем бола түседі деп ойлаймын. Әрі бұның біз секілді қыз-жігіттерге, жалпы жастарға беретін тәрбиелік-философиялық мәні зор. Өйткені мұнда бейбітшілік, тыныштық, бірлік ұғымдары негіз етіп алынған. Көпшілікке одан сайын түсінікті бола түсуі үшін 51 тілде «Бейбітшілік» деп жазылғанынан-ақ нысанға арнайы келетін шетелдіктердің саны көп болатыны анық аңғарылады.

Ең алғаш рет аталған монументтің ашылғанын мен әлеуметтік желілер арқылы көрдім. Елбасының өзі келіп, салтанатты жағдайда «Бейбітшілік қабырғасын» ашқанын білгенде, «қап, мен де барғанда ғой…» деп іштей ойладым. Бірақ сол кезде қалай да осы жерге бару керекпін деп өзіме-өзім серт бердім. Міне, бүгін сол тілегім орындалып тұр.

Астанада оқып жүрген 15-20 студент болып монументтің қасына келіп, естелік суретке түсіп жатырмыз.

Камила Балабекова,

Астана қаласының тұрғыны:

— Менің үйім осы маңда болғандықтан, қызыммен серуендеуге жиі келіп тұрамыз. Астананың орталық көшесінде осындай кешеннің бой көтергеніне, әрине, разымын. Үлкен экранның түнде әртүрлі түске боялып, монументтің жанында әдемі реңк беріп тұрғаны тіптен өзгеше. «Бейбітшілік қабырғасындағы» жапырақ тәріздес бөліктің басты ерекшелігі осында болса керек.

Осы орайда ақтөбеліктердің осындай тарихи мәні айрықша монументті салып бергені — үлкен мақтаныш. Және бұны құрбы-қатарластарымның арасында ұдайы айтып жүретін боламын.

 

Ерлан Досымбетов,

жеке кәсіпкер:

— Бүгін менің үйлену тойым өткелі тұр. Соған орай қалыңдығыммен суретке түсейік деп «Қазақ елі» монументіне келгенбіз. Сөйтсем, мұнда пішіні алыстан көз тартатын «Бейбітшілік қабырғасы» салыныпты. Кейіннен оның ақтөбеліктердің сыйы екенін білдім.

Осындай көркем кешенді тұрғызған Ақтөбе облысының жұртшылығына тек жақсылықтар тілеймін. Мен секілді талай қуаныш иесі монументтің жанына келіп, суретке түсетіні қазірден-ақ белгілі боп тұр.

***** 

Бас қаладағы Тәуелсіздік алаңының көрнекті тұсына, «Қазақ елі» монументіне жақын жерге орналасқан жобаны жасауда Елбасының «Әлем. ХХI ғасыр» антиядролық манифесінің идеясы басшылыққа алынған. «Бейбітшілік қабырғасының» айтулы күнде — халықаралық ядролық қарудан бас тарту күнінде ашылғаны сондықтан. Әрі тура 27 жыл бұрын Семей ядролық сынақ алаңы жабылған-ды.

Монументтің өзіне тоқталсақ, ол зәулім жапырақ тәріздес, бұл арқылы сәулетшілер сан ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астында біріктірген Қазақстанды бейнелеген. Металл мен табиғи тастан тұрғызылған кешен үш бөліктен тұрады: біріншісі — бөлшектеу мен оқшаулауды, екіншісі —  үміт, еркіндік пен тәуелсіздікті, ал үшінші бөлігі бейбітшілікті және ұлтаралық келісімді сақтау жолын бейнелейді. Құрылымы жағынан да кешен осал емес: аспалы  шатырдың ашық панельдері 2,5 миллион жарық нүктесі бар 616 текше метрді алып жатқан LED-жүйемен қамтылған. Ол — кез келген ірі шараны өз деңгейінде таратуға мүмкіндік бар деген сөз. Ең соңғы үлгідегі  бейне, аудио, арт-нысан көп ұзамай түрлі шоу өткізетін орынға айналмақ.

Монументтің авторы Юрий Смирновтың айтуынша, «Бейбітшілік қабырғасының» жалпы ұзындығы — 111 метр, ені — 18,4 метр, биіктігі — 17,5 метр. Оны тұрғызуға жалпы аумағы 6 мың текше метр болатын 1200 тонна гранит пайдаланылған. Тағы бір ерекшелігі — мемориалда әлемнің 51 тілінде «Бейбітшілік» деген сөз жазылған. Тазалықтың белгісі іспеттес аппақ түстен жасалған монумент түн мезгілінде де алыстан «менмұндалайды». Құрылысшылар жарықшамдар, түрлі заманауи жабдықтарды молынан орнатқан.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Ақтөбе-Астана-Ақтөбе.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button