Жаңалықтар

Қарғалы: күздегі өзгерістер

Әкімдер ауысты, міндет ше?

Облыс басшысы Бердібек Сапарбаев Қарғалы ауданына жұмыс сапары кезінде аудан активіне жаңа әкімді таныстырды. ҚР Президенті әкімшілігінің келісімімен және аудандық мәслихат депутаттарының қолдауымен аудан әкімі болып Асқар Жүсібалиев тағайындалды.

Бұған дейін ауданды басқарып келген Рахат Сыдықов енді облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы қызметін атқармақшы.

Асқар Жүсібалиев бұрын Қобда, Темір аудандарына басшылық жасады.

Облыс басшысы ауданының жаңа әкімі алдына бірқатар міндеттер белгіледі.

— Ең бастысы — экономика мен аудан тұрғындарының әл-ауқатының өсуін қамтамасыз ету. Бұл ретте кәсіпкерлікті кеңінен дамыту қажет. Ауыл шаруашылығын — егіншілік пен мал шаруашылықтарын дамытуды жалғастыру, дәстүрлі емес шаруашылықтарды кеңінен қамту маңызды. Қарғалы ауданы Ақтөбемен шекаралас басқа аудандар секілді облыс орталығын етпен, сүтпен және басқа да азық-түлікпен толықтай қамтамасыз ету керек. Бұл үшін суармалы алқаптардың мүмкіндігін пайдалану әлі де жеткіліксіз, — деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Сондай-ақ жол бойындағы қызмет көрсетулерді дамыту және Ресей Федерациясының шекаралас аудандармен көршілік қарым-қатынасты кеңінен дамыту да күн тәртібінде тұрмақшы. Ауданда туризмді дамытудың да мүмкіндіктері мол.

Облыс басшысы ауданда пайдалы қазбаларды өндірудің, мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің жұмысы нашар екенін сынға алды. «Туған жерге тағзым» жобасының жеткілікті жұмыс істемей отырғанын да тілге тиек етті. Сонымен бірге жеке тұрғын үй салу ісіне қатысты Шәмші ауылында барлық инфрақұрылымдар жұмысы жүргізілгенімен, бөлінген жерге үй салынбай отырғанына көпшілік назарын аударды.

Жиын соңында Бердібек Сапарбаев Рахат Сыдықовқа атқарған жұмысы үшін алғыс айтып, жаңа қызметіне табыс тіледі.

Ел қорғауға дайын бол!

Жастардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру, оларды Отан қорғауға әзірлеу — бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Осы ретте әскер қатарына шақыру — маңызды іс-шаралар қатарында.

Облыс басшысы ауданда болғанда Қарулы күштер қатарын жас сарбаздармен толықтыру ісіне көңіл бөлді.

Биыл «Стройком Сервис» компаниясы аудандық білім бөлімінің ғимаратын 30 миллион 600 мың теңгеге қайта жарақтандыру жұмыстары жүргізілген. Белгіленген жұмыстар аяқталған соң осы ғимараттан ауданның әскерге шақыру пунктіне қажетті деңгейде орындар бөлінген.

Аудандық қорғаныс істері бөлімінің бастығы Қасымхан Мединаев өздері жүргізіп жатқан жұмыстармен таныстырды. Оның айтуынша, биыл күзде 250 бала шақырылып, олардың ішінен 36-сы іріктеліп алынбақшы. Әскер қатарына шақырылушылар мұқият дәрігерлік тексеруден өткізіледі. Олардың арасында салмағы жетіспеушілік, жалпақ табандылық, бала кездегі сырқаттар секілді кемістіктер жиі кездеседі екен.

Жалпы алғанда жасөспірімдердің әскер қатарында қызмет етуге құлшынысы жақсы екені байқалады.

«Жетім көрсең, жебей жүр»

Халқымыз қашаннан жетімі мен жесірін далаға тастамаған. Кешегі бір күндері жетім балалар үйі көбейіп кетсе, ол осы дәстүрдің сақталмағаны. Қазір айналамызға қарап, кемтігімізді түзеуге көштік.

Облыс басшысы Бердібек Сапарбаев Петропавл ауылында жұртшылықпен кездесуінде осы ойын өрбіте келіп, балалардың қамқорлық аясынан тыс қалуына жол беруге болмайтынын айтты.

Осы бағытта атқарылып жатқан игі істердің қатарына қосылған жақсы жаңалық — осы ауылда ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналып салынған құны 25 миллион теңге тұратын үш пәтерлі үйдің пайдалануға берілуі еді.

— Біз «Бақытты бала» жобасы аясында ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың жан-жақты жетілуін, жетімдік көрмеуін қарастырудамыз. Осы мақсатта арнайы қомақты қаржы бөлінді. Сонымен бірге елдің азаматтары жанашырлық танытып, демеушілік көрсетуде.

Қазіргі уақытта үш мыңға жуық ата-анасыз бала бар. Біз осылардың барлығын назарда ұстап отырмыз. Олардың бірқатары жасөспірімдер үйіне орналастырылды. Көптеген балғындардың атына «Тұрғынүйқұрылысжинақ» банкінен есепшоттар ашылып, қаражат аударылуда. Осындай шараларды біз жалғастыра беретін боламыз, — деді облыс басшысы.

Петропавл ауылындағы үш пәтерлі үйді белгілі кәсіпкер, «Ерзат» өндірістік кооперативінің басшысы Қаржаубай Әліқұлов өз қаражатына салып берді.

— Мен Ақтөбе қаласында тұрамын, құрылыс жұмыстарымен айналысамын. Облысымызда қолға алынған «Бақытты бала» жобасына үлес қосқым келді, сондықтан осы істі атқаруға бел будым. Құрылыс жұмысын биылғы ораза айында бастадық, енді, міне, пайдалануға беріп отырмыз. Әр пәтер екі бөлмеден, ас бөлмесінен, жуынып-шайынатын бөлмеден тұрады. Газ, суы үйге келіп тұр. Ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға қолдау жасағаныма қуаныштымын, сауап үшін атқардым десем де болады, — деді кәсіпкер.

Жаңа пәтерге ие болушылардың бірі Аманғали Балғали бауыры екеуі апасының қолында өсіпті. Өзі колледжді бітірген, қазір Кеңқияқта мұнай өндіру саласында вахталық әдіспен еңбек етеді. Сонымен бірге институтта сырттай білім алуда.

Ал тағы бір қуаныш иесі Мәдина Өтепова болса, ол да колледжді тәмамдап, бүгінде Ақтөбе қаласында жұмыс істеуде. Үлкен өмірге енді қадам басқан жас қыз қиындықтарды артта қалдырғандай сезінеді, келер күндерге үміті зор.

Тағдыр Иван Довгалюктің де басынан сипай қоймаған. Кішкентай кезінде әкесі қайтыс болса, анасы тастап кеткен. Ол қазір Петропавл орта мектебінде электрик болып қызмет атқарады. Енді отбасын құрмақ ойы бар.

Облыс басшысы әр пәтер иесін қуаныштарымен құттықтап, олардың әрқайсысына 100 мың теңгенің сертификатын ұсынды.

Жаңа пәтер иелерінің қуанышына ауылдастары да ортақтасуда. Олар жастарға үй жиһаздары, басқа да керек-жарақтарын сыйға тартуда.

 «Ардағымның» балығы

Кәсіпкер Қали Исмайылов тоғанда балық өсіруді қолға алғалы біраз уақыт болды. Бұл күндері ол — шаруашылығы қалыптасқан, еңбегінің жемісін көріп жатқан белгілі кәсіп иесі. Бұл кәсіпшіліктен қазіргі уақытта алыс-жақыннан келіп, балық тұқымын алып кетушілер қатары көбейе түсуде. Сонымен бірге осында арнайы балық аулауға келушілер де аз емес.

Облыс басшысы ауданда болған сапарында кәсіпкердің тіршілік жайымен танысып, бұрыннан қалыптасып қалған шаруалармен қатар осындай дәстүрлі емес салаларды дамыту дұрыстығын айтып өтті.

Қали Исмайылов өздеріндегі бүкіл жұмыстың ғылыми негізде жүргізіліп жатқанын, оның жауапкершілігін өзінің немерелері қолға алғанын жеткізді.

Кәсіпкер сондай-ақ Атыраудағы әріптестерімен де тағыз байланыста жұмыс істейді. Тіпті Тюменьдегі салалық институттың мамандары да арнайы келіп, оның өтініші бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізген. Ресейлік ғалымдар жергілікті балықшыларға уылдырық өндіру ісіне қатысты кеңес беріп тұрады.

Кәсіпкер жергілікті тұтынушылар аясы кеңейіп келе жатқанын, осы бағыттағы жұмыстарын жүйелі жүргізе беретіндіктерін айтты.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Қарғалы ауданы.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button