Ауыл

«Парасаттың» қарбызы

Күз келісімен ауылдағы шаруалар жаздай баптап, өсірген көкөніс, жеміс-жидегін жинап, алған өнімін сатады. Ырғыз ауданы Нұра ауылындағы «Парасат» шаруа қожалығы биыл алғаш рет қауын-қарбыз егіп, 80 тоннаға жуық өнім жинапты.

Шаруашылық басшысы Самғат Әбеновтің айтуынша, «Парасат» шаруа қожалығы осыдан үш жыл бұрын құрылған. Ағайынды Әбеновтер ірі қара өсірумен қатар биыл бау-бақша егуді қолға алыпты. Ауыл маңындағы Уәли қыстауынан жер алып, 3,5 гектарға қауын-қарбыз, қияр, қызанақ, тәтті бұрыш, картоп еккен.

— Биыл қауын-қарбызды бірінші жыл еккенімізбен, жақсы өнім алдық. Жер құнарлы болғандықтан, бақша өнімдерін күтіп-баптауда қиындықтар болмады. Сол еңбегіміздің жемісін көріп, алған өнімдерімізді сауда орындарына тапсырдық. Облыс орталығында Ырғыз ауданы күндері аясында өткен ауылшаруашылық жәрмеңкесінде 4 тонна қарбыз саттық. Ауылдың дәмін қала тұрғындары қызығушылықпен алып жатты. Алдағы уақытта жер көлемін ұлғайтып, қауын-қарбызды биылғы жылдан көбірек еккіміз келеді. Жоспар көп, сондықтан келер жылы көп еңбектену керек, — дейді шаруа.

Оның айтуынша, соңғы жылдары Нұра ауылдық округінде бақша өсірумен айналысатын тұрғындардың саны артқан. Бұрын ауданға қауын-қарбыз Қызылорда, Жамбыл облыстарынан келсе, қазір жергілікті шаруалардың өнімдерін алушылар көп.

  • Бау-бақшаға суды Торғай өзенінен сорғымен тартып, суарамыз. Биыл жаздай өсімдіктерді күтіп-баптау, арамшөбін отау, өнімді жинау, басқа да жұмыстарды отбасымызбен атқардық. Қазір қысқа мал азығын, отын жинау жұмыстарын жасап жатырмыз. Келер жылға жерді тазартып, дайындаймыз, — дейді Самғат Әбенов.

Айта кету керек, бүгінгі күні Нұра ауылында 100-ге тарта түтін бар. Ал округ бойынша 23 шаруа қожалығы, 16 кәсіпкерлік нысаны тіркелген. Кәсіпкерлердің дені балық аулаумен айналысады.

Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button