Білім

Облыстың орташа көрсеткіші — 83,8 балл

Ақтөбелік түлектер сенімді ақтады. Облыс бойынша  орташа балл — 83,8. Бұл —  өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 6,2 балға артық деген сөз. «Алтын белгіге» үміткер 197 баланың 142-сі білімдерін дәлелдеді. Алғаш рет облыста екі оқушы ең жоғары — 125 ұпай жинады. Олар физика-математика интернатының оқушылары — Әсем Боранбаева мен Үміт Ғұбай. Бұл жөнінде облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатованың төрағалық етуімен өткен жиында айтылды.

Сара Қайыржанқызы түлектердің жетістігін қуана жеткізді.

Биылғы мектеп бітірушілер еңбекті ақтады. Оқушылардың тестілеуге жан-жақты дайындалуы үшін барлық жағдайды жасаған едік. Соңғы айлардағы сынақ тестілеудің нәтижесі де жақсы болатын. Сондықтан, біз түлектердің көрсеткіші жақсы болатынына сенім білдіргенбіз. Міне, сенім ақталды. ҰБТ-дан облыстың орташа балы — 83,8 ұпай болуы, расында, мақтануға тұрарлық жағдай. Бұл — біздің ортақ жеңісіміз, — деді облыс әкімінің орынбасары.

6643 түлектің 4993-і (72 пайыз) сынаққа қатысты. Тестілеу көрсеткіші бойынша облыс мектептерінің арасынан облыстық физика-математика мектеп-интернаты алдыңғы қатарда. Аталған білім шаңырағының орташа көрсеткіші — 114,4 ұпай. Одан кейінгі кезек М. Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға  арналған мектеп-интернаттың еншісінде (113,8 балл). Ал қазақ-түрік лицейінің орташа балы — 111 ұпай. Аудан мектептерінің арасында І орынды Шұбарқұдық гимназиясы иеленді. Бұл білім ордасының көрсеткіші — 110,3 балл.

Ырғыздан басқа аудандарда ілгері жылжу бар. Әсіресе, бұған дейін төмен көрсеткіштегі Байғанин ауданы биыл жақсы нәтижеге қол жеткізіп отыр (81,1 балл).  Алға ауданы ҰБТ қорытындысы бойынша ең соңғы орында болатын. Биыл аталған ауданның түлектерінің орташа ұпайы — 80,5 балл. Бұл — жүйелі де сатылы жұмыстың жемісі.  Біз жыл сайын облыстың ҰБТ-дан орташа ұпайын  5 пайызға арттырып отыруды міндет етіп қойған едік. Міне, үлкен еңбектің арқасында межелеген көрсеткішке жеттік, — деді Сара Нұрқатова.

«Алтын белгі» мен «Үздік аттестаттан» үміткер түлектердің көпшілігі білімдерін дәлелдеді. Былтыр 149 оқушы «Алтын белгіге» үміткер болып, 73-і қорғаған еді. Биыл 197 баланың 142-сі үмітті ақтады.

Жиын соңында Сара Қайыржанқызы ұлттық бірыңғай тестілеуде ең жоғары ұпай жинаған Әсем Боранбаева мен Үміт Ғұбайды құттықтап, сыйлық тарту етті.

Әсем БОРАНБАЕВА, «Алтын белгі» иегері:

— Мен ең жоғары ұпай жинайтыныма сенімді болдым. Себебі, 125 балл алуды міндет етіп қойдым. Мақсатыма жету үшін ерінбей еңбектеніп, жан-жақты дайындалдым. Дайындық барысында да, сынақ тапсырғанда да маған қиын тиген пән болған жоқ. Менің ойымша, адам өзі-өзіне талап қойып, өзіне-өзі сенім білдірсе, онда жеңіске жетеді.

Мүмкіндікті пайдаланып, ата-анама, облыстық физика-математика мектеп-интернатының мұғалімдеріне алғыс білдіремін. Олар мен үшін, сыныптастарым үшін шын тілектес болып, тестілеуге дайындалуымыз үшін барлық жағдайды жасады.

Мен мықты экономист болғым келеді. Әл-Фараби атындағы Мемлекетттік ұлттық университетке немесе Қазақ-британ университетіне құжат тапсыруды жоспарлап отырмын.

Үміт ҒҰБАЙ, «Алтын белгі» иегері:

— Мен ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша әуелі 124 балл жинадым. Негізі, 125 ұпай жинайтыныма сенімім зор еді. Сосын аппелияциялық комиссияға өтініш жаздым. Нәтижесінде, дұрыс емес деп танылған жауаптың дұрыс екендігін дәлелдедім.

Сауалдар қиын тиген жоқ. Бәрі өзіміз дайындалған сұрақтардан келді.

Сөздің реті келгенде, ата-анама, ұстаздарыма ризашылығымды білдіремін.

Қаракөз ЕҢСЕГЕНҚЫЗЫ, облыстық физика-математика мектеп-интернатының директоры:

— Біздің мектептен ұлттық бірыңғай тестілеуге 24 оқушы қатысты. Оның 22-сі 100 ұпайдан жоғары нәтижеге қол жеткізді. 9 оқушы 120 балдан жоғары ұпай жинады. Оның екеуі — 125 ұпай жинады. Мұндай көрсеткіш біздің облыста ҰБТ өткен 7 жылдың ішінде болған жоқ.

Былтыр біздің мектептің орташа балы — 112,8 болса, биылғы қорытынды —  114,4 ұпай. 12 бала «Алтын белгіге» үміткер болып, 11-і қорғады. 2 оқушы «Үздік аттестатқа» үміткер болатын, екеуі де білімдерін дәлелдеді.

Менің ойымша, ҰБТ — оқушы мен мұғалімнің білімінің өлшемі. Оқушылар репититор жалдаған жоқ. Олардың барлығын өзіміздің мектептің мұғалімдері дайындады.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button