Әлеумет

Тұғырлы әріптестік

Кәсіподақ тынысы

Жақында Астанада ҚР Кәсіподақтар федерациясының XXII съезі болып өтті. Оның жұмысына біздің облысымыздан да кәсіподақтар делегациясы қатысты. Біз съезден келген бойда облыстық кәсіподақтары кеңесінің төрағасы Түрікпенбай Айжарықовты әңгімеге тарттық.

— Съезден алған әсеріңіз қандай? Нақ қазіргі кезеңде қоғамдағы кәсіподақ рөлі қай деңгейден көрінуде?

— Ең бастысы, съезд  кәсіподақтар, жұмыс берушілер және билік арасында қалыптасқан тұғырлы әріптестік бар екендігін нақтылап көрсетті. Ал осының нәтижесінде мәмілегерлікке қол жетуде. Бұның өзі соңғы екі-үш жылда әлемдік қаржы дағдарысына байланысты туындаған мәселелерге қарсы тұруға және оны салыстырмалы түрде ауыртпалықсыз жеңуге көмектесті.

Еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев съезд делегаттарына өзінің құттықтау хатында қоғамдағы кәсіподақтардың рөлі туралы жоғары баға берді.

Биылғы жылы федерация өзінің құрылғанының 20 жылдығын – елеулі кезеңді атап өтеді. Елбасы осы жылдарда оның өз қатарында екі миллионнан астам адамы есепте тұратын, неғұрлым ықпалды және еңбекшілердің өкілетті ұйымына айналғандығын атап көрсетті. Кәсіподақтар әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асыруға, мемлекетіміздің дамуы мен гүлденуіне үлес қосуға, жасампаздық рухты қалыптастыруға белсенділікпен қатысуда.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының XXII съезінің делегаттарымен еліміздің үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімов кездесіп, олардың сұрақтарына жауап қайтарды. Мәжілістің  Вице-спикері Владимир Бобров Палата төрағасы Орал Мұхамеджановтың құттықтау хатын оқыды. Мұның барлығы кәсіподақтардың ықпалды қоғамдық күш екендігін байқатады.

— Съезд қандай міндеттерді алға қойды?

— Кәсіподақтар федерациясы алдағы уақытта да еліміздің алдында тұрған стратегиялық міндеттерді орындау бағытында жұмыс істей беретін болады. Бұл реттегі шешуші басымдықтар  – тұрғындардың тіршілік сапасын жақсарту және әлеуметтік қорғалуын көтеру. Оны жүзеге асыруға қатысты таяудағы бес жылға жеті негізгі басымдықтар белгіленді. Стратегия лайықты еңбек пен оның лайықты төлемі үшін күреске, қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтарын сенімді қорғауды қамтамасыз етуге, жастар және гендерлік саясаттарын дамытуға бағытталған. Кәсіподақтар әлеуметтік әріптестік пен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін барынша кеңінен тарату, еңбектің қауіпсіз және салауатты жағдайларын жасау, бұл салада қоғамдық бақылауды күшейту, қозғалысты ұйымдық нығайту үшін күреседі.

—  Съезд – атқарылған істі саралау сәті. Өткен бес жыл ішінде облыстық кәсіподақтар кеңесінде және Кәсіподақтар федерациясында не жүзеге асты деп айтар едіңіз?

— Ақтөбе облысының кәсіподақтары есепті кезең ішінде сандық және сапалық жағынан нығая түсті. Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының саны 156-ға көбейіп, ал жасалған ұжымдық келісім-шарттардың саны үш есеге өсті. 2 облыстық комитеті құрылды, олар: ауыл шаруашылығы және өңдеуші кәсіпорындар облыстық комитеті және тұтынушылар кооперациясы, сауда және кәсіпкерліктің әртүрлі формасындағы қызметкерлердің «Бірлік» кәсіподағының облыстық филиалы. Кәсіподақ активін оқыту үшін облыстық кәсіподақтар кеңесінің оқу-әдістемелік орталығы құрылып, 600-ден астам адам онда білім алды. Облыстық кәсіподақтар кеңесінің жастармен жұмыс жөніндегі комиссиясының қызметі белсенді жүре бастады. Жастар арасында кәсіби шеберлік конкурстары, волейбол мен шахматтан облыстық кәсіподақтар кеңесінің кубогы жарыстары жыл сайын өткізіледі. Облыстық кәсіподақтар кеңесінің www.oblsovprof.kz веб-сайты ашылды.

Халықаралық байланыстарды кеңейту бойынша жұмыстар жалғасуда. 2009 жылы Ақтөбе облысы кәсіподақтары мен ҚХР СУАР Бас кәсіподағы арасында жаңа меморандум жасалды.

Өткен бесжылдық еліміздің кәсіподақтары үшін де елеулі оқиғалармен атап өтілді. 2006 жылы Федерация тәуелсіз Қазақстанның тарихында бірінші рет әйел еңбеккерлердің конгресін өткізді. Конгресс қарарын барлық кәсіподақтар қолдап, оның талаптары мен ұсыныстары жүзеге асырылуда.

2007 жылы Қазақстан Республикасы жаңа Еңбек кодексі іске қосылды. Еңбекшілер, кәсіподақтар оны еліміздің еңбек конституциясы деп атады. Кодекс белгілі бір дәрежеде қызметкерлердің құқықтарын нығайтты, әлеуметтік мемлекет принциптері мен халықаралық еңбек стандарттарына сәйкес келе бастады.

2008 жылдың басында Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Жезқазғанда өткен әлеуметтік жауапкершілік бойынша республикалық форумда «Ұжымдық келісім-шарт жасаңыз» жалпыұлттық акциясына жол ашылды. Кәсіподақ ұйымдары еңбек ететін біздің еңбек ұжымдарымыздың 95 пайызында бүгінгі күні ұжымдық келісім-шарт жасалған.

2008 жылдың 1 қаңтарынан бастап зиянды және ауыр жұмыстағы мамандықтар қызметкерлері №2 тізім бойынша мемлекеттік арнаулы жәрдемақы ала бастады.

Сол жылдың соңында тағы да бір елеулі оқиға орын алды – Кәсіподақтар федерациясының ұйымдастыруымен Қазақстанның жас қызметкерлерінің бірінші форумы өткізілді. Ол «Кәсіподақ және жастар: болашақ бүгіннен басталады!» девизімен өтіп, жас еңбеккерлерді кәсіподақ қатарына тарту үшін ерекше серпін берді.

Өткен жылы жұмыс берушілермен келіссөздер жүргізу нәтижесінде бірқатар индустриялдық кәсіподақтар еңбекақыға көтеріңкі коэффициенттер енгізу туралы мәмілеге қол жеткізді. Үкімет еңбекақының ең төменгі стандарттарын бекітті. Бұның барлығына жаңа Еңбек кодексінің арқасында қол жетті.

Съезде қабылданған шешімдер туралы не айтар едіңіз?

— Съезд Қазақстан кәсіподақтары үшін өте мыңызды бағдарламалық құжат — «Қазақстан Республикасы кәсіподақтары қызметінің 2010-2015 жылдарға стратегиясын», сондай-ақ бірқатар мәлімдемелер мен үндеулер қабылдады.

«Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында», «Қазақстан еңбекшілеріне – лайықты еңбекақы», «Өздері жұмыс істейтін тұрғындардың проблемаларын шешу» мәлімдемелері мен «Еңбек өнімділігін көтеру мәселері бойынша», «Ең төменгі күн көріс көлемі – рационалды тұтынушылық бюджеттен төмен болмасын», «Кәсіподақтар қауіпсіз еңбек жағдайлары үшін», «Зиянды, ауыр және қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыстарда еңбек ететін қызметкерлер үшін зейнетақымен қамтамасыз ету мәселелері бойынша», «Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының 20 жылдығына байланысты » үндеулер Қазақстан Республикасы Президентіне, Парламентіне және Үкіметіне, обыстардың әкімдеріне, Кәсіподақтар федерациясы мүшелік ұйымдарына, жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктеріне жіберілетін болады.

— Әріптестік жайына оралайық, бұл негізінен алғанда жұмыстың табысты жүруінің басты шарты емес пе?

— Әлеуметтік әріптестік республикамызда азаматтық қоғамдағы ықпалды институттардың біріне жатады. Елімізде үш жақты әріптестік қатынастар, «мемлекет – сала – аймақ – кәсіпорын» еңбек қатынастарын ұжымдық-келісімді реттеудің көп деңгейлі жүйесі берік орнықты.

Федерация ұлттық кәсіподақ орталығы ретінде бұл прогрессивті процестің жетекші күші болып табылады, бұл бағытта жауапты және бастамашы рөлін атқарады.

Практика көрсеткеніндей, жұмысшылар мен жұмыс берушілер арасында қарама-қайшылықтар туған күрделі жағдайдың өзінде келіссөздер еңбек ұжымына пайда әкеледі.

2009 жылдың желтоқсан айында біз әлеуметтік әріптестік институты орнығуының 15 жылдығын атап өттік. Басты мәселе, біздің көзқарасымызша, барлық әлеуметтік әріптестер қатысушыларының жауапкершілігі мен тең құқықтылығында, мүдделерін құрметтеуінде тұжырымдалады. Бұл принциптер ҚР Еңбек кодексінде де, Бас келісімде де көрсетілген. Оларды қатаң сақтауымыз қажет.

Соңғы жылдары қоғам бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы мәселені де тыңғылықты қозғай бастады. Елімізде өркениетті, саналылық таныта білетін жұмыс берушілер жеткілікті. Сондай-ақ капиталистік мінез танытып, еңбекақыны төменгі мөлшерде беру арқылы жұмыс істейтіндер де аз емес.

Әлеуметтік серіктестік жүйесінде бұрынғысынша шетелдік капиталдың қатысуындағы жекелеген компаниялар, корпорациялар мен ұйымдар, сондай-ақ кейбір ірі ұлттық компаниялар қозғалыссыз күйінде қалуда. Бұны жоюымыз қажет.

Сонымен бірге «Ұжымдық келісім-шарт жасаңыз» жалпы республикалық акциясын да жалғастыра беруіміз керек.

Біздің ұстанған бағытымыз айқын: кәсіпорында толыққанды ұжымдық келісім-шарт бар ма, демек кәсіподақ комитетінің де жұмыс істейтіндігі. Ал ұжымдық келісім-шарт болмаса, онда бұл — кәсіподақтың қағаз жүзіндегі ғана тіршілігін байқатады.

Съезд еліміздің кәсіподақ өміріндегі маңызды оқиғаға айналды. Енді біз оның шешімдерін орындауға байланысты жұмыстарға кірісеміз. Таяу күндері облыстың кәсіподақ активін жинаймыз, сол арқылы съезд жұмысының нәтижелері әрбір бастауыш ұйымға, кәсіподақтың әрбір мүшесіне дейін жететін болады.

Мир БАЛМҰҚАНОВ.

Редакциядан: Съезде ҚР Кәсіподақтар федерациясының бас кеңесі және оның басшылық органы — атқарушы комитеті сайланды. Түрікпенбай Айжарықовты облыстық кәсіподақтары жетекшілері арасынан санаулылар қатарында атқарушы комитеттің мүшесі болып сайлануымен құттықтаймыз!

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button