Басты жаңалықтарСпорт

Облыста теннис спорты қалай дамуда?

2009 жылы Ақтөбедегі теннис сүйер қауым үшін көптен күткен қуанышты оқиға болды. Біздің қалада әлемдік стандарттарға сай келетін алғашқы теннис кешені ашылды. Зәулім спорт ғимаратын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ашты. Осы уақыттан бастап өңірдегі теннис спорты жоғары дәрежеде дамып келеді. Бүгінгі таңда аталған спорт мектебінде 500 жас теннистің қыр-сырын үйреніп жүр. Ал биыл қазан айында қаладағы Батыс-2 ауданында тағы бір теннис орталығы ашылмақ.

Спорт мектебіне 500 жасөспірім келеді

Кірпішті ауданында орналасқан облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі — Ақтөбе қаласындағы ең ірі спорт орталықтарының бірі. Үш гектар аумақта алып жатқан кешенде төрт жабық және алты ашық теннис корты, екі қабатты бас корпуста 250 көрермен тамашалауға арналған мінбер, екі жаттығу залы және оқу-әдістемелік сыныптар бар.

Аталған спорт мектебінің директоры Раушан Мантееваның айтуынша, жыл сайын теннис спортына қызығатын балалар мен жасөспірімдердің саны артып келеді.

— Бүгінде мектепте теннистен 10 жаттықтырушы сабақ береді. Спорт орталығы ашылған сәтте Борис Баранов және Шымкент қаласынан келген Борис Квак сынды тәжірибелі мамандар жұмыс істеді. Біздің орталыққа танымал қазақстандық теннисші Ярослава Шведова келіп, шеберлік сағатын өткізді. Бастапқы кезде 106 бала болса, қазір тениис сүйер жастардың қатары жылдан-жылға көбейіп  келеді, — дейді спорт мектебінің директоры Раушан Мантеева.

Қазір бір оқушы Қазақстанның жасөспірімдер ұлттық құрамасының сапында. Спорт шеберлігінен үміткер онға жуық спортшы бар. Бүгінде 500 бала спорттың осы түрін таңдап отыр.

Раушан Мантееваның айтуынша, теннис спортын дамыту бағыттары бүгінде балабақшалар мен мектептерде де жақсы жолға қойылған. Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен білім беру мекемелеріндегі дене шынықтыру пәнінің мұғалімдерімен курстар жүргізілді. Қазір 15 мектепке дейінгі мекемеде 272 бала шағын теннистен сабақ алады.

Ақтөбедегі теннистен облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебіндегі үйірме тегін жүргізіледі. Кіші топтар аптасына 3 рет, ал жоғары топтар аптасына 5 рет жаттығумен айналысады.

— Біздің басты мақсатымыз — өңірдегі теннис спортын дамытып, халықаралық дәрежедегі жарыстарға спортшылар даярлау. Ол үшін балаларға жаттығумен айналасуға барлық жағдай қарастырылған, — дейді спорт мектебінің директоры.  

Жас жүлдегерлер

Аталған спорт мектебі бүгінде теннистен Қазақстанның екі мәрте чемпионы Даниял Тасқали, бес мәрте Азия ойындарының жеңімпазы, теннистен ел құрамасының мүшесі Александр Черномаз, спорт шеберлігіне кандидат Артур Хайрутдинов сынды бірнеше чемпион, жүлдегерлерімен мақтанады.

Солардың бірі — 13 жастағы Александр Черномаз Ақтөбе қаласындағы №2 мектеп-гимназияның оқушысы. Әлемнің көптеген елдерінде болып, жетістіктерге қол жеткізген спортшы өз болашағын осы саламен байланыстырады.

—  Алғаш тенниске 6 жасымда келдім. Бала күнімнен теннис спорты мені ерекше қызықтырды. Теннис адамның ойлау қабілетін дамытып, бұлшық еттерді шынықтырады. Ең алдымен, физикалық дайындық мықты болу керек деп ойлаймын.

Биыл Ақтөбеде өткен екі турнирде жеңімпаз атандым. 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Қазақстан құрамасында болып, әлемнің Тайланд, Корея, Филиппин, Малайзия сияқты басқа да көптеген елдерінде өткен теннис жарыстарына қатыстым, — дейді А.Черномаз.

Әрине, спортшының жеткен жетістігі бірінші кезекте жаттықтырушының еңбегі екені сөзсіз. Аталған орталықта  бұл спорттың қыр-сырын теннистен облыстың аға жаттықтырушысы Сергей Квак үйретеді. Тәжірибелі маман балалардың тенниске деген құлшынысы жоғары екенін айтады.

Сегіз жылдан бері осы спорт мектебінде шәкірттер даярлап келемін.

Тенниске барған балалардың жеңіске деген күш-жігері артады. Адамның сүйектерін нығайтып, қан айналым жүйесін жақсартады.

Жалпы, оқу процесі қызықты. Мектепке әсіресе, 10-12 жас аралығында балалар көп келеді. Бір қуантатыны, бүгінде теннис спорты балабақшалар мен мектептерде де жақсы дамып келеді. Бұл бағытта облыстық теннис федерациясы зор көмек көрсетіп отыр.

Біздің спорт мектебі қала сыртында орналасқандықтан, балаларға қатынау қиын. Соған қарамастан балалардың ата-аналары қолдау білдіріп, жаттығуға алып келеді.

Қазіргі таңда Өскемен қаласында өтетін 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында өтетін жарысқа қызу дайындалып жатырмыз,  — дейді Сергей Квак.

Теннистен жаттығу сабақтары кіші топтар үшін аптасына үш рет бір жарым сағаттан, жоғары топтарға күн сайын үш сағаттан жүргізіледі.  Балалардың жастарына қарай жыл сайын жаттығу жұмыстары ұлғая түседі.

ДЕРЕКТЕР

Қазіргі күнге дейін үлкен теннисті  кім ойлап тапқаны белгісіз. Бірақ кейбір нұсқалар бойынша британдық майор Уолтер Уинфилд қонақтарының көңілін сергіту үшін ойлап тапқан деген деректер бар. Ал 1873 жылы ең алғашқы ережесі жарияланған.
Басқа спорт түрлерімен салыстырғанда теннисте жарақат алу сирек кездеседі.

Британдық ғалымдардың айтуынша, тенниспен айналысатын балалардың үлкен жаста сүйек сыну қаупі әлдеқайда төмен болып келеді. Мысалы, осы балаларда білек сындыру 40 пайыз аз, ал жалпы жарақат алу қаупі 63%-ға төмен.
Теннис ойынының шапшаң шешім қабылдауға септігі мол. Оған қоса ойыншылар  жұптасып ойнаса, жауапкершілікке және командада жұмыс істеуге үйренеді.

Мысалы, кәсіпқой теннис ойыншыларының соққысы допты  200 км/сағ  жылдамдықпен ұшырады, сондықтан олар шапшаң шешім қабылдауы керек.

БАТЫС-2 АУДАНЫНДА ЖАҢА ОРТАЛЫҚ АШЫЛМАҚ

Енді болашақ чемпиондарға тенниспен шұғылдануға одан әрі зор мүмкіндік берілмек. Биыл қазан айында қаладағы Батыс-2 шағын ауданынан жаңа теннис орталығы ашылмақ. Қазір құрылыс жұмыстары аяқталып қалды. Жаңа теннис орталығында бірнеше бағытта жұмыстар жүргізіледі. Олар  — теннис спорты мектебін құру, спорттық жарыстар ұйымдастыру, дене шынықтыру және спорт басқармасы ұсынған ақысыз топтарда жыл сайын теннис сабақтарын өткізу.

Мемлекет пен жекеменшік әріптестігі бизнес-жоспарын «Бонус Корпорэйшн» серіктестігі әзірледі. Жаңа кешеннің алаңында 4 ашық теннис корты болмақ. Сондай-ақ жарысқа келген спортшыларға арналған арнайы қонақүйі де жұмыс істейтін болады.

Мұндай барлық талапқа сай спорт орталығында жаттығатын жас спортшыларымыздың жеңіске деген жігері еселей түсетіндігіне сенім мол.

                                                                                                          Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button