Анаға тағзым

Атажұртты аңсау

«Анаға тағзым» аналар слеті аясында «Жұбановтар әлемі» шығармашылығы үйінде «Дана әйел — дара әйел» тақырыбында кездесу кеші ұйымдастырылды.  Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, биология ғылымдарының докторы, әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, Ахмет Жұбановтың қызы Ажар Жұбанова, әншілер Жадыра Арыстанова, Мирас пен Құралай Бекжановтар көрерменге кештің құрметті қонақтары ретінде таныстырылды.

Бұл күні «Жұбановтар әлемі» шығармашылық үйінің кең залына Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің оқушылары мен қалалық Оқушылар сарайының тәрбиеленушілері, музыка саласының мамандары көптеп жиналды.

Кеш тізгінін ұстаған музыкалық колледждің директоры Аманжол Исмағұлов жиналғандарға құрметті қонақтарды таныстырғаннан соң, Ақтөбеде «Туған жер» акциясы аясында бой көтерген зәулім ғимарат — «Жұбановтар әлемі» шығармашылық үйінің ақтөбеліктер үшін маңыздылығына тоқталды. Бұдан кейін сөз Ажар Ахметқызына берілді. Өз сөзінде академик Ақтөбеде ұйымдастырылған «Анаға тағзым» аналар слетінің рухани тәрбие берудегі құндылығын, маңыздылығын атап өтті.

— Ата-бабамның сүйегі Ақтөбеде жатыр. Әулетіміздегі бізден үлкендері осы өңірде өмірге келген. Ақтөбеліктер менен: «сіз нақты ақтөбеліксіз бе, әлде жоқ па?» деп сұрап жатады. Сондайда мен «қабылдағыңыз келсе қабылдаңыз, қабылдағыңыз келмесе қараңыз өзіңіз» деймін. Бірақ мен «туған жерім Алматы» деп ешкімге айтпаймын. Себебі, әулетіміздің аруақтары осында жатыр, — деп әңгімесін бастаған Ажар апай балалық шағы, әке махаббаты, сол бір нәубет жылдардағы Жұбановтар әулетінің басына төнген қиындықтар, еңбек жолы, оның жолы турасында айтып өтті. Өз отбасы, әрине, анасы жайында да әңгіме қозғады.   — Менің анам туралы сұрап жатады. Әкем орысша айтқанда — гений. Яғни, музыка данышпаны.  Ал анам жайында айтар болсам, ол кісі жетім қыз болып, әкемнің үйінде тұрған. Сол кезде өзі аққұба, кішкентай әрі нәзік болған.  Үлкендер анам 16 жасқа толғанда әкем екеуін той жасап, қосқан. Кейін әкем айықпас дертке шалдыққан кезінде екеуіміз көп әңгімелестік. Бір әңгімесінде ол маған: «Анаң 16 жасқа толғанда бізді не үшін қосқандарын білмедік. Ол кісі он сегіз жасқа толғанға дейін отбасылық өмірдің не екенін білген жоқпыз», — дегені әлі есімде. Анам оқымаған кісі. Дегенмен отбасымызда, яғни біртуар композитор және ғалым Ахмет Жұбановтың шаңырағында әкеміз негізгі арқау болса, ал анамыз оның идеяларын қолдаушы әрі жүзеге асырушы болғанын айтар едім. Отбасылық өмірде ерлі-зайыптыларға ең керегі — бірін-бірі жүрекпен ұғыну. Міне, осындай қасиет менің әке-шешемнің бойынан үйлесім тапқан, — деді Ажар Ахметқызы.  Кездесу барысында музыкалық колледждің оқушылары Ахмет Жұбановтың шығармаларын орындап, ана тақырыбында әндер шырқады. Көрермендер кеш қонақтарына көкейдегі сауалдарын жолдап, нақты жауап алды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button