Спорт

Жетінші жарыс

Өндірісті өлке Хромтауда «Қазхром» трансұлттық компаниясы акционерлік қоғамы дәстүрлі үш күндік VІІ Спорттық ойындарын өткізді.

Кен өндіруші кәсіпорындар арасындағы спорт мерекесі биыл жетінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. І Спорттық ойындары алғашқы жылы да осы Хромтауда өткен болатын.

Жарысқа «Казхром» ТҰК АҚ-ға қарасты төрт кәсіпорын — Дөң кен байыту комбинаты, Ақсу феррроқорытпа зауыты, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты, «Қазмарганец» кен басқармасы (Қарағанды), сондай-ақ Хромтауға қонақ боп келген Жайрем кен байыту комбинаты (Қарағанды) мен Ресейдің Серов ферроқорытпа зауытының командалары қатысты.

Салтанатты ашылу рәсімі «Мұғалжар» демалыс базасында өтті. Металлургтер мен кеншілер гір көтеру, шахмат, дартс, үстел теннисі, президенттік көпсайыс, жүзу, ерлер, әйелдер және ардагерлер арасындағы волейбол, сондай-ақ суда ойнау түрі, баскетбол, минифутбол секілді спорттың 12 түрі бойынша сынға түсті.

Жарыстың бас төрешісі Владимир Кореньковтің айтуынша, кәсіпорын басшыларының ойын ойнап, белсенділік танытуы — биылғы жарыстың өзіндік ерекшелігі болып тұр. Мәселен, «Қазхром» ТҰК Ақ-ның президенті Владимир Тиль бұл жарыста волейболшылар қатарынан көрінсе, Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры Мұрат Мұқашев дартс пен лақтырма ойындар ойнады. Кәсіпорындардың кәсіподақ ұйымының төрағалары дартс ойнап, бәсекелесті. Басқа да кәсіпорындардың белсенді араласуы ойынды қыздыра түсті. Сондай-ақ бас төреші алғашқы жылдардағыдай емес, биыл дәстүрлі жарыстың деңгейі кәдімгідей көтерілгенін, ойын түрлерінің өскендігін айтты. Себебі де түсінікті. Хромтауда керемет дене шынықтыру-сауықтыру кешені бар. Мұнда хромтаулықтар спорттың оннан астам түрі бойынша жаттығады. Сондай-ақ тек кеншілер мен шахтерлердің балалары ғана емес, бұл кешенде кез келген хромтаулық балалар мен жасөспірімдер қалаған секцияларына тегін жазылып, жаттыға алады. Әрі жетістіктері де жетерлік. Мәселен, дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде жас волейболшыларды даярлайтын бапкер Нина Дводненко биыл волейболшылардың Ұлттық лигада ІІ орын алып, ҚР күміс жүлдегері болғанын, ал жоғары лигада І орынды жеңіп алып, ҚР чемпионы атанғанын айтты. Волейболшыларды бапкерлер В.Саралинов, Р.Оспанов және Н.Дводненко даярлайды. Сондай-ақ, мұнда жүзуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері Руслан Байманов, еркін күрестен спорт шеберлігіне үміткер Руслан Сүйіндіков, коньки тебуден спорт шебері Евгения Сафина, бокстан спорт шеберлігіне үміткер Ақылбек Қалпатов, кикбоксингтен биыл спорт шеберлігіне үміткер болған Сергей Бондаренко бар. А.Ұстабаев бапкерлік ететін хоккейшілер командасы екі дүркін ҚР чемпионы болды. Жеңіл атлетика мен ауыр атлетикадан, таэквондодан, баскетболдан жетістіктері бар спортшылар жетерлік. Осындай мүмкіндіктері мен жағдайы бар хромтаулықтардың бабы өз деңгейінде екендігі бұл жарыста да анық байқалды. Үш күнге созылған тартысты ойындарда да жалпыкомандалық есеп бойынша бірінші орынды Дөң кен байыту комбинатының командасы жеңіп алды. Ал екінші орынға Павлодардан келген Ақсу ферроқорытпа зауытының командасы ие болды. Үшінші орынды Ресейден келген Серов ферроқорытпа зауытының командасы иеленді.

Айнұр ЖАЛМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button