Жаңалықтар

Қоғам тәртібін сақтауға қоғам мүшелері түгел атсалысуы керек!

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясында: «Біз ең ұсақ құқықбұзушылықпен, бұзақылықпен, мәдениетсіздікпен ымыраға келмеуіміз керек, өйткені осының өзі қоғам тыныштығын бұзады, өмірдің сапасына селкеу түсіреді. Тәртіпсіздік пен бетімен кетушілікті сезіну одан да елеулі қылмыстарға жол ашады. Ұсақ құқықбұзушылыққа төзбеу ахуалы — қоғамдық тәртіпті нығайтуға, қылмыспен күреске бастайтын маңызды қадам», — деп көрсеткен болатын.  Қоғамның тәртіпті болуына қоғамның өзін тарту керек, бұл — «нөлдік төзімділік» қағидатының басты шарты. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында өткен дөңгелек үстел осы тақырыпқа арналды.

«Нөлдік төзімділік» — басты талап

«Қоғам және қауіпсіздік» атты шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, депутаттық өкілеттік және этика мәселелері, заңдылық, құқықтық тәртіп пен қоғаммен жұмыс бойынша комиссия мүшелері, барлық деңгейдегі мәслихаттардың хатшылары, Ақтөбе қаласы мен облыс аудандарының әкімдері, құқық қорғау және фискалды органдардың, департаменттер мен басқармалардың басшылары, облыстық қоғамдық кеңес мүшелері, жоғары және арнайы орта оқу орындарының ректорлары, ардагерлер, мектеп директорлары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, облыстағы ірі базарлар мен көңіл көтеру орындарының, жолаушылар тасымалдайтын компания өкілдері қатысты.

Жиында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен құқықбұзушылықтың алдын алуда мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың күштерін біріктіру, осы бағыттағы жаңа әдістер, Ақтөбе қаласындағы ұрлық-қарлықтың алдын алу шаралары туралы айтылды.

— Мемлекеттің дамуы тұрақтылыққа, тәртіпке байланысты. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, тұтас қоғам болып тәртіпті нығайтуымыз керек. Бұл бағытта билік органдары құқық қорғау, үкіметтік емес ұйымдар, депутаттардың, басқа да органдардың өкілдерімен бірлесіп, әрекет етуі қажет. Ақтөбе облысында 2016 жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында «Нұр Отан» партиясының бастауымен «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы жүзеге асырылып келеді. Биыл төртінші рет өткізгелі жатырмыз. Акция кезінде 580 мың адам қамтылды, 16 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылып, 14 мыңға жуық адамға нақты көмек көрсетілді. Мұның барлығы қоғамдағы тұрақтылықтың, тәртіптің сақталуы үшін жасалып жатқан жұмыстар, — деді облыс әкімі.

Б.Сапарбаевтың айтуынша, бүгінде құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасы нығайтылып келеді: облыстық ішкі істер департаменті бюджеті екі есе көбейтіліп, учаскелік, жол-патрульдік полициялары арнайы көліктермен қамтылды. Учаскелік полицейлерге тұрғын үйлер, жұмыс орындары берілген.  Облыс орталығында мыңнан астам бейнекамера орнатылды.

— Былтырдан бері Ақтөбеде «Қауіпсіз қала» акциясы ұйымдастырылып келеді. Ондағы мақсат, әрине, халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Құқық қорғау органдарына қолдау көрсету жұмыстары одан әрі жалғасатын болады, — деді облыс әкімі.

Десек те, мұндай игілікті істерге қарамастан, облыста қылмыс саны азаймай отыр. Жыл басынан бергі сегіз айда адам өлтіру, басқа да ауыр қылмыстар саны өскен. Тонау, ұрлық-қарлық 20-25 пайызға артқан. Сәуір айында облыс әкімі жанындағы ведомствоаралық отырыста ұрлық-қарлыққа қарсы шаралар жоспары бекітіліп, жүзеге асырылып жатыр.

— Бұл шаралар қылмыстың өсу қарқынын азайтуға септігін тигізді. Мәселен, жыл басында жалпы қылмыс саны 11 пайызға өскен болса, 1-тоқсанда — 9,5, ал 8 айдың қорытындысы бойынша 6 пайызға өсті. Дегенмен жоғары көрсеткішке тек қоғам болып күрескенде ғана қол жеткізе аламыз, — деді облыстың бас прокуроры Март Қайыбжанов.

Яғни жұдырық болып жұмылу керек: көрші үйге ұры түсіп жатқанда қаннен қаперсіз отырмауға, біреудің малын өрістен айдап кетіп, сойып алып жатқанды көрген кісілердің түк білмегендей үндемей отыруына жол бермеуіміз керек. Айту керек, ұрыны бірге ұстау керек. Қылмысқа мүлдем жол бермеу, оны жоюға бірге кірісу, құқықбұзушылыққа «нөлдік төзімділік» деген — осы.

Суық қарулар еркін сатылымнан алынып тасталуы тиіс

Ақтөбе облысы қылмыстар саны бойынша республикада — сегізінші, ал қылмыстың өсуі бойынша екінші орында тұр. Ақтөбе облысы прокуратурасының аппарат басшысы Жасұлан Дәулембаев жария еткен дерекке сүйенсек, облыста жасалатын қылмыстардың 70 пайызы Ақтөбе қаласында тіркеледі екен. Сондықтан прокурорлар қылмысқа, құқықбұзушылыққа қарсы күрестің жаңа тәсілдерін қолға алу қажет деп есептейді.  Ж.Дәулембаев бұл бағытта бірнеше ұсыныс айтты:

Брінші: жасалатын қылмыстардың 64 пайызы бөтеннің мүлкін ұрлауға қатысты болғандықтан, ұрлық-қарлықтың жолын кесу керек. Ол үшін ұрланған заттарды қабылдайтын орындарға тосқауыл қою керек. Мәселен, металл сынықтарын, автокөлік аккумуляторларын қабылдау орындарында, ломбардтарда қауіпсіздікті күшейту қажет.

«Мұндай мекеме иелері зат тапсыруға келген адамдардың жеке құжаттарын мұқият тексеруге тиіс, құжаты жоқ адамнан ештеңе қабылдамау керек. Баспаханалар алтын бұйымдарға, басқа да заттарға қатысты этикеткаларды, баға көрсеткіштерін шығаруда аса мұқият болуы керек. Осы секілді мекемелермен меморандумдар жасап, соның аясында жұмыс істейміз», — деді Ж.Дәулембаев.

Белгілі мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өлімінен соң Алматы қаласында, басқа да өңірлерде автокөлік құралдарын сататын барлық сауда орындарында, базарларда рейдтер жүргізілді. Прокурорлар бұл жұмыстың нәтижелі болғанын және оның тұрақты түрде өткізіліп тұратынын айтады. Осы ретте сауда орындары мен базар иелеріне қауіпсіздікті күшейту талаптары қойылды.

— Өкініштісі, сауда орындарындағы күзеттің бірінші мақсаты — олардың мүлкінің қауіпсіздігі, тұтынушылардың қауіпсіздігіне немқұрайды қарайды. Бұл көзқарасты өзгерту керек. Екіншіден, сауда орындарында еркін сатылып жатқан суық қарулар саудасына қатаң қарау қажет. Мысалы, тұрмыстық пышақтардан басқа пышақ түрлері еркін сатылымда болмауы керек. Сондай-ақ еркін сатылатын бейсбол таяқтары да қылмыс құралы болып кеткен. Шыны керек, Ақтөбеде бейсболға сұраныс жоқ, сондықтан бұл мәселеге аса қырағы қарау керек. Үшіншіден, автокөліктерді ашатын сканер құрылғылары сатылып жатқан 30 шақты сайтты сот арқылы жаптық, — деді Ж.Дәулембаев.

Баяндамашының айтуынша, бүгінде жоғарғы сынып оқушылары мен жастар арасында пышақ ұстап жүру қалыпты жайтқа айналған, оған оқытушылар да, ата-аналар да мән бермейді. Мектеп оқушыларының бір-біріне пышақ сұғып алып жатқаны соның дәлелі.

«Пышақ ұстау — әлсіздіктің көрінісі, жастар соны түсінуі тиіс. Жастар өзара тәртіп ережелерін бекітуі, соған әрқайсысы қол қоюы тиіс, сондай-ақ жастарға араларындағы болмашы кикілжіңдерді үлкен дауға айналдырмай, бейбіт бітімге келу үшін арнайы алаңдар қажет», — деді ол.

Ж.Дәулембаевтың айтуынша, ұрлыққа баратындардың дені маскүнемдер мен нашақорлар. Олар кейде тергеуде жүріп те ұрлық жасай беретін көрінеді. Сондықтан прокурорлар мұндай азаматтарды өз еркімен, болмаса заң бойынша мәжбүрлі түрде емдеуге жіберу қажеттігін айтты.

Тағы бір ұсыныс — қандай да бір мекелерде болған құқықбұзушылық кезінде күзетшілер оларды тек сыртқа шығарып жіберумен шектелмей, полиция шақыруға міндетті. Сондай-ақ, мекеме әкімшілері мен күзетшілері медиация қағидаттарын үйренуі керек.

Жастарды құқықбұзушылыққа қарсы күреске жұмылдыру бағытында «Жас Отан» Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Асылжан Бүркіталин айтып өтті.

«Бүгінде облыс жастары бұл жұмысты үш бағытта жүргізіп отыр: қоғамдық қауіпсіздік  тұрғысында «Жас сақшылар» тобы құрылған. Сондай-ақ діни қауіпсіздік, саяси қауіпсіздік бағытында да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Әр саладағы құзырлы мамандармен бірге оқу орындарында, жатақханаларда кездесулер ұйымдастырып тұрамыз», — деді ол.

Көршіңді бақыла!

Тәртіпті, құқықбұзушылықты сақтауға қоғамды тарту мәселесі төңірегінде облыстық ішкі істер басқармасы басшысының орынбасары Абзал Шотанов та өз пікірін білдірді. А.Шотановтың айтуынша, бұл бағытта жұмыстар жүйелі жүргізіліп жатқанымен, бір кемшілік бар, ол — тәртіпбұзушылыққа күрес кезінде азаматтарды ынталандырудың заңда қарастырылмағандығы және олардың қызмет ету кезінде жарақат алған жағдайда еш сақтандырылмағаны.

— Осы мәселені реттеу үшін біз Ішкі істер министрлігіне заңға толықтырулар мен түзетулер енгізу туралы ұсыныстар жолдадық. Бүгінде ішкі істер органдары жергілікті атқарушы органдармен бірге қылмыстың алдын алу мақсатында бірлескен шаралар жүргізіп келеді. Десек те, кей аудандарда жұмыс өз деңгейінде жүргізілмей отыр. Бұл да азаматтарды әлеуметтік ынталандырудың  төмен екендігінің көрінісі. Сондықтан аудан әкімдіктерінен тұрғындарды қоғамдағы құқықбұзушылыққа қарсы күреске жұмылдыру үшін еріктілер тобын құруды, оларды ынталандыру жұмыстарына ықпал етулерін сұраймын, — деді А.Шотанов.

Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханованың айтуынша, «нөлдік төзімділік» қағидаты бойынша облыс орталығында бірқатар шаралар қолға алынған. Мәселен, қаладағы 19 ломбард иесімен, ұялы телефондар сататын сауда желілерімен ұрлық заттарды қабылдамауға, бұл бағыттағы талаптарды күшейту мақсатында меморандумдар қабылданған. Сондай-ақ мал ұрлығының алдын алу, оны дер кезінде анықтау үшін тиісті органдармен кеңес өткізіліп, арнайы шаралар қабылданып, мал ұрлығын болдырмау бағытында жұмыс тобы құрылған. Бұған қоса қараусыз қалған малдарды уақытша қамау үшін екі шаруа қожалығымен келісім жасалған. Пәтер ұрлығының алдын алу мақсатында пәтер иелері кооперативтерімен, кондоминиумдармен бірлесіп «Көршілер бақылауы» шарасы қолға алынған.

—  Қалада 970 көп қабатты үй бар, оның 251-інің кіреберісінде бейнекамералар, 3923-інде домофондар бар. 2019 жылдың аяғына дейін барлық көп қабатты үйлердің кіреберістерін бейнекамералармен жабдықтау тапсырылды. Сондай-ақ қоғамдық көліктер де камералармен жабдықталуы тиіс, — деді К.Айдарханова.

Жиында сондай-ақ сауда орындарындағы, базарлардағы қауіпсіздік мәселелері талқыланды, кәсіпкерлердің бұл бағыттағы жауапкершілігі сөз болды.

— Кез келген мемлекеттің дамуы мен болашағы тұрақтылыққа, заңдылықты, құқықтық тәртіп пен тәртіпті сақтауға байланысты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қоғам тұрақтылығы Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген табыстарының негізі екенін айрықша айтып отырады. Құқық қорғау органдары қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде оң нәтиже беріп жатқан шараларды жүзеге асырып келеді. Дегенмен қылмыс деңгейін төмендету мен азаматтардың тыныштығын қамтамасыз етудегі түбегейлі өзгерістерге бүкіл қоғамның қолдауынсыз қол жеткізу мүмкін емес. Тұрғындардың кез келген, тіпті ұсақ құқықбұзушылыққа деген «нөлдік шыдамдылығын» тәрбиелеу міндеті халықтың барлық бөлігі, барлық азаматтық қоғам институттары қатысқанда ғана орындалады. Сондықтан әр адам «сен тимесең, мен тимен» деген көзқараста болмауы тиіс, отбасымызға, қоғамға, отанымызға жанымыз ашуы керек. Елбасы айтпақшы, бізде бір ғана Отан бар, ол — Қазақстан. Осы Отанымыздың абыройы әрқайсысымызға байланысты, — деді облыс әкімі.

Шара қорытындысы бойынша заңдылықты нығайту, құқықтық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын қамтамасыз етудегі ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Атап айтқанда, Ақтөбе қаласының әкімдігі  мен қоғамдық кеңес «Аула тәртібі ( Көрші бақылауы)» бағдарламасы жөнінде,  облыс әкімдігі, ІІД және ата-аналар кеңесінің өкілдері жастар ортасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелері бойынша үш жақты меморандумға, сондай-ақ ІІД мен Нарықтар мен бизнес субъектілері ассоциациясы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және өзара әрекет етуді көтеру туралы меморандумға қол қойды.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button