Денсаулық

Тұмаудың «тұтқыны» болма!

Күн салқындаған кезде тұрғындар арасында тұмау ауруы көбейетіні белгілі. Ақтөбелік дәрігерлер тұмаудан сақтануға немқұрайды қарамау қажеттігін айтады.

Мамандардың айтуынша, 2018-2019 жылдың эпидемиялық маусымында А (Н1N1 және H3N2) және В типті тұмау вирусы көп болуы мүмкін. Тұмаудың таралуының ең жоғарғы кезеңі қаңтар айынан басталып, ақпан айының ортасына келеді.

Ақтөбе облысы бойынша 2018 жылдың 8 айы ішінде жедел респираторлық вирустық инфекция жұқтырған 5289 адам тіркелген, оның 3146-сы — 14 жасқа толмаған балалар.

Бүгінде тұмаудың алдын алудың ең тиімді және ғылыми негізделген әдісі —  вакцинация.Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті берген дерек бойынша, биыл тұмауға қарсы вакцина сатып  алуға жергілікті бюджеттен 30 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген. Бұл қаражатқа облыс тұрғындарының осал топтарын иммунизациялау үшін Ресейден тұмауға қарсы 33 832 дана «Гриппол+» вакцинасы сатып алынған.

— Облыста тұмауға қарсы вакцинациялау 1 қазан-15 қараша аралығында жүргізіледі. Медицина қызметкерлері, медицина ұйымдарында диспансерлік есепте тұрған балалар, әлсіз және алты айдан асқан жиі ауыратын балалар, балалар үйлері, сәбилер үйлері балалары, қарттар үйі тұрғындары, жүктіліктің екінші, үшінші триместріндегі жүкті әйелдер және эпидемиялогияық көрсетілімдері бойынша60 жастан асқан адамдар, мектеп-интернат және жалпы білім беру мекемелерінің оқушылары жергілікті бюджеттен ақысыз вакцинация алады.            Тұмауға қарсы тұрғындарды ақылы түрде вакцинациялау барлық қалалық емханада жүргізіледі, — дейді аталған басқарманың инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Мұрат Мирманов.

Тұмау тыныс жолдарының жұқпалы вирустық ауруы, түшкіргенде және жөтелгенде ауа арқылы жұғады. Инкубациялық кезеңі бірнеше сағаттан 7 күнге дейін созылады. Аурудың басталуы жедел интоксикация синдромымен сипатталады. Бірнеше сағат ішінде дене температурасы 39-40 градусқа дейін көтеріліп, бас айналу, әлсіздік, буындар мен сүйек-бұлшықеттерінің ауырсынуы болуы мүмкін. Мамандар тұмау жұқтырған адамның өзін-өзі емдеумен айналыспауын, науқастанып қалған жағдайда мамандарға көріну керектігін, қажет жағдайда дәрігерді үйге шақыру қажеттігін айтады. Сондай-ақ тұмау жұқтырған адамдар медициналық маска киіп жүруі керек.

— Таза ауада жиі серуендеу өкпенің вентиляцисын жоғарылатады, қан айналым жүйесін жақсартады. Үйді, жұмыс орнын жүйелі түрде желдетіп тұру қажет. Сондай-ақ лимон, бал, таңқурай секілді құрамында Сдәрумені бар өнімдерді жиі пайдалану керек, — дейді мамандар.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button