Білім

Оқу бағдарламасы еуропалық форматқа көшеді

«Біз әлемдік стандарттарға сай білім беру жүйесін қалыптастыра отырып, студенттердің білім алуына және тұратын жеріне жағдай жасауға тиісті назар аударуымыз қажет».

 ҚР Президенті Н. Назарбаевтың

«Президенттің бес әлеуметтік бастамасы»

атты халыққа үндеуінен

М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті ректорының оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Талғар ӘБІЛОВ:  

 Оқу бағдарламасы еуропалық форматқа көшеді

Медициналық қызмет көрсетудің сапасына қатысты сын айтылса, ең алдымен осы бағытта оқытатын университеттердің білімі беруі сөз болады. Себебі медицинаның алға жылжуы — медициналық білімнің дамуымен тікелей байланысты. Еліміздің бес облысына дәрігерлер даярлайтын М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті білім сапасын арттыру үшін оқу бағдарламасын еуропалық форматқа көшірмек. Осы ретте университет ректорының оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Талғар Әбіловпен сұхбаттастық.

— Талғар Сатыбайұлы, кезінде  университеттің білім сапасы мықты болғанын, нәтижесінде  Серік Ақшолақов, Жақсылық Досқалиев секілді танымал дәрігер ғалымдардың көптеп шыққанын білеміз. Ал кейін осындай ғалымдар даярлаған университеттің білім сапасына қатысты түрлі пікір айтылып жүр. Жалпы қазіргі жастардың ғылымға құштарлығы қалай?

— Университет құрылған кезде Ресейдің атақты оқу орындарынан ғалымдар келді. Олардың көпшілігі осы саланың «жілігін шағып, майын ішкен» майталмандар  болатын. Солардан  білім алған шәкірттердің көпшілігі елімізге танымал дәрігер атанды, ғылым жолына түсіп, ел медицинасының ілгерілеуіне ықпал етті. Алайда тоқырау жылдарындағы қиыншылық бұл саланы да айналып өтпеді. Білікті, мықты деген мамандарымыз күнкөрістің қамымен басқа салаға кетті. Сөйтіп, тоқсаныншы жылдар мен екі мыңыншы жылдар арасында біраз маманнан айрылдық. Соның зардабын әлі тартып келеміз. Медицинаның жаңа серпін алып, дами бастаған кезеңі — 2000-шы жылдардан кейінгі уақыт. Ел экономикасы түзеліп, қаржы бөліне бастады. Оқытушылардың біліктілігін арттыру, оқу жүйесін жаңартуға қатысты қыруар жұмыс атқарылуда. Нәтижесінде қазір ғылым жолына түскен жастарымыз көп. Университет жанынан докторлық диссертация қорғайтын кеңес жұмыс істейді. Жаңа формат бойынша 2014 жылдан бастап 12 маман (PhD) докторлық еңбегін  қорғап шықты. Польшада ғылыми жобасын қорғаған Олжас Оразаев үздік жас ғалым  атанды.

— Ал қазіргі білім сапасы қандай?

— Елімізде жоғары оқу орындарының білім беру сапасының рейтингін бағалайтын екі орталық бар. Бірі —  аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі (НААР). Аталған агенттіктің бағалауы бойынша, университет барлық жоғары оқу орындарының арасында сегізінші орынға ие болды. Ал медицина университеттерінің ішінде бірінші орын алды. Екіншісі — тәуелсіз бағалау ұлттық орталығы (НАОКО). Орталықтың бағалау көрсеткішінің нәтижесінде  оқу орнының жалпы медицина және стоматология факультетінің білім беру бағдарламасы бірінші орын алса,  фармация, қоғамдық денсаулық сақтау, медбикелік іс бағыты екінші орын алды. Резиденттер мен интерндердің де көрсеткіші қуантарлық. Олар тәуелсіз сынақты 98 пайызға сәтті тапсырды. Ал бұндай көрсеткіштер оқу орнының білім сапасының қандай екенін көрсетеді.

Қай сала болмасын, оның ішінде медицина саласы бір орында тұрмайды. Әлемде жыл сайын жаңа дәрі, жаңа ем түрі шығып, технология қарқынды түрде дамып жатыр. Ал «көштен» қалмау үшін ең алдымен білім саласы мықты болуы керек. Университет бірінші кезекте осыған мән береді. Білім сапасына қатысты бірнеше талап бар. Соның ішінде стратегиялық әріптестермен бірлесе отырып халықаралық білім беру стандарттарына сай келетін білім беру бағдарламасын әзірлеу, академиялық ұтқырлық,  үш тілде білім беру, оқытушылардың біліктілігін арттыру, университет клиникалары мен білім беру процесін цифрландыру секілді бағыттарға ерекше күш салынады.

Қазір университетте бакалавриат, резидентура, интернатура бойынша  4660 студент білім алады. Бұған қоса резидентура, магистратура мен доктарантурада білім алатындар бар. Университет шетелдік 35 жоғарғы оқу орнымен тығыз байланыс орнатқан.

Сондай-ақ минстрліктің медициналық білім сапасын жетілдіруге бағытталған жол картасы негізінде Польшадағы Кароль  Марчинковский атындағы Познань медициналық университетімен серіктестік орнаттық. Біздің оқытушылар және студенттер сол елден білімін жетілдіріп, тәжірибе жинақтайды. Олардан мамандар бізге келеді.

Жалпы бұл университет қана емес, өзге де  әлемдік оқу орындарының үздік оқытушыларын жиі шақырамыз. Олардан үйренеріміз әлі де көп. Биыл Италияның . Л’Акуила университетімен бірігіп, академиялық ұтқырлықты, оқу бағдарламаларын әрі қарай дамытқымыз келеді. Себебі бұл  университетпен бұрыннан байланыс жасаймыз. Жыл сайын студенттері бізге келіп тәжірибеден өтеді. Сондай-ақ келер жылы білім беру бағдарламасы еуропалық форматқа көшеді. Бұл  бағдарлама әлемнің білім беру жүйесінде өзінің тиімділігін дәлелдеген. Қазір сол жүйеге көшудің алғашқы жұмыстары жүргізіліп жатыр.

— Медицина мамандары үшін ағылшын тілінің маңызы зор. Университетте осы бағытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

— Халықаралық стандарттарға сай білім беру үшін ағылшын тілін оқытушылармен қатар студенттер де міндетті түрде меңгеруі керек. Қазір университетте үш тілде сабақ беру бағдарламасы енгізілді. Бұл біз үшін өте қажет. Себебі ғылымның барлық жетістіктері бірінші АҚШ, Еуропа елдерінде ағылшын тілінде жарық көреді. Содан кейін орыс тіліне, сосын қазақ тіліне аударылады. Егер біз тек қана қазақ тілінде білім алатын болсақ, әлемдік стандарттардан қалып қоямыз, ғылыми жетістіктер  бізге кешігіп жетеді. Мемлекеттің де үш тілге мән беруінің бір себебі — осы. Келер жылдан бастап мектептерде химия, биология, информатика пәндері тек қана ағылшын тілінде оқытылады. Биылдан бастап біздің студенттер де аталған пәндерден  білімді ағылшын тілінде алып жатыр. Ал шетелден келген 245 студент таза ағылшын тілінде  білім алады. Егер ағылшын тілін халықаралық сертификаттарға сай меңгерген қазақ-орыс топтарында оқитын студенттер болса, оларды ағылшын тілінің тобына жібереміз.  Оқытушылардың ағылшын тілін меңгеруіне де жағдай жасалуда. Тіл үйренемін деген оқытушыны  шетелге жібереміз және де ынталандыру мақсатында еңбекақыларына үстемақы төленеді.

Студенттердің білім алуы үшін материалдық-техникалық база заманға сай ма?

— Барлық проблема ретімен шешілуде. Бұрын студенттер жатақханаға сыймаса, қазір сексен пайызы орналастырылды. Былтыр мың орындық тоғыз қабатты жатақхана іске қосылды. Бұл жерде студенттердің ешқандай алаңдамай сабақ оқулары үшін барлық жағдай жасалған. Тағы бір ерекшелігі, бұрынғыдай жастар жатақхананың алдына келіп, кезекке тұрып, орынға таласпайды. Ауылдарында жатып-ақ интернет арқылы тапсырыс беріп, электронды қолтаңба бойынша бөлме алады. Дегенмен студенттердің жиырма пайызы жатақханаға сыймай, пәтерде жүр. Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» үндеуі бойынша, жатақхана салу үшін  инвестормен келісім жасадық. Қалалық әкімдікпен жер бөлу маселесі шешілуде, бұйырса жылдың соңына дейін құрылыс бастауды жоспарлап отырмыз.

Жалпы оқу орнында медицина ілімін терең меңгеремін деген жас үшін барлық мүмкіндік жасалған. Кітапханада жеті жүз мың дана оқулық бар. Оның он бес мыңы электронды кітап және кітапхана автоматтандырылған жүйеде жұмыс істейді. Университет кітапханасында Web-кабинет ашылып, онда электронды тапсырыс беру мүмкіндігіне ие мерзімді басылымдар түрлері ұсынылған. Оның мақсаты – кітапханаға бармай-ақ, мобильді түрде қол жетімділікті қамтамасыз ету.

Виртуалды библиограф ашылды. Сонымен бірге «Web of Science» платформасы, «Springer» ақпараттық жүйелері де студент үшін таптырмас мүмкіндік. Сондай-ақ жастардың оқумен қатар тәжірибесін шыңдауына арналған қала сыртындағы ауруханада  симулляциялық орталық бар. Бұрын студенттер тәжірибені дәрігердің соңына еріп жүріп науқасқа жасайтын болса, қазір алдымен манекендер қолданылады. Толық игергеннен кейін науқасқа жіберіледі. Студенттерге тиімді болуы үшін арнайы манекендермен жабдықталған тағы бір орталықты жаңа жатақхананың бірінші қабатынан ашып қойдық. Олар бос уақытында осы жерге келіп, тәжірибесін шыңдайды. Студенттердің ғылыми тәжірибесін шыңдау мақсатында университетімізде 48 студенттің қатысуымен 11 студенттің ғылыми жобасы бойынша жұмыс жасалуда. Бұл мақсатқа университет қаражатынан 18,5 миллион теңге бөлінген, ғылыми жобаға қатынасатын әр студент ай сайын 10 мың теңге көлемінде шәкіртақы алады және халықаралық және республикалық деңгейдегі ғылыми конференцияларға  тегін қатысып баяндама жасайды.

— Облыста әлі де дәрігер жетіспейді. Медицина университеті бар өңір үшін бұл сын емес пе?

— Оқу орны біздің облыстан басқа, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облысына маман даярлайды. Соңғы кезде  Оңтүстік Қазақстан облысынан келетін жастар көп. Жылына 500-ге жуық түлек бітіреді. Түлектердің 97 пайызы жұмысқа орналасады. Бірақ жұмысқа орналасқан жас маманның барлығы тұрақтап кетпейді. Себебі дәрігердің айлығы әлі де болса аз және жас маманның барлығына бірдей жағдай жасалмайды. Әсіресе жастар ауылдық жерлерге барғысы жоқ. Бұған қоса түлектердің  ішінде оқуын әрі қарай жалғастыратындары бар. Сұранысты қамти алмауымыздың  себебі — осы. Қазір анестезиолог, ренимотолог, акушер-гинеколог, педиатр мамандарына сұраныс көп.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button