Мәдениет

Ақын оқырмандарымен кездесті

Сейсенбі күні Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Жұбановтар әлемі» орталығында ақын, публицист, ҚР Мәдениет қайраткері Мырзан Кенжебайдың шығармашылық кеші өтті.

Оған облыстағы зиялы қауым өкілдері, ақынның достары және оқырмандар қатысты.

Ақын Мырзан Кенжебайдың өлеңдері «Мерейлі мекен» ұжымдық жинағына еніп, одан бері «Жоғалған өлең», «Жазым өтіп барады» сияқты жыр жинақтары қалың оқырманға жол тартқан болатын. Биыл ақынның «Өттің, дүние» атты кітабы жарық көрді.

Шараны жүргізген ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Ақтөбе облыстық филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы кеш қонағының ақтөбеліктермен жиі жүздесетінін, өткен жылы Шалқар ауданында, күні кеше Мұғалжар ауданының орталығында оқырмандармен кездескенін жеткізді.

Кеште ақын Мырзан Кенжебай өзінің өміріндегі қызықты сәттер, өлеңдерінің тарихы туралы айта келіп, жастарды кітап, өлең оқуға шақырды.

Ақтөбе өңірі маған өте ыстық. Себебі мен Қызылорда облысы Арал ауданына қарасты Құланды ауылында дүниеге келгеніммен, Шалқар ауданында оқып, мектеп бітірдім, сол жерден үлкен өмірге аттандым. Осылайша Шалқардан Алматыға арман қуып, оқуға түстім. Біз кітапты көп оқыдық, әлі де оқимыз. Өкінішке қарай, қазір жастар кітап оқымайды. Орыстың ұлы жазушысы Максим Горькийдің: «Кітап оқымайтын адам ойлануды қойған адам», — деген сөзі бар. Сол сияқты бүгінгі күні дүниежүзінде Жапониядан басқа елдерде кітап оқу қалып барады. Сондықтан бүгінгі шараға келген оқырмандарымды кітап оқуға, поэзияны сүюге шақырамын, — деді ол.

Кеште Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі сықақшы Төрежан Мәндібай бастаған зиялы қауым өкілдері мен ақынның достары жылы лебіздерін білдіріп, шығармашылығына табыс тілесе, кеш кейіпкері оқырмандарға арнап «Шалқар», «Құланды — темірқазығым», «Бродвей», «Мұстафа Өзтүрікті жоқтау» сияқты өлеңдерін оқып берді.

Кеш барысында жастар ақынның шығармашылығымен қоса, отбасы жайлы, қоғамдағы, әдебиеттегі бүгінгі мәселелер туралы сұрап, тұшымды жауаптар алды. Ақын мен оқырман арасындағы пікірлер кештің көрігін қыздырды. Сондай-ақ шарада бір топ жас ақынның өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқыды.

Түстен кейін ақын «Анаға тағзым» орталығында мектеп оқушыларымен кездесті. Басқосуда Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханова ақынға шығармашылық табыстар тілеп, кеш кейіпкерінің «Анаға тағзым» орталығының алғашқы қонағы екенін атап өтті.

Шарада оқушылар ақынның өлеңдерін оқып, өз сауалдарын қойды.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button