Басты жаңалықтар

Енді Әлия Молдағұлова атындағы көпір бар!

Ақтөбеліктер көптен күткен қуаныш: 5-шағын аудандағы көпір мен оның астындағы тоннель, төрт жолақты екі айналма жол ашылды. Бұдан былай темір тұлпармен жүретіндер Тургенев көшесінен келе жатып, көпірге шықпай-ақ, айналма жолдан өтіп, тоннельмен Ғазиза Жұбанова атындағы жолға қарай бірден шыға алады.

Үлкен айналма жолдың салтанатты ашылуына облыс, қала басшылығы, ардагерлер, жастар, қала тұрғындары қатысты. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев тұрғындарды бұл игі жаңалықпен құттықтады:

—  Көпірдің жол қозғалысы үшін маңызды екендігі белгілі. Тұрғындардың сұранысын ескере отырып, осыдан бес ай бұрын осы жерде құрылыс жұмыстарын бастаған едік. Міне, сол құрылыс аяқталып, халық игілігіне беріп отырмыз. Бұл көпір — астында қаланың екі аумағын, яғни Астана мен Алматы аудандарын қосатын жолдары, айналма жолдары бар бірінші көпір болғалы тұр. Бұл көпір батыр Әлия Молдағұлованың атымен аталатын болады.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сай, Ақтөбе еліміздегі миллион тұрғыны бар төртінші ірі агломерациялық орталық болады. Сондықтан қаламызда осындай игі істер жасалуы тиіс. Алдағы айда жолаушыларға арналған екі жолүсті өткелдері ашылады, бұл жұмыстар одан әрі жалғаса береді, — деді Бердібек Сапарбаев.

Екі айналма жол мен жарықтандырылатын жерасты жолын қамтитын «Тургенев көшесінен Жұбанова көшесіне дейінгі аралықты ұзарту» жобасының жалпы құны — 1 млрд 232 млн теңге. Құрылыс жұмыстарын жүзеге асырған мердігер компания — астаналық «Прогресс KZ» ЖШС. Аталған серіктестік басшысы Бекзат Мусеевтің айтуынша, екі жылға арналған жобаның негізгі жұмыстары аяқталды.

— Бұл өте күрделі құрылыс болды. Жұмысты маусым айында бастадық, көпірге қатысты жұмыстарды 2 ай 20 күнде аяқтадық. Көпір жабылған уақытта шыдамдылықпен күте білген ақтөбеліктерге, қолдау көрсеткен жергілікті әкімдікке, барша жұмысшыларға алғысымды білдіремін, — дейді ол.

Б.Мусеевтің айтуынша, жоба аясында отыз жылдан астам уақыт бойы ауыстырылмаған коммуналдық, соның ішінде жылумен, сумен қамту, байланыс желілері жаңартылған, электр желілері жүргізіліп, аумақ жарықтандырылған. Алдағы уақытта төселген жолдар мен адамдар жүретін жолды абаттандыру, айналасын жарықтандыру жұмыстары жалғастырылады.

Жол өткелінің салтанатты ашылуына ардагерлер де келді. Соның бірі — жол құрылысы саласында ұзақ жылдар жұмыс істеген осы сала ардагері Бағлан Баймағамбетов.

—  Бұл көпір 1974 жылы салынған. Осы көпірдің астынан тоннель салып, екі айналма жол құрылысын жүргізу өте маңызды жоба болып отыр. Бұл жол өткелінің ашылуымен қаладағы көлік тығыны біршама азаяды. Бұрынғы көпірмен салыстырғанда бұл жерде көлік нөпірі кемінде 15-20 пайызға артады. Себебі осы жол өткелі арқылы төрт бағытқа қарай еркін қозғалуға болады, — дейді ол.

Тұрғындарды Ақтөбе қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахат Мырзалин де құттықтады.

«Бұрын қалада 300 мыңдай тұрғын болса, бүгінде 500 мыңнан асып отыр. Көлік саны 250 мыңнан көп. Сондықтан бұл жерде жолды кеңейту нағыз дер кезінде қолға алынды», — дейді ол.

Қала жолдарын кеңейту, көлік қозғалысы үшін жайлылықты арттыру мақсатында биыл бірнеше жоба жүзеге асырылған болатын. Бұл — сол жобалардың ең ірісі. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жетекшісі Руслан Төреғалидің айтуынша, жоба бойынша жұмыстардың әзірге 80 пайызы аяқталды.

— Жұмыс жалғаса береді. Жаяу жүргіншілер жолдарын, асфальт жамылғысының екінші қабатын салу жұмыстары жүргізіледі. Қала аумағындағы кептелістің көп болуына байланысты көпір өткелін және астындағы тоннель мен толықтай екі айналма жолды ашып отырмыз, — дейді Р.Төреғали. Оның айтуынша, 2019 жылдың тамызына дейін жоба аясындағы жұмыстар толығымен аяқталуы тиіс.

Ә.Молдағұлова даңғылының бойында жақында жолаушыларға арналған жолүсті өткелдері ашылады. Оған қоса Әлия даңғылынан басталып, Әбілқайыр хан даңғылы бойынан облыстық әкімдікке дейін, одан әрі Абай бульварына қарай жалғасатын бірінші жаяужол аймағы болады.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев көпірдің ашылуына қатысқаннан кейін Ақтөбенің Арбатының ашылуына барды. Шара барысында мүсінші Ерік Жауынбаевтың авторлығымен салынған ерекше субұрқақ салтанатты түрде халық игілігіне берілді. Жоба бойынша  30 мың шаршы метрді алып жатқан алғашқы жаяу жол аймағында авторлық архитектуралық формалар, орындықтар, балалардың ойын және спорт алаңшалары, суретшілер аллеясы, әмбебап павильондар, әткеншектер, тамақтану орындары, т.б. болады.

 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button