Жаңалықтар

Жанар-жағармай құю бекеті іске қосылды

Ақтөбеден Хромтауға қарай шығатын тасжолдың 25-інші шақырымында «Крафт Азия Ойл» компаниясының «ECO Oil» аталатын автокөліктерге май құйып, газ толтыратын стансасы ашылды.

Благодар селолық округінің Белогорка ауылы тұсындағы жаңа стансаның ашылуына Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов қатысты.

— Ұлы Жібек жолының бойындағы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық  жолы бойында орналасқан Ақтөбе облысы арқылы әрлі-берлі жолаушылар көп өтеді, ірі транзиттік жүк көліктері де жиі қатынайды. Сондықтан жолаушыларға жағдай жасау үшін жол бойында арнайы кемпингтер салынып жатыр. Соның бірі — жаңадан ашылып отырған «ECO Oil» жанар-жағармай бекеті. Ірі көліктер қалаға кірмей-ақ, осы жерде аялдап, алыс жолға дайындалатын болады, — деді қала әкімі.

«Крафт Азия Ойл» компаниясы 2008 жылдан бері мұнай өнімдерін көтермелі-бөлшектеп сату мен көлікке қызмет көрсету саласында нәтижелі жұмыс істеп келеді. Жаңа станцияда автокөліктерге газ, дизельдік отын, АИ-92 және АИ-95 маркалы жанар-жағармайды тәулік бойы құю қызметтері қарастырылған. Бекетте бір мезгілде 10 көлікке қызмет көрсету мүмкіндігі бар.

Бұған қоса, бекет аумағында 30 орынға арналған тәулік бойы жұмыс істейтін кафе, азық-түлік және автокөлік құралдарын сатып алуға болатын шағын дүкен бар.

«Крафт Азия Ойл» компаниясының коммерциялық директоры Досмырза Рустамның айтуынша, жоба үш кезең бойынша жүргізіледі. Бірінші кезең — жанар-жағармай құю бекеті мен кафетерий өз жұмысын бастады. Екінші кезеңде, яғни  2019 жылы «А» класты кемпинг салынады, үшінші кезеңде — 2021 жылы көлік-логистикалық орталықтың құрылысы жүргізілмек. Кемпингте 50 адамдық заманауи қонақүй кешені, 200 автокөлік тұрағы бар қызмет көрсету орталығы болады.

— Бұл жанармай құю бекетінде автокөлік иелері қосымша қызметтерді пайдалана алады, атап айтқанда, доңғалақтар мен шаңсорғышты тегін пайдаланады, сондай-ақ кешен аумағында тегін Wi-Fi қызметі қарастырылған, — дейді Досмырза Рустам.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button