Рухани жаңғыру

Қарғалы ауданының күндері

ТУҒАН ЖЕРІМ — НҰРЛЫ ЕЛІМ!

Қарғалы ауданы өзінің көркем табиғатымен ерекшеленеді. Бұл өңірдегі ірі су қоймасы, Ащылысай су құламасы, бекіре тоғаны, Немой ауылы атанып кеткен мекен туристерді таза ауасымен, қайталанбас тамаша табиғатымен, сан түрлі өсімдігімен өзіне тартады. Сондай-ақ ауданның құнарлы жері тұрғындарды дәмі өзгеше картоппен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, ал дала гүлдері көңілге қуаныш сыйлайды.

Ақтөбедегі Қарғалы ауданының күндерінде еңбекқор да өнерпаз тұрғындар қала жұртшылығына көп қуаныш сыйлады.

Ауданды таныстыру 28 қыркүйекте «Жұбановтар әлемі» мәдени орталығында «Әуелейді Шәмші әні» ретро-ән конкурсынан бастау алды. Залға адам лық толды, көрермендер танымал ескі әндерді қосыла шырқады, олар әрбір өнерпазды ұзақ қол шапалақтап, қошеметтеп отырды.

С.Бәйішев атындағы кітапханада «Ел үшін туған ер Сәрке» атты ғылыми конференция өткізілді. Аудан әкімдігі Қарттар күніне орай қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Жиырмадан астам бұрынғы қарғалылықтарға азық-түлік пакеттер мен сыйлықтар тапсырылды. Құрметке ие болғандар арасында ауданның Құрметті азаматтары, ардагер ұстаздар, қадірлі ақсақалдар мен әжелер бар. Алғашқы күннің бағдарламасы Т. Ахтанов атындағы театрда «Ұшқын» аудандық жастар театрының «Бала кімдікі?» қойылымымен аяқталды.

Кооперация қажеттігі

Сенбі күні көптеген ақтөбеліктер таңертеңнен алдағы қысқа азық-түліктерін молынан қамдап алу үшін қалыптасқан дәстүр бойынша «Табыс» базарына қарай жол тартты. Оларды мұнда облыстағы ең құнарлы картоп, семіз ет, Ащылысайдың балы, Кемпірсайдың сүзбесі, тағы да басқа өнімдер күтіп тұр еді.

Аудан әкімінің орынбасары Ерлан Блиев «Туған жерім — нұрлы елім!» айдары аясында өтіп жатқан шараға мол әзірлікпен келгендіктерін айтты.

— Біз осындағы жәрмеңкеге екі тоннадай сиыр етін, бір тоннадан жылқы және қой етін әкелдік. Бұдан басқа, үйрек пен қаз еті, сүт өнімдері, бал, картоп пен көкөніс бар. Өнім бағалары нарықтағыдан төмен. Мәселен, сиыр еті 1250 теңгеден сатылуда, 1100 теңгеден де бар. Жәрмеңкеге көптеген ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері келді. Олардың ең ірілері — «Степное» ЖШС, «Динара», «Әлем плюс», «Арман», «Алма» шаруа қожалықтары, «Ақтөбе ара өсірушілері» өндірістік кооперативі, — деді ол.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің жетекшісі Болат Боранбаев әкелінген үш тоннадан астам картоптың бағасы 70 теңгеден екенін айтты. Тұтынушыларға әрқайсысы 200-300 килограмнан сәбіз, қызылша, пияз ұсынылды. Бұл өнімдердің барлығы да тез арада өтіп кетті.

— Биылғы жылы жаз егіншілік үшін онша қолайлы болмағанына қарамастан, барлық сала бойынша жақсы өнім аламыз деп отырмыз. Біздің есебіміз бойынша, әр гектардан астық түсімі 11-12 центнерден айналуда. Егістік алқабын әртараптандыру жұмыстарымен де шұғылданудамыз. Зығыр сияқты дәстүрлі емес дақылдарды өсірудеміз, келер жылы сорго өсіруді қолға алмақпыз, — деп өз ойын бөлісті бөлім басшысы.

Жәрмеңкені аралап көрген облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллин ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен әңгімелесіп, өнім бағаларымен танысты. Бұл күні сүттің литрі 200 теңгеден сатылды, он жұмыртқаның бағасы да осындай болды. Сарымай 2000 теңгеден, қаймақ 1300 теңгеден ұсынылды. Тұтас қаз еті 6000-6300 теңге тұрады. Саудаласып, бағасын түсіріп алып жатқандар да бар. Сүт өнімдері — құрт, балқаймақ, сүзбе, үй ірімшігі көптеп өтіп жатты.

Бірқатар өнімдер жеке қосалқы шаруашылықтардан жеткізіліпті. Мысалы, төрт баланың анасы Ботагөз Асанова бес сиыр ұстайды. Екі студент баласы бар отбасы үшін бұл үлкен көмек. Ертеңгі және кешкі сауыннан шамамен 20-25 литр сүт сауылады, ол тұрақты алушылардың тапсырысы бойынша өңделеді. Тіпті Ақтөбе қаласынан келіп айран, қаймақ, сүзбе, құрт, май алып кетушілер бар.

Осындай жеке шаруашылықпен шұғылданатындардың бір тобы бұл күні саудаға құс, үйрек етін, үй қайнатпасы мен тұздалған көкөністерді шығарды.

— Сіздерге неге кооперацияға бірікпеске? Біреулеріңіз аулада мал, құс ұстап, көкөніс өсірсеңіз, екіншілеріңіз оны өңдеп, үшіншілеріңіз өткізіп жатсаңыздар жаман ба? Сонда бәріңізге жеңіл болар еді, кооперацияның мәнінің өзі осында ғой, — деп Мавр Абдуллин олармен сұхбаттасу барысында өз ұсынысын білдірді.

Қосестек селолық округінде құрылған «Қос-Естек» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі нақ осы принциппен жұмыс істейді. Округ әкімі Гүлжан Досмағамбетованың айтуынша, сүт өңдейтін шағын зауыт өткен жылдың желтоқсан айында ашылды.

— Зауыттың қуаттылығы тәулігіне үш тонна сүтке есептелген, әзірге кооператив одан аз мөлшерде сүт өңдеуде, өнімнің бір бөлегі күн сайын «Айс» кәсіпорнына тапсырылады. Бұл тұрғындар үшін өте қолайлы, — деп атап көрсетті ол.

Жәрмеңкеге келген өндірістік кооператив директоры Еркін Өтегеновтің баласы қазіргі уақытта өздеріне шамамен 50 жеке адамның сүт тапсыратындарын айтты.

Кемпірсай селолық округінде «Жосалы Агро» ЖШС және «Кудря» шаруа қожалығы ірі астықты шаруашылықтар болып табылады. Жергілікті тұрғындардың 90 пайызы шамасы осы бірлестіктерде жұмыс істейтінін атап көрсетті округ әкімі Асхат Айжарықов.

— Ауылда жұмыс көп, өкінішке қарай, жастар жағы егіншілікпен шұғылданғысы келмейді. Бәрі де қалаға ұмтылады, ауылда тұрмау үшін сол жақта 50-60 мың теңгенің күзетшісі болып жұмыс істеуге әзір. Аға буын мемлекеттік бағдарламалардың артықшылықтарын жақсы түсінеді, адамдар «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша білім алуда, несиелер рәсімдеп, өз шаруашылықтарын жүргізуде. Біздің ендігі міндетіміз — жастарды фермерлік шаруаға тарту, оларға қазіргі заманғы ауылда тұру тиімді екенін түсіндіру, — дейді ол.

Астанаға арнау

Кешкілік ақтөбеліктер, оның ішінде басым көпшілігі Қарғалы ауданынан шыққандар деуге болады, ҚР Тұңғыш Президенті атындағы Орталық саябаққа қарай бағыт ұстады. Құрметті қонақтар қатарында облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова мен Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов болды.

Қарғалылықтар өздерінің бағдарламасында «Бақытты бала» өңірлік жобасын негіз етіп алыпты. Ғажайыптарды бейнелеген қақпа келушілерді ертегі әлеміне шақырды. Қазақ халық ертегілерінің танымал кейіпкерлері, орыстың «Буратино», «Теремок», «Шалқан» ертегілерінің таныс тұлғалары балаларды қызықты ойындары мен конкурстарға тартты. Көрермендерін таңдандырған бұл бөлімді аудандық білім бөлімі әзірлепті. Аудандық өнер мектебінің тәрбиеленушілері қонақтарды әсем әнмен, ырғақты бимен қарсы алды.

Ақтөбелік денсаулықты түзету және мамандандырылған мектептердің алпыстан астам оқушысы отыз метрлік матаға майлы бояумен Астананың пейзажын салуы таңғажайып көрініс болды. Астананың 20 жылдығы сондай-ақ қарғалылықтар бағдарламасының өзегіне айналды.

Балалар үшін спорттық жарыстар ұйымдастырылды, көрмеге су құламасының макеті, түйе мен маралдың, киіктің мүсіндері қойылды. Алаңның қарама-қарсы беткейінде бал сататын жәрмеңке ұйымдастырылып, жаңа піскен бауырсақ ұсынылды.

Аудан әкімінің орынбасары Ізгілік Тынымгереев концерттік бағдарламаның өзіне 250 қарғалылық қатысқанын айтты. Аудан күндеріне Ақтөбеде тұратын 500-дей жерлестер шақырылды. Құрметті қонақтар арасында даңқты композитор Шәмші Қалдаяқовтың қарындасы Райхан да бар.

Көпшілік арасынан «Сидақинді кім көрді? Ол осында келіпті ғой» деген дауыс естіліп жатты. Сөйтсек, Мұхамбет Сидақиннің есімі қарғалылықтар үшін танымал және құрметті екен. Ол ауданда 1986 жылдан партия ұйымының хатшысы, ал 1993 жылдан 2006 жылға дейін Ащылысай селолық округінің әкімі болып қызмет атқарыпты. Қазір Ақтөбеде, қала маңында тұрады.

— Мен басқарған жылдарда селолық округте мал шаруашылығы және егіншілік жақсы дамыды. Үш мыңдай ірі қара, 13 мың қой, бір жарым мың шошқа, үш жүз жылқы болды. Елді мекеннің жоғары мәдениеті үшін біздің селомыз сол жылдарда республиканың ауыспалы Қызыл туын алды. Ол жердің табиғаты тамаша. Біз су құламасы аумағында балалар лагерін немесе демалыс базасын жасақтауды ойластырғанбыз, бірақ үлгере алмадық. Қайта құру жылдарында ұжымшар тарап кетті. Мәдениет үйі мен кітапхананың, мектептің сақталып қалғанына да қуаныштымын. Лариса Ильчевская ұзақ жылдан басқарып келе жатқан орта мектеп облыста үздіктер қатарында саналады. Қазіргі уақытта село облыстағы ірі шаруашылық — «Степное» ЖШС-на кіреді, — деді бізбен әңгімесінде Мұхамбет аға.

Ол аудан күндерінің патриоттық тәрбие берудегі маңызына тоқтала келіп, «Кеше ауданымыздың жастар труппасы дайындаған спектакльді көрдім. Жергілікті өнерпаздар нақ осындай деңгейге көтеріледі деп ойламаппын. Ауданның дамып келе жатқанын, мәдениет деңгейінің көтеріліп келе жатқанын көру сүйінішті. Өзіміз еңбек еткен табиғаты тамаша мекенді, ауылды сағынамын», — деді.

Қарғалылықтар әзірлеген концерттік бағдарлама көпшілікке жарқын сәттер сыйлады. Оларды қолдауға көршілес Орынбор облысының Ясное поселкесінен әртістер келіп, өнер көрсетті.

 Гүлсім НАЗАРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button