Жаңалықтар

Мәселелер талқыланды

Қоғамдық кеңес

Кеше Ақтөбе қаласындағы «Капитал Плаза» бизнес орталығының мәжіліс залында облыстық қоғамдық кеңестердің съезі өтті.

Оған облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Қуаныш Елубаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Расул Медетов, сондай-ақ облыстық, қалалық және аудандық кеңестердің мүшелері қатысты.

Съезді ашқан облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Қуаныш Елубаев аталған шараның мақсаты тәжірибе алмасу, қоғамдық кеңестердің жұмысын жандандыру екенін айтып, қатысушыларды тиімді ұсыныстар білдіруге шақырды.

Шарада облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова жергілікті жерлерде қоғамдық кеңестер құру қоғам мен билік арасындағы байланысты, өзара түсіністікті нығайтатынын, бүгінгі күні облыстық, аудандық кеңестердің аумақтар бюджетінің немесе мемлекеттік мекемелердің жобаларын талқылаудан бастап, бюджеттің орындалуын, аумақтарды дамытудың стратегиялық жобаларын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қатысты мәселелерді есепке алуға дейінгі өкілеттіліктері барын жеткізді.

Бұдан кейін шарада ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Рафхат Бисенов қоғамдық кеңестер мен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылындағы кейбір мәселелер туралы баяндама жасады.

  • Елімізде «Қоғамдық бақылау туралы» Заңда қоғамдық кеңестерге үлкен өкілеттілік берілген. Алайда, өкінішке қарай, іс жүзінде бұл өкілеттіктердің негізгі бөлігі аудандарда қолданылмай отыр. Мәселен, кейбір аудандар мемлекеттік орган басшыларының есептерін тыңдаумен ғана шектеледі. Сондай-ақ қоғамдық кеңестердің жұмысында бірқатар ортақ кемшіліктер де кездеседі. Атап айтсақ, қоғамдық кеңестердің жұмысын аудандарда ішкі саясат бөлімдері атқарады. Бүгінгі күні бұл жұмыстарды Ойыл ауданында аудандық мәслихат, Қарғалы ауданында білім бөлімі жүргізуде. Заңға сәйкес қоғамдық кеңес құрамын жергілікті өкілетті орган, яғни мәслихаттар бекітеді. Осыған орай бірізділікті қамтамасыз ету үшін мәслихаттарды жұмыс органы ретінде бекітуді ұсынамын, — деді ол.

Оның айтуынша, биылғы жылы Ақтөбе қаласында қоғамдық кеңестің 14 отырысы, 9 қоғамдық тыңдау өткізілген, 35 қоғамдық мониторинг жүргізілген, 57 ұсыным әзірленген.

Мұғалжар ауданында 10 отырыс өткізіліп, 5 есеп тыңдалған, 35 нормативтік-құқықтық акті жобасы талқыланған. Шалқар ауданында биылғы жылғы жұмыс жоспарына 16 мәселе енгізілген. Алайда олардың орындалуы туралы департаментке ақпарат түспеген.

Мәртөк ауданында жыл басынан бері бір ғана отырыс өткізілген, 11 жоба қаралып, 7 шешім шығарылған. Сондай-ақ Қобда, Хромтау, Ойыл, Ырғыз, Темір, Байғанин аудандарында да осы бағытта жұмыстар жүргізілген. Алайда кемшіліктер көп.

  • Жоғарыда аталған мәселелерге байланысты қалалық, аудандық қоғамдық кеңестердің типтік жұмыс жоспарының жобасын әзірлеуді ұсынамын. Мемлекеттік органдарға, аудандық әкімдіктер мен мәслихаттарға сұраныс жіберіп, ұсыныстарын жинау керек. Осы мақсатта бүгінгі жиынға мемлекеттік органдар мен аудан әкімдіктерінің қызметкерлері шақырылып отыр. Типтік жоспарға енген мәселелер барлық қоғамдық кеңес отырыстарында міндетті түрде қаралуы тиіс. Қорыта айтқанда, біздің қоғамдық кеңес жұмысын дұрыс жоспарлау арқылы халықтың назарын тудыратын мәселелерді қозғауға мүмкіндігіміз бар, — деді Р.Бисенов.

Съезд соңында барлық қоғамдық кеңестерді бірыңғай жұмыс жоспарына көшіру ұсынылып, кеңес мүшелері бірауыздан қолдау білдірді. Сондай-ақ қоғамдық кеңес мүшелері кеңес төрағасына өз сауалдарын жолдап, ой-пікірлерін ортаға салды.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button