Экономика

Бағалы қағаздар нарығындағы жаңа инвесторлар

Қаржы

Қазақстан Парламенті тарапынан мемлекеттік аппарат қызметкерлерінің қор нарығында пайда табуына мүмкіндік беретін заңнамаға түзетулер енгізілді.

Бұл  жаңалықтардың мақсаты — мемлекеттік аппараттың лауазымды тұлғаларын бағалы қағаздар нарығын дамыту жөнінде қабылданған мемлекеттік шараларға қатыстыруға тарту қажеттілігі, сонымен қатар мемлекеттік құрылымдар қызметкерлерін мотивациялауды күшейту.

Халықаралық практикаға сүйенсек, халық өз қаражатын бағалы қағаздарға белсенді түрде инвестицияламаған жағдайда бағалы қағаздар нарығы дамымайды. Сол үшін мемлекеттік аппарат өкілдерінің жеке инвесторлар тобын, оның «экономикалық» менталитеті мен көзқарасын құруын қамтамасыз ету қажет. Мұнымен қоса, мемлекеттік органдар мен ұйымдар қызметкерлерінің қаражатты қаржы құралдарына инвестициялауға қатысты білімі мен жұмыс тәжірибесінің болуы маңызды.

Нидерланды, Ұлыбритания, АҚШ, Қытай, Еуропа Одағы мен ЭЫДҰ сияқты елдерде мүдделер қақтығысын болдыртпау шарттарын сақтаған жағдайда мемлекеттік қызметкерлерге қор нарығының құралдарын инвестициялауға рұқсат беріледі. Активтердің барлығы қажетті түрде декларацияланып, мүдделердің әлеуеттік қақатығысы болмаған кезде бұл БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарына кері әсер етпейді.

Жалпы, инвестициялау үшін адамның үлкен қаражаты болуы тиіс, ал инвестиция деген қиын да шиеленіскен процесс деген қате ой бар халық арасында. Сондықтан олардың көпшілігі бағалы қағаздарды алуға қорқады. Шын мәнінде бағалы қағаздарға инвестициялау деген ұзақ уақыт бойы немесе дивидент арқылы пайда түсіру мақсатында қаражатты белгілі бір қаржы құралдарының түріне инвестициялау дегенді білдіреді. Бұл орайда тұрақты әрі орташа жалақысы бар адамдар қатарына жататын мемлекеттік қызметкерлер де өз қаражаттарын бағалы қағаздарға сала алады.

Сонымен, бұған дейін тек педагогикалық, ғылыми және басқа да шығармашылық қызмет түрінен басқа ешқандай ақылы қызмет түрімен айналысуға шектеу қойылған мемлекеттік ұйымдар қызметкерлері үшін заң тарапынан қандай нақты жаңалықтар енгізілген, мемлекеттік билік өкілдерінің өз қаражаттарын бағалы қағаздарға инвестициялауының ерекшеліктері қандай?

Біріншіден, түзетулер екі негізгі заңнамалық актілерге қатысты болды: Қазақстан Республикасының «Ұйымдасқан қылмыспен күрес туралы» және «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңдары. Бұл заңдар мемлекеттік органдардағы лауазымды тұлғалардың құқықтық жағдайын реттейді. Аталған актілерге енгізілген түзетулерге сәйкес, бағалы қағаздардың кейбір түрлерін сатып алу мен сату мемлекеттік қызметтерді атқаруға үйлесімсіз қызмет болып табылады.

Екіншіден, Конституция нормаларының талаптарын сақтау мақсатында Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері (Республиканың Премьер-Министрі, оның орынбасарлары, министрлер), Конституциялық Кеңестің мүшелері мен төрағасы, сот мүшелері үшін бұл жаңалықтың қатысы жоқ. Заң жүзінде осы лауазымды тұлғалар бағалы қағаздарды сатып алып, олардан пайда түсіруге рұқсат берілген мемлекеттік қызметкерлер категориясына жатпайды делінген.

Өз кезегінде қор нарығының құралдарына инвестициялау құқығына ие субъектілерге келесі тұлғалар жатады:

1) мемлекеттік қызметтерді атқаруға өкілетті барлық лауазымды тұлғалар, барлық мемлекеттік қызметкерлер, саяси және әкімшілік;

2) мемлекеттік қызметтерді атқаруға өкілетті тұлғаларға теңестірілген: жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайланғандар, Қазақстан Республикасы Президентіне кандидат ретінде қабылданған заңды тәртіп бойынша тіркелген азаматтар, Қазақстан Республикасы Парламенті мен мәслихаты депутаттары, сонымен қатар еңбекақысы Қазақстан Республикасының мемлекеттік бюджеті қаражатынан жүзеге асырылатын жергілікті өзін-өзі басқарудың таңдалған органдарының мүшелері, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында үнемі немесе уақытша қызмет ететін қызметкерлер, жарғылық капиталында мемлекеттік үлесі кемінде отыз бес пайызды құрайтын ұйымдар мен мемлекеттік ұйымдардағы басқарушылық қызметті атқарушылар.

Үшіншіден, мемлекеттік құрылым қызметкерлері қаражаттарын салатын қаржы құралдары қатарына коммерциялық ұйымдар акциялары, ашық және интервалдық пайлық инвестициялық қорлардың облигациялары мен пайлары жатады. Аталған бағалы қағаздар түрлерінің барлығы эмиссиялық қағаздар болып табылады, яғни олар айналымға ірі көлемде жіберіледі. Олардың барлығы да біркелкі және олардың әр шығарылымы мемлекеттік тіркеу нөмірін тағайындайтын өкілетті органда міндетті түрде мемлекеттік тіркеуді талап етеді.

Акция дегеніміз — акционерлік қоғам тарапынан шығарылатын, акционерлік қоғамды басқаруға және ол жойылған кезде қоғам мүлігінің бөлігін басқаруға қатысуға, сонымен қатар ол бойынша дивидент алу құқығын куәландыратын бағалы қағаз түрі. Облигация дегеніміз — облигацияны шығарған мекемеден облигация ұстанушыларына белгіленген мерзім ішінде облигацияның номиналдық құны мен осы номиналдық құнының пайызын алу құқығын куәландыратын бағалы қағаз. Пай дегеніміз — пай иесінің пайлық инвестициялық қор мүлкіндегі үлесін куәландыратын бағалы қағаз түрі. Пай бір бағамен сатып алынып, ағымдағы бағамен сатылады. Пайды сатып алушылар пай құнының өсуіне үміттенеді.

Мемлекеттік қызметкерлер және мемлекеттік қызметтерді атқаруға өкілетті тұлғалар қаражаттарын пайға инвестициялаған сәтте пайлық инвестициялық қорлар түрін таңдау жөніндегі заңнама талаптарын қатаң сақтауы қажет. Осылайша Қазақстан Республикасының «Инвестициялық қорлар туралы» Заңына сәйкес, пайлық инвестициялық қорлардың үш түрі бар: жабық, ашық және интервалдық. Тек ашық және интервалдық пайлық инвестициялық қорларға ғана салым салуға болады.

Ашық пайлық инвестициялық қорларда пай ұстанушыларына екі аптада бір рет инвестициялық қордың заңдары және ережелерімен бекітілген шарттар, талаптар бойынша басқарушы компаниядан пайларды сатып алуын талап ету құқығы ұсынылады. Ал интервалдық пайлық инвестициялық қорда пай ұстанушылары басқарушы компаниядан жаңағы шарттар бойынша, тек жылына бір рет пайды сатып алуын талап ету құқығына ие. Өз кезегінде осы пайлық инвестициялық қорлардың кез келген түрі заңды тұлға болып есептелмейді. Ол — тек азаматтар мен заңды тұлғалардың бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы сенім басқармасына тапсыратын қаражаттарының жиынтығы.

Пайлық инвестициялық қор сенім басқармасының келісім-шарты пайлық инвестициялық қорлар талаптары бойынша басқарушы компания анықтайтын шарттары бар бірігу келісім-шарты болып табылады.

Төртіншіден, мемлекеттік аппарат қызметкерлері акциялар мен облигацияларды тек ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында, яғни қор нарығы арқылы сатып алып-сата алады. Өз кезегінде, сатып алынатын жай акциялардың көлемі мекеменің дауыс беруші акцияларының жалпы мөлшерінің бес пайызынан аспауы керек. Облигациялар мен пайларға қатысты мұндай шектеулер жоқ. Бағалы қағаздарды қор нарығы арқылы сатып алу немесе сату дегеніміз осы қаржы құралдарын қор биржасы жүзеге асырады дегенді білдірмейді. Қор биржасы дегеніміз — компаниялар мен адамдар брокерлер деп аталатын агенттер арқылы бағалы қағаздармен сауда жүргізетін орын. Брокер – бағалы қағаздар нарығында кәсіби қызметті жүзеге асыру лицензиясына ие заңды тұлға. Мемлекеттік қызметкерлер басқа да клиенттер сияқты акциялар мен облигацияларды сатып алу және сату үшін брокермен брокерлік қызмет көрсету жөніндегі келісім-шартты жасасады. Содан кейін оған жеке шот ашады, оған сатып алынған бағалы қағаздар тіркеледі.

Бесіншіден, мемлекеттік қызметкерлер мен мемлекеттік қызметтерді атқаруға өкілетті тұлғалардың өздері  сатып алған акцияларды сенім басқармасына тапсыруына қатысты және келісім-шарт он жұмыс күні ішінде нотариалды куәландырылғаннан кейін, бағалы қағаздарды сенімді басқару келісім-шартының нотариалды куәландырылған көшірмесін жұмыс орындарындағы кадр бөліміне ұсынуы жөніндегі мемлекеттік қызметтерді атқару міндеттері заңнамамен бекітілген. Бұл шараның енгізілуінің себебі, акция ұстаушыларына акционерлердің жалпы жиынында дауыс беру арқылы акционерлік қоғамды басқару қызметіне қатысу құқығын береді. Осыған байланысты, ұйымдасқан қылмыстық заңбұзушылықты болдырмау мақсатында акцияларды сенімді басқармаға тапсыру қажетті шара болып табылады. 2000 жылдың 20 қаңтарында Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген Мемлекеттік қызметкерлердің мүлкін сенімді басқармаға тапсыру тәртібі туралы № 99 Ережелеріне сәйкес, мемлекеттік қызметкерлер мүлкінің сенімді басқармаға тапсырылуы жөніндегі ақпараттардың жайылмауы қажет, олар мемлекеттік органдардың қызметтік ақпараттарын құрайды.

Бағалы қағаздарды сенім басқармасына тапсыру талаптары тек акцияларға ғана қатысты, яғни бұл талаптардың облигациялар мен пайлық инвестициялық қорлардағы ашық және интервалдық пайларға қатысы жоқ. Себебі аталған қаржы құралдарына инвестициялаушы тұлға коммерциялық ұйымды басқаруға қатыспайды. Сондықтан, аталған жағдай мемлекеттік қызметке қатысты шектеулерді белгілейтін мемлекеттік қызметтер мен нормалардың негізгі принциптеріне еш кедергі келтірмейді.
Заңнамаға енгізілген түзетулер қор нарығына жеке инвесторларды тарту мен халықтың инвестициялық мәдениеті мен қаржылық сауаттылығын арттырудағы қосымша стимул болып қана қоймай, сондай ақ азаматтық-құқықтық мәмілелерді өз атынан емес, жалған атпен жасасу секілді ұйымдасқан қылмыстық заң бұзушылық фактілерінің азаюына мүмкіндік береді.

Ғалымжан ӘРІПЖАНОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button