Мәдениет

Жаңа маусым көрерменге жол тартты

Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры мен «Aqtobe» телеарнасы бірлесе кезекті жаңа маусымның салтанатты ашылуын өткізді. Қызыл кілеммен жүріп өткен қос ұжымның өкілдері, осылайша, арадағы әріптестік байланысты одан сайын нығайтпақ.

Салтанатты шара аясында келушілерге театрдың фойесіндегі көшпелі көрме таныстырылып, көп ұзамай сахналанатын «Ромео мен Джульетта» спектаклінің үзіндісі қойылды.

Театр және телевизия ұжымын жаңа маусыммен құттықтай келген Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов:

— Өздеріңіз куә болып отырғандай, біздегі өнердің қарашаңырағы — Ахтанов театры күннен-күнге дамып келе жатыр. Телеарнамен бірігіп, қадірлі қауымға — көрерменге бүгінгі заманға сай жаңа маусым ұсынып, еңбектеніп жатқаны үшін алғысымды білдіргім келеді.

Біз, көрермен қауым осы ұжымдардан жаңалық күтеміз. Сіздерді осынау жетістіктеріңізбен құттықтай отыра, өнерлеріңіз өрлей берсін демекпін! — деді.

Сондай-ақ, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева, қоғам қайраткері Амангелді Айталы, «Qazaqstan» ұлттық арнасының аймақтық хабар таратуды дамыту дирекциясының директоры Ержанар Әшейхан ізгі тілектерін білдіріп, жаңа маусымда сәттілік тіледі.

Шара барысында алда көрерменге ұсынылатын Уильям Шекспирдің әлемге әйгілі «Гамлет», Александр Володиннің «С любимыми не расставайтесь!» спектакльдерінен үзінділер сахналанып, телеарна мен театрдың бірігіп түсірген

«Бір түп алма ағашы» фильмінен бейнеүзік көрсетілді. Мұнымен бірге, телеарна ұжымы алғаш қолға алған жоба — медиамектептің жұмысы туралы айтылды.

— 2018-2019 жылдардағы театр маусымында бәрін қоса санағанда 7-8 спектакльді ұсыну ойда бар. Жаңа маусымның шымылдығын Уильям Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» трагедиясымен ашқалы отырмыз. Екі бөлімнен тұратын күрделі қойылым болғандықтан, бұл үлкен дайындықты қажет етеді. Сол себепті, премьераның нақты қашан болатынын тап басып айта алмаймын. Жоспар бойынша қазан айының соңы немесе қарашаның басында қос труппа көрермендерін жаңа туындымен қуантпақ. Қазақ және орыс тілдерінде өтетін махаббат хикаясында жалпы саны 60-70 актердің атсалысатынын, Ромеоны Қадір Құттыбаев, Дархан Дәулетияр өзара алмасып, ал Джульеттаны 16 жастағы мектеп оқушысы Анна Говорова ойнайды. Басты рөлдегі қызды біз іріктеу жұмыстарын өткізіп, көптеген үміткерлердің арасынан таңдап алдық. Ол — болашақ өмірін сахнамен байланыстырғысы келетін жас талап. Қазірден-ақ премьерадан соң көпшіліктің «Неліктен бірыңғай қазақша немесе орысша қоймадыңыз?» — деп сұрақ қоятынын біліп отырмын. Оған қатысты режиссер ретінде өз ойлағаным бар. Оны спектакльді көргендер кейін түсінеді. Бір сөзбен, мен махаббатты дін, ұлттан, тіпті тілден биік қылғым келіп тұр. Көрермен қауым барлығын әрекетке қарап түсінеді деп есептеймін. Сонымен қатар, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында классикаға айналған «Қыз Жібек», балаларға арналған «Ер Төстік» қойылымдарын жаңа бағытта сахналағымыз келеді. Таяу арада, сондай-ақ, Шекспирдің тағы бір әлемге әйгілі туындысы «Гамлетпен» ақтөбеліктерді қауыштырсақ дейміз. Жалпы, жоба-жоспарлар өте көп, — дейді Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының көркемдік жетекшісі Данияр Базарқұл.

Маусымашарға ақтөбелік өнерпаздар да атсалысып, әннен шашу шашты.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button