Жаңалықтар

Бәсеке — табыс кепілі

Слет

Қай салаға да жаңа бастамалар мен тың идеялар әкелетін — жастар қауымы. Ақтөбеде халықаралық жастар слеті осындай ұранмен өтті. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен «Бәсекеге қабілетті жас маман — жарқын болашақ кепілі» тақырыбында өткен слет барысында белсенді жастар туралы сөз қозғалып, кәсіпорын ұйымдарының еңбек қатынастарында алатын орны мен маңызы айтылды.

Жұмысшы жастар арасында диалог құру, жастарды белсенділікке ынталандыру, еліміздің ірі өндіріс орындарында жұмыс істейтін жұмысшы жас мамандардың тәжірибе алмасуын ұйымдастырып, санын арттыру мақсатында өткен слет жұмысына облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Нұрлан Күнтуов және өндіріс орындарында еңбек ететін жұмысшы жастар мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Ақтөбеде алғаш рет өткен жұмысшы жастар слетіне еліміздің Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарынан және көршілес Ресей Федерациясының Орынбор қаласынан келген жастар қатысты.

Шара барысында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев слет жұмысына сәттілік тілеп, келген қонақтарға өз ризашылығын білдірді.

— Өздеріңіз білетіндей,  елімізде қыркүйектің соңғы жексенбісінде Еңбек күні аталып өтіледі. Атаулы күн қарсаңында өтіп жатқан бүгінгі слет — облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының алғашқы жұмыстарының бірі. Бұл слеттің жұмысшы жастар үшін маңызы зор. Бүгінгі таңда жастардың дені гуманитарлық саланы таңдап кететіндігі жасырын емес. Ал бүгінгі шарада өндіріс орындарындағы жұмыстың тиімді тұстарын жастар арасында насихаттап, артықшылықтары туралы айтуымыз керек, — деді Е.Нұрғалиев.

Облыс әкімінің орынбасары атап өткендей, білікті, тәжірибелі кадрлардың ізін басатын жас жұмысшы мамандар даярлау — бүгінгі күннің басты талабы.

Слет жұмысына Ақтөбе ферроқорытпа зауытында отбасымен еңбек ететін Уәлихан әулетінің өкілі қатысып, өндірістегі қызықтарымен бөлісті.

Осыдан 33 жыл бұрын Ақтөбедегі ферроқорытпа зауытына ұнтақтаушы болып орналасқан Меңдіғали Уәлихан зауыт жұмысшылары әулетін бастаймын деп ойламапты да. Кәсіпорында жұмыс жасап жүріп болашақ жарымен танысқан ол, екеулеп өндірісте аянбай қызмет жасады. Еңбегінің еленген тұстары да бар. Бүгінде жұбайы зейнетте. Екеуінің жолын ұл-қызы жалғаған.

— Екі ұлым мен қызым осы зауытта жұмыс жасайды. Қызым қазір бала күтімімен уақытша үйде отыр. Балаларымның барлығы абыроймен еңбек етуде. Бұл салаға менің туған ағам мен зайыбымның да қосқан үлесі аз емес. Қазір зауыттағы жұмысты бұрынғымен салыстыруға келмейді. Өндірісте жұмыстың дені автоматтандырылған. Бұрынғыдай қара күшті аса қажет етпейді. Біздің заманның өз қиындығымен қатар қызығы да болды ғой. Жас болдық па, жұмыстың ауырлығын онша елемейтін едік, — дейді Меңдіғали Уәлихан.

Ол өзі бастаған істі балаларының жалғастырғанына дән риза.

Болашағын өндіріспен байланыстырған слет қатысушыларының бірі — Маңғыстау облысынан келген Ерболат Есжанов. Ол Ақтөбеге өндіріс орындарындағы жұмысты бақылап, тәжірибе алмасу мақсатында келгенін айтады.

— Күн санап өркендеп келе жатқан құтты мекенді өз көзіммен көріп, Ақтөбенің белсенді жастарымен танысудың сәті түсті. Көптеген керемет орындар мен жаңа ғимараттарды аралап көрдік. Слетке келудіге басты мақсатым — Ақтөбе зауыттарындағы жұмысшы жастармен танысып, олардың жұмыс жасау тәсілдерін бақылау болатын, — дейді «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-дағы жас мамандар кеңесінің мүшесі, геолог Ерболат Есжанов.

Шара барысында ол слет қатысушыларына Маңғыстау облысындағы жас мамандар кеңесінің  атқарып жатқан жұмыстары жөнінде баяндап, жоспарларымен бөлісті.

Ал түстен кейін жұмысшы жастар мен слет қонақтарына қаланың көрікті жерлері мен өнеркәсіп орындарында экскурсиялар ұйымдастырылып, жұмыстық кездесулер өтті.

Қорытынды шара концерттік бағдарламамен жалғасып, кеш соңында жұмысшы жастар Алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button