«Бақытты бала»БілімБасты жаңалықтар

«Бақытты бала» — бірегей жоба

Біздің облыста Елбасының тапсырмасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облысымызда бірегей «Бақытты бала» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Сол себепті де биылғы жыл облысымызда Балалар жылы деп аталды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған жобаның арқасында жыл бойы балалардың саналы тәрбие, сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалады. Қазірдің өзінде 23 ІТ класс ашылды. 177 спортойын алаңы пайдалануға берілді. 81 жетім бала қоныстойын тойлады. Оқушылардың 95 пайызы(!)  (121 243 оқушы) жазғы демалыспен  қамтылды. Дарынды, үздік 706 бала алыс және жақын шетелге, еліміздің демалыссауықтыру лагерьлеріне барып, тынығып келді.

Кәсіпкерлердің көмегімен ашылған 4 бірдей ірі жоба ФИФАның халықаралық  стандарттарына сай келетін, Қазақстанда баламасы жоқ соңғы үлгідегі футболжаттықтыру кешені, батут орталығы, еліміздің өзге өңірлерінде теңдесі жоқ, ашық аспан астындағы «Юрта парк» отбасылық демалыс саябағы және аквапарк та балаларға жасалған үлкен тарту.

Біз облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаевамен «Бақытты бала» жобасы аясында тындырылған, жоспарланған жұмыстар туралы әңгімелескен едік.

 8 БАҒЫТ — АУҚЫМДЫ ІС

Облыс әкімі Бердібек Машбекұлының тікелей қолдауымен біздің облыста балалар үшін кең ауқымды жоба жүзеге асырылып жатыр. Сол себепті, бұл жоба бірегейлігімен ерекшеленеді.

Ұлттың табыстылығы адами капиталдың сапасымен өлшенеді.  Ал адами капиталдың алғашқы баспалдағы —  балаға қамқорлық жасау, оның білім алуына қолдау көрсету. Балаларды дамыту үшін барлық жағдайды жасауға бағытталған Ақтөбенің моделі  8 топтама, яғни 8 бағыт бойынша іске асырылып жатыр, — дейді Ләззат Оразбаева.

 

Бірінші бағыт — балалардың IT әлемі. Басты мақсат — мектептер мен балабақшаларды интерактивті құралдармен жабдықтау.

Екінші бағыт — сандық сауаттылық-мүмкіндіктер қалыптамасы.

Үшінші бағыт — кедергісіз білім. Мақсат — мүмкіндігі шектеулі балаларға қолайлы жағдай жасау.

Төртінші бағыт — салауатты болашақ.

Бесінші бағыттың атауы —  «Жарқын балалық шақ».

Алтыншы бағыт — қосымша білім беруді дамыту.

Жетінші бағыт — «Жақсылық жасауға асығыңыз» деп аталады.  Мақсат — жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қолдау көрсету.

Сегізінші бағыт — «Мектеп-Отбасы-Қоғам» атты бірлестіктің жұмысын жандандыруды мақсат етіп  отыр. Сондай-ақ, бұл бағыт балаларды отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге бағытталған.

Аталған жобаның басты ерекшеліктеріне тоқталайын.

Біріншіден, жоба арқылы ел ертеңі — жас ұрпақтың әлеуетін көтеру, «Мәңгілік елдің» болашағын қалыптастыру көзделіп отыр. 

Екіншіден,  отбасы мен балаға қолдау көрсететін  Білім және ғылым министрлігі, халықаралық ұйымдар  мен қайырымдылық қорлары, атап айтқанда, Біріккен Ұлттар Ұйымының даму Бағдарламасы (БҰҰДБ), БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ), «Балаға мейірімді қала» қоғамдық бірлестігі, «Асыл бала» республикалық қауымдастығы, SAMRUK KAZYNA TRUST, «Мейірімділік» ерікті қоғамының қоғамдық қоры, «Бауыржан» қайырымдылық қоры, «Зерде» ұлттық инфокоммуникациялық холдингімен  өзара іс-қимыл жасау, ортақ мақсатқа жұмылдыру арқылы жүзеге асырылып жатыр, — дейді басқарма басшысы.

Білім

БАЛАЛАР ЖӘНЕ ІТ ӘЛЕМ 

Облыс мектептерінде 3D модельдеу, сәулет, дизайн, анимация, web-сайт құру бағдарламалары бойынша білім беретін 23 ІТ класс ашылды. Оның 8-і Ақтөбе қаласында, 14-і аудандарда пайдалануға берілді. Сондай-ақ, облыс мектептері 24  3D принтер,  27  робототехникасы және  28 ультрақысқафокусты проектормен  жабдықталды.

  • Бұл мақсаттағы жұмыстар үшін облыстық бюджеттен 68 миллион теңге бөлінген болатын. Сонымен қатар Алға, Байғанин, Қарғалы, Қобда аудандарында аталған жабдықтар демеушілердің көмегімен алынды. Мысалы, бұл 4 ауданда жалпы құны 2 миллион теңгеге бағаланған робототехника сатып алынды, — дейді Ләззат Аманжолқызы.

Облыстағы 363 мұғалім робототехника бойынша біліктілікті арттыру курсынан өтті. Қазір мектептердің жанынан роботехника үйірмелері ашылып жатыр.

ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ЕРЕКШЕ МЕХАНИЗМ

  • Біздің облыста мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдаудың ерекше механизмі қалыптасты. Жобаның үшінші бағыты — кедергісіз білімді жүзеге асырудың оң нәтижесі — Елбасының: «Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуы керек» деген тапсырмасының тиянақты орындалуының көрінісі, — дейді басқарма басшысы.

Облыста алғаш рет сөйлеу қабілеті бұзылған, психикалық дамуы тежелген,  эмоциялық-ерік аясының қалыптасу тежелісі бар, ойлау қабілеті бұзылған, Дауна синдромымен ауыратын, тірек-қозғалыс аппаратының қызметі бұзылған балалар үшін «Нектар» арнайы (түзету) балабақшасы ашылды.

Сондай-ақ, Қазақстан түгілі, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері арасында баламасы жоқ «Күншуақ» сауықтыру инклюзивті балалар лагері еңсе тіктеді. Мұнда мүмкіндігі шектеулі, ерекше балалар тынығатын болады. Бұл лагерь жыл бойы 6 ауысымда жұмыс жасайды. 600  ерекше баланы  қамтиды.

№2 қалалық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация да жоба аясында пайдалануға берілді. Облыстағы 34 мектепте пандус салынып жатыр.

Облыстағы  ерекше білімді қажет ететін барлық балалар және инклюзивті білім беру енгізілген білім мекемелері 588 сенсорлы үйшікпен қамтамасыз етілді.

«Сенсорлы үйшік» —  дидактикалық құралы Монтессори бөлмесінің  шағын баламасы. Яғни, мұнда балалардың дамуына арналған бірнеше әдіс-тәсіл жинақталған. Мұны ата-аналардың өздері сатып алса, қымбатқа шығады.

81 ЖЕТІМ БАЛАНЫҢ БАСПАНАСЫ БАР

Жетім, ата-ана қаморлығынсыз қалған балаларға да «Бақытты бала» жобасының шарапаты тиіп жатыр. Облыстағы 81 жетім бала баспаналы болды.

  • Ақтөбе қаласы әкімдігінен жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 10 бала кезек ретімен, 13 бала «Қазақстанның ипотекалық компаниясы», 2 бала «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы баспанаға ие болды. Сондай-ақ, Хромтау мен Қобдада бір-бір баладан, Қарғалы ауданында — 3, Мұғалжар ауданында 35 жетім бала қоныстойын тойлады, — дейді Ләззат Аманжолқызы.

Оның айтуынша, жетім, ата-ана қаморлығынсыз қалған 983 баланың есепшоттары 79 846 125 теңгеге толықтырылған. 180 әлеуметтік жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі, жетім балаға шәкіртақы тағайындалды.

ДЕМАЛЫС ЖӘНЕ САЯХАТ

Жоба аясында  дарынды, үздік 706 бала алыс және жақын шетелге, еліміздің демалыс-сауықтыру лагерьлеріне барды. Мысалы, 400 бала Шығыс Қазақстан облысындағы «Дарын», 100 оқушы Орынбор облысының «Солнечная страна», 5 оқушы Татарстандағы робототехниканы тереңдетіп меңгертетін «Байтик» лагерінде болды. Тағы да   5 оқушы Қытайға жіберіліп, 112 бала  «Балдәурен» оқу-сауықтыру лагерінде тынықты.

  • Өзбекстанның Қазақстандағы жылы аясында және «Бақытты бала» жобасын іске асыру мақсатында біздің облыстың балалары Ташкент және Самарқанд қалаларына саяхат жасап келді. Балалар өзбектердің рухани бай мұрасымен танысты. Бұл елдегі тарихи-мәдени ескерткіштерді өз көздерімен көріп, тарихтан сыр шертетін көптеген ғиамараттарды аралады.

«Бақытты бала» жобасы аясында жоспарланған көп жұмыс артығымен орындалды, — дейді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, биыл оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру үшін жергілікті бюджеттен 282 миллион теңге қаражат бөлінген.  Жазғы демалысты ұйымдастыру бойынша жұмыстар негізінен сауықтыру және еңбекпен қамту бағыттарында жүргізілді. Сауықтыру бойынша 118 мың оқушының орнына жалпы саны 121 243 бала демалды, ал еңбекпен 114 850 оқушы қамтылды.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында республиканың және облыстың киелі жерлеріне 11 мыңнан астам бала саяхаттап қайтты.

Айта кету керек, жоба аясында қазан айында  жыл бойы жұмыс жасайтын «Бақытты бала» лагерін ашу жоспарланып отыр. Яғни, 300 орындық мектеп пен оқушыларға жабдықталған жатын корпусы пайдалануға беріледі.

Спорт

177 СПОРТ-ОЙЫН АЛАҢЫ АШЫЛДЫ

Жоба аясында спорт саласында да бірнеше ойын алаңдары ел игілігі үшін пайдалануға берілді. Нақтырақ айтсақ, көпфункционалды 46 спорт алаңы, 52 воркаут, 52 ойын алаңы, 27 хоккей корты, барлығы 177 спорт-ойын алаңы іске қосылды.

Облыс орталығында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бірегей спорт кешені пайдалануға берілді. Жалпы көлемі 8 мың шаршы метр болатын орталықта 5 футбол алаңы бар.

Елімізде баламасы жоқ  «Yurta park» отбасылық демалыс саябағы ашылды. Саябақтың жалпы көлемі — 3,5 гектар. Мұнда мәдени, ойын-сауық және спорттық сауықтыру алаңдары бар.

Сондай-ақ, батут орталығы мен аквапарк та балаларға жасалған үлкен сыйлық.

Ойыл ауданының Саралжын селолық округінде «Бастау» аула клубы ашылды. Клуб «Робототехника», «Өлкетану», «Футбол», «Өнер» бағыттарында 60 оқушыны қамтиды.

Денсаулық сақтау

ШЕТЕЛДЕ КҮРДЕЛІ ОТАЛАР ЖАСАЛДЫ

Жоба аясында денсаулық сақтау саласында да бірнеше ғимараттар салынып жатыр. Мысалы, «Батыс-2» шағын ауданында мемлекеттік–жекеменшік әріптестік аясында жалпы аумағы 3277,6 шаршы метр болатын стоматологиялық орталықтың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл емхана тәулігіне 300 баланы қамтуға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге, сал ауруына шалдыққан балаларға арналған оңалту орталығының, медициналық кластер жанындағы онкогематологиялық балалар корпусының, облыстық периниталдық орталықтың құрылыстары жүргізілуде.

Ақтөбе қаласында 6 жасқа дейінгі балалар үшін 54 педиатриялық учаскелер ашылды.

Жобаның арқасында бірнеше бала шетелде емделуге мүмкіндік алды және Ақтөбеге келген шетелдік білікті дәрігерлердің қабылдауында болып, емделді.

  • Мысалы, ақтөбелік балалар Орынбор облысының офтальмолог дәрігері Алексей Горбуновтың қабылдауында болып, диагностикадан өтті. 7 баланың көзіне  ота жасалды.

Шетелдік мамандар Қазақстанда жасалмайтын оталарды өз елдерінде тегін жасау үшін іріктеу жүргізді. Мәселен, Түркия мамандары сүт бездерінің патологиясы бар 2 қыз балаға ота жасады. Тағы 3 балаға Анкарада қабылдаушы тараптың есебінен ота жасау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, орталық жүйке жүйесінің туа біткен патологиясы бар бала Оңтүстік Кореяға ем алуға жіберілді. 

Жыл басынан бері қайырымдылық ұйымдардың қаржыландыруының арқасында күрделі оталарға мұқтаж балаларды сауықтыру мақсатында бірнеше меморандумға қол қойылған болатын. Соның арқасында біраз бала  Оңтүстік Кореяда ем қабылдауда. Мысалы, сал ауруына шалдыққан баланы Сеул қаласына тегін оңалту үшін жібердік. Сондай-ақ, туа біткен жүрек ақауы бойынша бір балаға Оңтүстік Кореяда ота жасалды. Омыртқа жотасы қисайған,  нейрохирургиялық патологиясы бар   балаларға да ота жасалды, — дейді басқарма басшысы.

Корея дәрігері мойын және кеуде омыртқасы дамуының туа біткен ақауы, мойын және кеуде омыртқасының сколиозы, аяқтың құрамдас ақауы, майтабан, гипоплазия және оң жіліншіктің қысқалығы, бас ми мен жұлынның орталық жүйке жүйесінің туа біткен дамуындағы кеуде қуысының деформациясы сияқты күрделі диагнозы бар диспансерлік есепте тұрған 90 баланы  қабылдап, кеңес берген.

Ал оңтүстік кореялық профессор Чанг Хенг Сюк үш күн бойы эндокринология бойынша науқас балаларды тегін қарады.

«Аяла» қорының қолдауымен Пусан ұлттық университетінің мамандары тірек-қимыл жүйесі бұзылған балаларды қабылдап, ем жасады.

Мәдениет

АЛҒАШ РЕТ КИНО ФЕСТИВАЛІ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Ақтөбеде алғаш рет «KIDS СINEMA WORLD» балалар киносының фестиваль–байқауы ұйымдастырылды. Фестивальға  арнайы шақырылған «Нысана» театрының директоры, актер Әбдунасыр Серіков, актер Жан Байжанбаев, режиссер Марат Телеуов, Асқар Бисембин,  вайнер Нағима Ахметова қазылық етті. 5 бағыт бойынша өткізілген шараға 95 бала қатысуға өтінім білдірген болатын. Олардың 31-і жүлдегер атанды.  Жеңімпаздар фестивальдің арнайы статуэткасымен, қаржылық сертификаттарымен марапатталды. Жүлделі орындарды иеленген   4 балаға 850 000 теңге (Бас жүлде — 500 000 теңге, 1-орын — 200 000 теңге, 2-орын —100 000 теңге, 3-орын — 50 000 теңге) жүлде қоры табысталды. Фестиваль қорытындысы бойынша өнер жұлдыздары тарапынан байқауды жылма-жыл дәстүрлі түрде өткізу, облыс брендіне айналдыру туралы ұсыныс түсті.

Айта кету керек, байқауға шақырылған қонақтар «Продюссерлік және актерлік шеберлік», «Режиссура», «Блоггинг» бойынша шеберлік кластарын өткізіп, нәтижесінде 100-ден астам балаға  сертификаттар табысталды.

Жоба аясында белгілі өнер иелері Лилия Калаус пен Әлібек Койлакаевтың жетекшілігімен сурет пен сөз өнерінен 5 күндік шеберлік класы өткізілді. Сонымен қатар Әлібек Койлакаевтың «Түркі әлемі» атты сурет көрмесі ұйымдастырылды.

P.S.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен қолға алынған «Бақытты бала» жобасы аясында жүзеге асырылған ізгі істер — Балалар жылындағы жас ұрпаққа арналған үлкен тарту. Игі істердің бастауында болған біздің облыстың тың жобасы бұл жолы да өзге өңірлерге үлгі.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button