Жаңалықтар

«Ақтөбе мектеп лигасының» екінші маусымы ашылды

Ақтөбе қаласындағы №8 облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде футболдан «Ақтөбе мектеп лигасының» екінші маусымы басталды.  Шараның ашылуына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

Жарысқа Ақтөбе қаласынан 3 жас ерекшелігі бойынша 230-дан астам команда қатысуда. Аталған маусым биылғы оқу жылы бойы жалғасады.

— Спорттың адам өміріне пайдасы зор. Соның ішінде халықтың ең көп шұғылданатыны — футбол ойыны. Осы мақсатта былтыр «Ақтөбе» футбол клубы бірінші рет Ақтөбе қаласының 9 мектебінде футбол сабағын ұйымдастырды. Соның нәтижесінде көптеген балалар футболмен айналыса бастады. Ал екі жыл бұрын футбол академиясын ұйымдастырдық. Қазір бұл академияның облыс аудандарында және Ақтөбе қаласында 10 филиалы жұмыс істеп тұр. Бүгінгі таңда 700-ге жуық бала осы спорт түрімен айналысуда.

Жыл басында 5 футбол алаңынан тұратын спорт кешені ашылды. Ондағы мақсат — балаларға футболмен айналысуға мүмкіндік туғызу.

Биылдан бастап Білім министрлігінің бұйрығына сәйкес, барлық мектептерде футбол сабағы өтеді.

Облыс басшылығының атынан бүгінгі іс-шараны ұйымдастырған қала әкімдігіне ризашылығымды білдіремін, — деді облыс әкімі өз сөзінде.

Бұдан соң облыс басшысы бірқатар мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімдеріне және қаланың 78 мектебіне футбол добын табыс етті.

— «Ақтөбе мектеп лигасын» құрудағы басты мақсат — жас ұрпақты спортқа,  салауатты өмір салтына тарту және үздік спортшыларды іріктеу.

Жарысқа әр мектептен 1,2,3-сынып оқушыларынан құралған 3 команда қатысуда. Бір айдан кейін жарыс облыстағы аудан орталықтарында басталады.

«Ақтөбе мектеп лигасы» турнирінің жеңімпаздары «Реал Мадрид» футбол клубы академиясына жолдама алып, 10 күн бойы футбол базасымен танысады. Сондай-ақ «Ақтөбе мектеп лигасының» «УЕФА» бұқаралық футбол апталығы аясында өтіп жатқанын айта кету керек, — деді облыстық футбол ассоциациясының бас хатшысы Асхат Қалжанов.

Шара соңында Бердібек Машбекұлы маусымның алғашқы кездесуін ашып берді.

Айта кетейік, аталған маусымның ақтық кезеңі келер жылдың мамыр айында өтеді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button