Мереке

Ардагермен әңгіме

Жексенбі күні қала әкімі Ілияс Испанов Қарттар күніне орай қала тұрғыны, бұрынғы қалалық атқару комитетінің төрағасы Сергей Лапшинді құттықтап, арнайы үйіне барды.

Ақтөбенің әлеуметтік-экономикалық тұрғыда көркеюіне үлес қосқан ардагерге алғысын білдіріп, жеміс толы себет сыйға тартты.

— Құрметті Сергей Николаевич, сіздің кезінде Ақтөбенің көркеюі жолында еткен жемісті еңбегіңіздің арқасында бүгінде қала тұрғындары жайлы өмір сүріп жатыр.Еткен еңбегіңіз ешқашан ұмытылмайды. Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, әдемі қарттық ғұмыр тілеймін, — деді Ілияс Испанов.

Жасы 63-ке келген Сергей Лапшин Қарағанды облысының перзенті. Қырық жылға жуық уақыт Ақтөбеде тұрады. 1983-1987 жылдары Ақтөбе облысының комсомол ұйымында бірінші хатшы, 1987-1994 жылдары Ақтөбе қалалық партия ұйымында екінші хатшы, қалалық атқару комитетінде төраға қызметтерін атқарған. Бүгінде отбасымен Ақтөбеде тұрады. Отбасылық кәсіптері бар.

— Мен Ақтөбеге заңды түрде 1983 жылы келдім. Одан бері Ақтөбе көп өзгерді. Әрине, жақсы жағынан. Еңбек еткен жылдарымды мақтанышпен еске аламын. ДСК-2, Кірпіш зауыты Ақтөбеде мен қызмет кеткен жылдары пайдалануға берілген болатын. Ал қазіргі 11-шағын ауданда 3 үй ғана болса, 12-шағын ауданда бірде-бір үй болмаған еді. Содан-ақ ойлай беріңіз, Ақтөбенің қалай өзгеріп жатқанын, — дейді Сергей Лапшин.

Кезінде бар күшін мемлекеттік қызметке жұмсаған ардагер бүгінде қолы босай қалса, ауласындағы ботаникалық бақтың жұмысымен айналысады. Оның үйінің алдында көп жерде кездесе бермейтін бірнеше ағаш түрі бар. Мәселен, шыршаның 10-нан астам түрі өседі.

Мереке алдында еткен еңбегін ескеріп,  арнайы құттықтап келген қала әкімі Ілияс Испановқа ол зор алғысын білдіріп, қызметіне табыс тіледі.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button