Спорт

Ерік-жігерді сынаған сенімді жеңіс

Премьер-Лига

 «Ақтөбе»-«Тобыл» — 3:1

Ақтөбелік жанкүйерлер тағы да биіктен көрінді. 27-тур ойындарын еліміздің стадиондарында 19 400 адам тамашаласа, Ақтөбедегі Қобыланды батыр атындағы Орталық стадионға осының тең жартысына жуығы — 8000 жанкүйер жиналды. Ал «Ақтөбе» командасы өздеріне шын тілектес осы жанкүйерлерінің үміті мен сенімін толық ақтады.

Ойын бірден-ақ алма-кезек шабуылдармен басталды. Әрине, «Ақтөбе» жасыл алаң өзінікі болған соң, оның үстіне стадион толы жанкүйерлер толассыз демеп отырғандықтан,  еркін қимылдайтыны түсінікті жай ғой. Бірақ «Тобыл» да осал шағылатын жаңғақ емес екендігі мәлім: турнир кестесінде үшінші орында келе жатқан азулы құрам. Дегенмен алғашқы қауіпті сәтті жерлестеріміз төндірді, ал оған қостанайлықтар лайықты жауап қайтаруға тырысты, қарсы шабуылдар ұйымдастырып отырды, қысқасы, сәл қателік кешірілмейтін жағдай қалыптасты.  Осындай ойын барысында ақтөбеліктер допты қаншалықты бақылауда ұстағанымен қонақтардың мығым қорғаныс шебін бұзу оңай болмады. Расында да, он футболшы негізінен қорғаныста ойнаған шақта шепті бұзу оңайға түспейтіні онсыз да анық емес пе. Осылайша бірінші таймда гол соғылмады.

Ал екінші таймның 54-минутында тобылдық Арурас Жулпа біздің қақпашымыз бен қақпа алдында жүрген үш бірдей қорғаушымызға мықтап сан соқтырды. Сол қанаттан құйындай құлдилай  жүгіріп жеткен ол допты үш қорғаушыны қапы қалдыра, тура қақпа алдына келе қалған Бауыржан Тұрысбектің аяғына салып бере қойды. Бауыржан бар-жоғы аяғын тоса салды да, доп жібек торды бүлк еткізді — 0:1.

Дегенмен бұл голға бола жерлестеріміздің тіпті де сағы сына қойған жоқ, сол себепті қонақтардың қуанышы да көпке созылмады. Арада алты минут өтер-өтпесте «Ақтөбенің» ғана емес, чемпионаттың сұрмергені  Маркос Пиззелли есе қайырды. Айып алаңына тақау маңда жүрген ол Силва Рейналдо орта тұстан тастаған пасты қатесіз қақшып түсіп, оңтайына келтіріп алды да, өзін қоршаған төрт бірдей қорғаушыдан айласын асырып, қақпаны тура көздеді — 1:1.

Бұдан соң жанкүйерлерге тек жеңіс сыйлауды ғана мақсат тұтқан «Ақтөбе» шабуылды тіпті үдете түсті. Сондай сәттердің бірінде асып-сасқан қонақтардың қорғаушысы айып алаңының дәл іргесіне жақын келіп қалған Бағдат Қайыровты шалып құлатты. Сөйтіп, 79-минутта айып добын орындау нүктесіне Саша Марьянович келді. Сашаның аңди қарап тізіліп тұрған қорғаушылардың үстінен жойқын соққымен асыра тепкен теңбіл добы сирек кездесетін траекториямен қақпа маңдайшасынан сәл төмен түсіп, жібек торды тулатып-ақ тастады, қақпашы Дмитро Непогодов тіпті орнынан қозғала да алмай қалды — 2:1.

Жеңістің қолда тұрғанын анық сезген ақтөбеліктер енді бірыңғай қорғанысқа көшсе де аса айыпқа жығыла қоймас еді, дегенмен футболшыларымыз ондай әдісті қанағат тұта қоймады. «Тобылдың» енді қалайда тайлы-таяғымен есепті теңестіруге өршелене ұмтылатынын сезген жерлестеріміз қарсыластарды қарсы шабуылдармен және бір қапы қалдырудың қамын ойлады.  Сондай сәттердің бірінде, 93-минутта сол жақ қанатта жүрген Абат Айымбетов өзіне әріптестері тобылдықтардан тартып алып, дереу ұшындыра тастаған допты қақшып алды да, кенет қапылыста құлап бара жатып, алаңның қарсыластар бөлігінде жүрген Маркос Пиззеллиге тамаша пас тастап үлгерді. Мерген Маркос бұл жолы да мүлт кеткен жоқ — 3:1.

Осылайша «Ақтөбе» сенімді жеңіске ие болса, шабуылшымыз Маркос Пиззелли биылғы чемпионатта соққан доптарының есебін 17-ге жеткізіп, сұрмергендігін одан әрі дәлелдей түсті.

«Ақтөбе»-«Тобыл» — 3:1

Гол авторлары: Бауыржан Тұрысбек, 54-минут (0:1); Маркос Пиззелли, 60-минут (1:1); Саша Марьянович, 79-минут (2:1); Маркос Пиззелли, 90+3 минут (3:1).

Ескерту қағазын алғандар: Милан Радин, 45-минут; Дмитрий Мирошниченко,  81-минут («Ақтөбе») — Джаба Канкава, 30-минут («Тобыл»).

«Ақтөбе»: Игорь Трофимец (қақпашы), Бағдат Қайыров (Руслан Валиуллин, 80-минут), Виталий Волков, Александр Симчевич (капитан), Саят Жұмағали, Саша Марьянович, Милан Радин, Хрвое Милишевич, Силва Рейналдо (Абат Айымбетов, 88-минут), Ұлан Қонысбаев (Антон Шурыгин, 71-минут), Маркос Пиззелли.

«Тобыл»: Дмитро Непогодов (қақпашы), Дмитрий Мирошниченко, Фернандер Кассай, Ларие Йонуц, Марат Быстров (Нұрбол Жұмасқалиев, 82-минут), Артурас Жулпа, Азат Нұрғалиев (капитан), Аслан Дарабаев (Таңат Нөсербаев, 60-минут), Максим Федин, Джаба Канкава, Бауыржан Тұрысбек (Самат Жарынбетов, 66-минут).

22 қыркүйек 2018 жыл. Ақтөбе, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион. 8000 адам. 

*   *   *

Басқа ойындардың нәтижелері:

«Ордабасы»-«Ертіс» — 0:2

«Ақжайық»-«Астана» — 1:2

«Атырау»-«Қызылжар СК» — 3:2
«Қайсар»-«Шахтер» — 2:1

«Жетісу» — «Қайрат» — 1:0

*   *   *

«Ақтөбе» өз алаңымызда 13 кездесу өткізіп, 7 ойында жеңіске жетті, 4 тең ойын нәтижесі тіркелді, 2 рет ұтылды. Доп айырмашылығы — 29:15 (+14). Ұпай — 25. Сырт алаңда 13 ойын өткізіп, 3 кездесуде жеңіске жетті, 5 ойынды тең аяқтады, 5 рет ұтылды. Доп айырмашылығы — 15:19 (-4). Ұпай — 14.

Маркос Пиззелли 17 доппен чемпионат сұрмергендерінің көшін бастап келеді.

2-3 орын иелері — Адеринсола Эсеола («Қайрат») — 14 гол, Исаэль («Қайрат») — 10 гол.

ТУРНИР КЕСТЕСІ

 Команда                   О         Ж        Т         Ұт           Д       Ұп

1.Астана                   25        19        4          2          51-14      61

2.Қайрат                   25        17        3         5          49-23      54          

3.Тобыл                    26        11        7          8          28-26      40

4.Жетісу                    26        10         6         10        30-32      36

5.Ордабасы               26        10        4          12        30-39      34

6.Ақтөбе                    26        10        9          7          44-34      33

7.Қайсар                    26        7          11        8          24-26      32

8.Ақжайық                26        7          8          11        29-35      29

9.Атырау                   26        7          7          11        26-38      28

10.Шахтер                 25        5          9          11        20-29      24

11.Қызылжар СК      26        7          3          16        21-41      24

12.Ертіс                     26        6          5          15        22-37      23

 

*О — ойын, Ж — жеңіс, Т — тең, Ұт — ұтылыс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай.

*«Ақтөбе» командасынан ФИФА шешімімен 6 ұпай шегерілгенін еске саламыз.   

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Маркос Пиззелли — 17 гол (3 доп пенальтиден соғылды);

Сильва Рейналдо — 5;

Милан Радин — 4;

Асланбек Кәкімов — 3 (2);

Саша Марьянович — 3;

Бағдат Қайыров —2;

Александр Симчевич — 2;

Жамбыл Көкеев — 2;

Хрвое Милишевич — 1;

Абат Айымбетов — 1;

Жан-Эд Морис — 1;

Руслан Валиуллин — 1.

2 допты қарсыластар өз қақпасына соғып алды: Шелдон Бато («Қайрат»), Олег Хромцов («Жетісу»).

*   *   *

25-тур ойындары 26 қыркүйек, сәрсенбі күні өтеді.

Бұл турда «Ақтөбе» өз алаңымызда Павлодардың «Ертіс» командасын қабылдайды.

17 наурызда Павлодарда өткен 2-тур ойынында бұл командадан 1:2 есебімен ұтылып, Ақтөбеде 27 мамырда өткен 12-тур кездесуінде тең ойнаған (1:1) болатынбыз.

Басқа кездесулер:

«Жетісу» (Талдықорған) — «Ордабасы» (Шымкент)
«Ақжайық» (Орал) — «Тобыл» (Қостанай)
«Қайсар» (Қызылорда) — «Қайрат» (Алматы)
«Атырау» (Атырау) — «Астана» (Астана)
«Қызылжар СК» (Петропавл) — «Шахтер» (Қарағанды)

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button