Жаңалықтар

Жаңа кодекстің жаңалығы

ҚР Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық  аумақтарды дамыту комитетінің көшпелі отырысы облыс орталығындағы «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бас офисінде өткізілді. Оның жұмысына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.

Сондай-ақ, бұл жиынға қатысуға Астанадан аталған Комитет хатшысы Рашит Акимов, сенаторлар Аңсар Мұсаханов, Бекмырза Еламанов, Мұхтар Жұмағазиев, Дүйсенғазы Мусин, Абдалы Нұралиев, Марат Тағымов және Сенат аппараты аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық  аумақтарды дамыту бөлімінің меңгерушісі Қаналбек Райымбеков, Инвестициялар және даму, Энергетика, Ауыл шаруашылығы вице-министрлері Тимур Тоқтабаев, Махамбет Досмұхамбетов, Арман Евниев келді.

Жиында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекстің нормалары мен «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының орындалу барысы сөз болды.

Сөз алған Комитет төрағасы Жеңіс Нұрғалиев бұл мәжілісті өткізуге Ақтөбе бекерге таңдалмағанын атап көрсетті. Ол бүгінгі күні облыстың жер қойнауын пайдалану жоғары деңгейге қойылып отырған ірі өңірлердің бірі екенін тілге тиек етті.

— Өткен жылдың 27 желтоқсанында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске қол қойды, — деді ол сөйлеген сөзінде.— Конституция бойынша біздің еліміздің жер байлығы мемлекет меншігі болып табылады, сондықтан ол маңызды мәселе. Аталған құжаттың өмірге келуі барысында ақтөбеліктер мейлінше белсенділік танытты. Қазірдің өзінде сіздердің аймақтан Кодексті және нормативтік актілерді жетілдіру бойынша ұсыныстар келіп түсуде. Жаңа Кодекс жер қойнауын пайдаланушылар мен мемлекеттің өзара қарым-қатынасын оңтайландырады, алайда түйінді мәселелер әлі де бар.

— Парламент Сенаты депутаттарының көшпелі мәжілісін өткізуде Ақтөбені таңдағандары үшін алғыс сезімін білдіремін. Біздің облысымыз — мұнай, газ, басқа да пайдалы қазбалар өндірілетін ірі аймақтардың бірі болып табылады. Мұнай мен газ өндіру көлемі жағынан республикада төртінші орынды иеленеміз. Біздің облысымыз аумағында үш жүздей кен орындары бар. Бізде төрт трансұлттық компания жұмыс істейді, — деді өз сөзінде облыс басшысы Бердібек Сапарбаев. — Жер қойнауын пайдаланушылар үшін жаңа Кодекс, онда жазылған ережелер өте маңызды. Жыл басында біз Энергетика министрлігімен бірлесіп Қазақстанның төрт облысы жер қойнауын пайдаланушылардың қатысуымен аймақтық кеңес өткіздік. Бүгінгі жиында Кодекске өзгерістер түрінде енгізілетін тың ұсыныстар айтылады ғой деп ойлаймын.

Біздің негізгі міндетіміз — экономиканың өсу қарқынын сақтау. Биылғы өткен айлар қорытындысы бойынша біз экономиканың бес пайыздық өсімін қамтамасыз еттік және осы қарқынды жылдың соңына сақтаймыз ғой деп ойлаймын.

Ілгерілеу негізінен бірінші кезекте мұнай өндіру көлемін арттыру есебінен жүзеге асырылуда. Биылғы жылы көрсеткіштердің төмендеуіне тоқтау салу мүмкіндігі туды. Жылдың аяғына дейін облыста 6 миллион тонна мұнай және 7 миллиард текше метр шамасында газ өндіріледі деп күтілуде.

Жиында сөз алған депутаттар жаңа Кодекстің жер қойнауын пайдаланушылар жұмысын мейлінше нақты реттейтіндігін, лицензия алуға қажетті құжаттар саны елеулі түрде қысқарғанын атап көрсетті. Құжатта барлау жұмыстары мерзімі және кен орындарындағы пайдалы қазбалар көлемін бағалау айқын реттелген. Оларды қайта қарауға жол берілмейді.

Мәліметтердің Ұлттық базасын жасау жұмыстары жүргізілуде. Алдағы жылы барлық ақпараттар онлайн режимінде ұсынылатын болады.

Енді лицензия бойынша жұмыс істеу үшін олар өздеріне алатын нақты міндеттемелерді орындауы қажет.

Бұл жиыннан жер қойнауын пайдаланушылар өздері үшін пайдалы болатын көптеген маңызды мағлұматтарды алды. «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» жаңа Кодекстің қабылдануы еліміздің кен өндіру және мұнай өнеркәсібін одан әрі дамыту және жаңғырту үшін ерекше маңызды екенін атап көрсетті жиында сөз алғандар. Бұл құжат инвестициялық ахуалды жақсартып, жер қойнауын пайдалану саласында ашықтықты көтеруге жол ашады, сондай-ақ геологиялық барлауды жеделдетіп дамытуға қосымша серпін беретіндігі сөз болды.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button