Жаңалықтар

Облыстағы қоғамдық-саяси ахуал талқыланды

Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен облыстағы қоғамдық-саяси ахуал мәселелері туралы отырыс өтті.

Жиынға облыс прокуроры, құқық қорғау органдары, арнаулы қызмет орындары, тиісті басқармалардың басшылары қатысты. Отырысқа аудан әкімдіктері селекторлық режимде қосылды.

Жиын барысында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Еслеусінова облыстағы қоғамдық-саяси ахуал туралы баяндама жасап, Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдерінің қызметін бағалау бойынша жүргізілген әлеуметтік зерттеумен таныстырды. Әлеуметтік зерттеу барысында әр ауданның анықталған өзіне тән өзекті мәселелері баяндалып, қала, аудан әкімдіктеріне оларға мән беріп, тиісті жұмыс жасау туралы тапсырма берілді.

Облыс әкімінің аппарат басшысы Нұржауған Қалауов 20 қыркүйекте облыс әкімі мен облыс прокурорының төрағалығымен өткен «Қоғам және қауіпсіздік» тақырыбындағы дөңгелек үстелде берілген тапсырмалардың бүгінгі күні жүзеге асырылу барысымен таныстырды.

Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі аталған мәселелердің барлығын қарап шығып, облыс әкімдігіне қарасты басқармалар мен тиісті құзырлы мекемелерге, қала және аудан әкімдеріне құқықбұзушылықтың алдын алып, қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуді тапсырды.

— Сонымен қатар қала және аудан әкімдері барлық әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарын үнемі назарда ұстап, желіге шыққан тұрғындардың өтініштері мен шағымдарына тез арада, уақтылы, тиянақты жауап беруін  қадағалауы тиіс, — деп облыс басшысы атап өтті.

Қала және аудан әкімдерінің негізгі жұмыстары өз өңірлеріндегі барлық қоғамдық-саяси ахуалды бақылауда ұстап, дер кезінде тиісті шараларды жүргізуі тиістігі баса айтылды.

Сондай-ақ Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановқа қаладағы кейбір мәселелерді уақтылы қарап, оған қоғам өкілдерін тарта отырып, жұмыс жүргізу тапсырылды. Басты мақсат — әрбір қала, аудан әкімдері, басқарма басшылары  қоғам өкілдері, БАҚ журналистерімен тығыз байланыс орнатып, халықтың кез келген мәселесіне көңіл бөліп, мұң-мұқтажын бірге шешу қажеттігі баса ескертілді.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button