Басты жаңалықтарМереке

Өткен жылдар — өнегелі байлық

Ақтөбе қаласындағы «Анаға тағзым» адамгершілік-рухани тәрбие беру орталығында  Халықаралық қарттар күніне орай «Менің жылдарым — менің байлығым» тақырыбында мерекелік шара өтті. Шараға облыстың дамуына үлес қосқан білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт, бұқаралық ақпарат құралдары, құқық қорғау органдары мен  мемлекеттік қызмет, қаржы саласының ардагерлері шақырылды.

Мерекелік шара облыстық мәслихат пен Ақтөбе қалалық  әкімдігінің ұйымдастыруымен өткізілді. Бұл күні қырыққа тарта ардагерге құрмет көрсетілді. Мұражай қызметкерлері мереке қонақтарына жаңадан бой көтерген «Анаға тағзым» ғимаратының ішін таныстырып, экскурсия жүргізді. Бұдан кейін қарттар орталықтың кең залына жайылған мерекелік дастарқанға жайғасты. Бұл жерде  облыс өнерпаздары ән-жырдан шашу шашты, оркестрдің орындауында күй тартылды.

Мерекелік кездесуде Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов қарияларды облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың атынан құттықтады.

Осыдан екі жыл бұрын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аналарға тағзым ету, оларға деген құрметті арттыру мақсатында халық болып осындай ғимарат салу жөнінде ой тастаған еді. Бүгінгі күні сол ойды іске асырып, жақында зәулім ғимараттың салтанатты ашылу рәсіміне елімізге белгілі тұлғалар келді. Әрине, сол айтулы оқиғаға өздеріңіз де куә болдыңыздар. Сол кезде Бердібек Машбекұлы «Анаға тағзым» ғимаратында айтулы шараларды өткізу турасында ұсыныс жасаған еді, енді, міне, осы ғимаратта бас қосып отырмыз. Алдағы уақытта сіздер де осы орталыққа келіп, өмірден түйген-білгендеріңізді жас ұрпақтың бойына сіңіруде тәлім-тәрбие береді деген сенімдеміз, — деген І.Испанов қарияларды тоқырау жылдарында еліміздің аяқтан тұруына бір кісідей атсалысқандары, оның ішінде облыс, қаланың дамып, көркеюіне үлес қосқандары үшін алғысын білдіріп, мерекемен құттықтады.

Ардагерлер еңбегі ұрпақ жадында мәңгі сақталуы тиіс. Мереке күні осындай жылы лебізін білдірген облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова да жиналғандарды облыс басшылығы, облыстық мәслихат депутаттары атынан құттықтады.

Мереке күні ардагерлерге гүл шоқтары ұсынылып, сый-сияпат көрсетілді. Облыстық мәслихаттың депутаттары кеш қонақтарына «Анвар» сауда желісінде  сауда жасау үшін 20 мың теңгенің сертификатын табыстады.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button