Спорт

«Ақтөбе мектеп лигасының» екінші маусымы басталады

Брифинг

28 қыркүйек күні Ақтөбе қаласындағы №8 облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде футболдан «Ақтөбе мектеп лигасының» екінші маусымы басталады. Аталған маусым келер жылдың мамыр айына дейін жалғасады. Бұл туралы кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ақтөбе қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Евгений Гончаров баяндады.

Оның айтуынша, «Ақтөбе мектеп лигасы» турнирінің жеңімпаздары «Реал Мадрид» футбол клубы академиясына жолдама алып, 10 күн бойы әлемдік грандтың футбол базасымен танысады.

Қазақстанда баламасы жоқ бұл жарысқа биыл 3 жас ерекшелігі бойынша 230-ға жуық команда қатыспақ. Командалар демалыс күндері топтық турнирлерге қатысады. Әрбір топта базалық және резервтік мектеп бар, оларды ойындарға бейімдеу үшін жаттығу залдары жасақталған. Ауа райы суытқанда командалар мектептің спорт залдарында, футбол алаңдарына жарысатын болады. Командаларға демеушілердің көмегімен арнайы форма да әзірленді. Жыл соңына дейін барлық қатысушылар спорттық формалармен қамтамасыз етіледі, — деді бөлім басшысы.

Келер жылы қараша айынан бастап облыстың барлық мектептері «Ақтөбе мектеп лигасына» қатысады. Осылайша лига құрамында жас спортшылардың саны бірнеше мыңға жетпек. Сонымен қатар қыздар арасындағы «Ақтөбе мектеп лигасы» облыс орталығында басталып, кейін барлық аудандарға таралады.

  • «Ақтөбе мектеп лигасын» құрудағы басты мақсат — жас ұрпақты спортқа баулу, салауатты өмір салтын ұстануға шақыру, сондай-ақ «Ақтөбе» футбол клубы, футболдан облыстықмамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиада резерві мектебі, «Авиатор», тағы басқа мекемелердің іріктеу мүмкіндіктерін арттыру. Биылғы оқу жылынан бастап облыс орталығындағы алты мектеп спорттық құрал-жабдықтармен қамтылып, оқушыларға «Футбол сабағы» өтетін болады. Бұл жоба балаларға арналып отыр, — деді Е.Гончаров.

Айта кету керек, футболдан өтетін «Ақтөбе мектеп лигасының» екінші маусымы

28 қыркүйек күні сағат 15.00-де Ақтөбе қаласындағы №8 облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде өтеді.

 Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button