Рухани жаңғыру

Ескерткіш-бюсті орнатылып, сауда орталықтары ашылды

Аудан күні

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылған жарқын істер Қобда ауданында өткен «Құт қонған Қобда» атты ауқымды аудан күні аясында көрініс тапты.  Бұл мерекеге киелі Қобда жерінен шыққан, сол жерде еңбек еткен құрметті азаматтар, зиялы қауым өкілдері және белгілі кәсіпкерлер мен аудан тұрғындары қатысты. Мерекелік шаралар аясында жаңа ғимараттар ашылып, аудандағы қос мектепке Қобыланды батыр мен Исатай Тайманұлының есімі берілді. Сондай-ақ батырлардың ескерткіш-бюсті орнатылды. Ауылшаруашылық қызметкерлері күніне арналған мерекелік бағдарлама, спорттық жарыстар мен аламан бәйге, ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптейтін «Ұлы дала дарабоздары» атты этнофестиваль ұйымдастырылды.

Аудан күні мерекесі ауданның кіреберісіндегі тасжолдың бойында орналасқан «Лидер» жанар-жағармай бекетінің ашылуымен басталды. Аудан экономикасына 80 миллион теңге инвестиция тартқан жаңа мекеме 12 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Батырлар жері Қобданың рухани, патриоттық тұрғыда даңқын асқақтатар шаралар білім мекемелерінде жалғасты. Өткен жылы бой көтерген заман талабына сай Қобда гимназиясына Исатай Тайманұлының және Қобда орта мектебіне Қобыланды батырдың есімі берілді. Аталған екі мектепке батырлардың бюсті орнатылды. Мүсіндердің орнатылуына жергілікті бюджеттен 1 миллион теңгеден қаржы жұмсалған.

Шарада сөз алған аудан әкімі Мейрамбек Шермағамбет:

Өткенді ұлықтау, батыр тұлғаларымызды мәңгі есте сақтау мақсатында көптеген игі шаралар ұйымдастырылып жатыр. Қазақтың бас батыры Қобыланды батыр мен Исатай Тайманұлы қазақ тарихында өшпестей із қалдырды. Өткен жылы күре жолдың бойына батырлардың еңселі ескеркіштері орнатылған болатын. Бүгінгі аудан күндері аясында қос батырдың бюсті тұрғызылып отыр.

Қобда — батырлар мекені болғандықтан, бабаларымызды жастарға үлгі ретінде көрсетіп, ұлықтап жүруіміз керек, — деді.

Салтанатты ашылу рәсімінен кейін жиналғандар Қобда гиназиясының ішіндегі музеймен танысты. Мұнда XVII ғасырға жататын батырлардың сауыттары, қылыш, найза секілді қару-жарақтары мен тұрмыстық заттары, т.б жәдігерлер жинақталған.

Бүгінде Қобда мектеп-гимназиясында 320 оқушы білім алып жатыр. Үш қабатты зәулім ғимарат барлық  жаңа заман талаптарына сай салынған. Өткен оқу жылында мектепті бітірген 8 түлектің алтауы мемлекеттік грантқа ие болды.

Дәл осындай Қобда орта мектебінде өткен шарада Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Мұхтар Жұмағазиев құттықтау сөз сөйледі.

— Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  бағдарламасы аясында елімізде көптеген игі іс-шаралар атқарылып жатыр. Соның айғағы ретінде бүгінгі Қобда ауданының күндерін атап өтуге болады. Бұл шараның келешек ұрпаққа берер тәрбиелік мәні зор.

Бүгін Қобда орыс мектебіне Қобыланды батырдың есімі беріліп жатыр. Бұл мектеп маған да ерекше ыстық. Өйткені, 1974 жылы осы мектеп қабырғасында білім алдым. Бүгін осы жерде сабақ берген бірқатар мұғалімдерім отыр. Осы ұстаздардың арқасында біліммен сусындап, адам болдым.

Қобда — батырлар елі. Бұл жерден талай ғалымдар мен белгілі тұлғалар шыққан. Келешек ұрпаққа айтарым, осы батырларымызды қастерлеп, дәріптеп жүріңіздер. Бүгінгі шараға шақырған аудан әкімі Мейрамбек Шермағамбетке ризашылығымды білдіремін, — деді М.Жұмағазиев.

Сондай-ақ бұл күні ашылған шағынмаркет те өз жұмысын бастап кетті. Жаңа ғимаратта ет өнімдерімен бірге тұшпара цехы да жұмыс істейді. Ауданның кәсіпкерлік саласына 25 миллион теңге инвестиция тартып отырған орталық әзірге 6 адамды жұмыспен қамтып отыр.

— «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы мен «Даму» орталығы арқылы 12 миллион теңгедей несие алдық. Аудан әкімдігі тарапынан арнайы жер бөлініп,  жарты жылда құрылыс жұмыстары аяқталды. Шағынмаркетте ет павильоны, азық-түлік, көкөніс өнімдері және шаруашылық тауарлары сатылады, — дейді шағынмаркет директоры Ақтоты Есенгелдіқызы.

Аудан күндері мерекесі аудан орталығындағы «Сәбит» сауда үйінің ашылуымен жалғасты. 520 шаршы метрлік екі қабатты сауда үйінде 20-ға жуық сауда қатары қызмет көрсетпек.

— Мен бастапқыда киім саудасымен айналысып, сауда орындарын жалға алып жүрдім. 2014 жылы өз сауда дүкенімді аштым. Кейіннен кәсібімді одан әрі дамытуды мақсат еттім. Жаңа сауда орнының құрылысы басталғанда өз қаржымнан 9 миллион теңге жұмсадым. Биыл «Бизнестің жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 15 миллион теңге несие алдым. Қазіргі таңда өз бизнесін ашқысы келетін кәсіпкерлерге мүмкіндік мол. Осы орайда өз кәсібімді дамытуға қолдау білдірген аудан әкімдігіне алғысымды білдіргім келеді, — деді кәсіпкер Ерболат Айтмағамбетов.

Аудан әкімдігі ғимараты алаңында «Қобда ауданының құрметті азаматтары» тақтасының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бүгінде Қобдада ауданның 58 Құрметті азаматы бар. Солардың бірі, ұзақ жылдар бойы ұстаздық салада еңбек еткен Нұрбибі Байтас.

Елбасының халыққа арнаған «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы республика деңгейінде қолдау тапты. Осы мақсатта экономикалық, мәдени және  ауылшаруашылық салалары бойынша көптеген жұмыстар атқарылуда. Бүгінде Қобда ауданы жыл сайын көркейіп, дамып келеді. Осындай игі істер жалғасын таба берсін.

Мен Әлия орта мектебінде ұстаздық еттім. 25 жыл мектеп директоры қызметін атқарып, зейнеткерлікке шықтым. Бүгінгі «Қобда ауданының құрметті азаматтары» тақтасына менің де есімім жазылыпты. Өте қуаныштымын, — деді ол.

«Отан ана» саябағында «Құт қонған Қобда» атты мерекелік шара өтті. Ауданның әлеуметтік-қоғамдық өміріне өлшеусіз үлес қосқан азаматтарға «Қобда ауданының Құрметті азаматы» атағы беріліп, бір топ азаматқа «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілері табысталды. Сонымен қатар «Туған жерге тағзым» акциясы аясында ауданға демеушілік жасаған азаматтар «Жомарт жүрек» сыйлығымен марапатталды.

Ауылшаруашылық қызметкерлері күніне орай «Отан ана» саябағында өткен салтанатты шарада егін және мал шаруашылығы салаларына жаңашылдық енгізіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлесін қосқан азаматтарға облыс және аудан әкімдерінің Алғыс хаттары табысталып, естелік сыйлықтар тарту етілді.

Аудан әкімінің айтуынша, биыл Қобдада 35 мың гектарға жуық жерге егін, 700 гектарға бау-бақша дақылдары және 10 мың гектар жерге бидай егілген.

Аудан күні аясында өткен «Ұлы дала дарабоздары» этнофестивалінде бәйге мен спорттың бірнеше түрінен жарыстар ұйымдастырылды.

Кешқұрым аудандық Мәдениет үйінде «Қаһарман қыз — Әлия» қойылымы сахналанды. Батыр қыздың соғыс жылдарындағы ерлігі суреттелетін хореографиялық қойылымда 20-ға жуық актер мен биші өнер көрсетті. Қойылымның режиссері — Гүлзада Боқанова. Басты рөлдегі Әлияның образын Әсел Досаева сомдады.

Аудан күнін қорытындылаған гала-концертке эстрада жұлдызы Қайрат Нұртас қатысып, қобдалықтар мен аудан қонақтары ерекше көңіл күйде тарқасты.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК,

Қобда ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button