Анаға тағзым

Сара Назарбаева — «Бөбектің» негізін қалаушы

Еліміз тәуелсіздік алып, қоғамның қай саласында болмасын дамудың жаңа форматын енгізу қажеттігі туындаған кезде түрлі деңгейдегі, түрлі меншіктегі ұйымдар құрылған-ды. Сол тұста Қазақстанның бірінші ханымы Сара Назарбаеваның ұйымдастыруымен «Бөбек» балалар қайырымдылық қоры жұмыс  істей бастады. 1992 жылы құрылған мемлекеттік емес ұйымның негізгі мақсаты —  қайырымдылық шараларын өткізу және қоғамда балалардың құқығы мен заңды талаптарын қамтамасыз ету болатын. Соның ішінде ана мен баланы қорғау, нәрестелер мен балалар үйлерін қамқорлыққа алу, мектептерді қазіргі заманғы жабдықтармен қамтамасыз ету, тұрмысы төмен отбасынан шыққан дарынды балаларға қолдау көрсету, балалар денсаулығын сақтау ісіне жәрдемдесу еді.

Осылайша Сара Алпысқызы еліміздегі ата-ананың мейіріміне, қамқорлыққа зәру талай балапанның рухани анасына айналды. «Бөбек» қоры ашылған ширек ғасырға жуық уақыттың ішінде қанша бейкүнә баланың басынан сипап, қанша науқас балаға қол ұшын созды. Қорғансыз, жетім балалардың қоғамның толыққанды мүшесі болуы жолында тер төкті. Бүгінде қор ауруы асқынған балаларды Қазақстан мен шетел клиникаларында емдейтін балалар мекемелері мен ұйымдарына қамқорлық көрсетеді.

«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Президент әйелдер қоғамдастығын институттандыру ісін өмірге сәйкес айқын да ақылға қонымды түрде жүргізбейінше оның бірлігі мен тұтастығына қол жеткізу мүмкін емес екенін жақсы түсінді…

Елде әйелдердің алғашқы үкіметтік емес ұйымдары (ҮЕҰ) құрыла бастады.

… Ал қайырымдылық істерінің бастауында елдің Бірінші ханымы Сара Назарбаева тұрды. Ол басшылық еткен «Бөбек» қоры барлығы үшін нағыз үлгі-бағдар болды», — дейді ҚР Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіхалықова.

Сара Алпысқызы сонау тоқсаныншы жылдардың басында Германиядағы алпыс жылдық тарихы бар жаңа үлгідегі халықаралық отбасылық Балалар ауылының тәжірибесімен танысып, осы бағдарламаны 1994 жылы Қазақстанға әкелгені де мәлім. Қазақстанның бірінші ханымының бастамасымен елімізде жетім балаларды қорғау туралы Заң қабылданды.

«Жетім балаларды тәрбиелеудің мемлекеттік жүйесінің артықшылықтары мен кемшіліктерін біле отырып, оларды тәрбиелеу мен асырау мекемелерін бірте-бірте жаңаша, отбасылық типте қайта құру керек деп ойлаймын. Тағдырдың жазуымен ата-ана қамқорлығынан, туыстық қарым-қатынастан айрылған әр бала,мейлі жасанды құрылған болсын, бірақ үлкендердің ілтипаты пен қамқорлығына бөленген отбасында өмір сүруге тиіс», — деген болатын бірінші ханым.

Осындай жұмыстардың нәтижесінде елімізде патронаттық отбасылар көбейіп келеді, еліміздің барлық облыстарында жетім балалар үшін отбасылық үлгідегі балалар қалашықтары құрылып, «Үміт» үйлері ашылды. Бұл қоғамдағы жетімдікке қарсы күрестің алғышарттары болатын.

С.Назарбаеваның тікелей бастамасымен құрыл­ған көп салалы «Бөбек» ұлт­тық орталығы бүгінде табысты еңбек етіп жатыр. Оның құрылымына «Өзін-өзі тану» балалар бақ­шасы, «Өзін-өзі тану» гимназиясы, «Өзін-өзі тану» гу­мани­тарлық колледжі, Адам­ның үйлесімді дамуы институты, обсерватория, балаларды сауықтыру қызметі кіреді.

«2000-жылдары елі­міздің экономикалық жағ­дайы жақсарып, әлеуметтік мәселелер шешілгенмен, жетім, қорғансыз балалар­дың саны азаюдың орнына көбейе түсті. Менің жасаған көмегім біріне жетсе, біріне жетпеді. Бұл қалай? Ендеше, оның өзімен емес, себеп-салдарын тауып, сонымен күресу керек. Ал оны қалай шешуге болады? Әрине, оны сананы өзгерту, жалпы, адам­­заттық құндылықтарды бі­лім беру, ағартушылық саласы арқылы жетуге болатынына көзім жетті. Сонда аналар балаларын тастамайтын, адамдар бір-біріне дос, бауыр болуға, ата-ана­лары­ның қателіктерін қайта­л­а­мауға ты­рысады. Яғни, қо­ғамды жақ­сылық жасау, адамгер­ші­лік арқылы да өзгертуге болатынын түсін­дім. Соның негізінде өзін-өзі тану бағ­дарламасы дүниеге келген еді», — дейді С.Алпысқызы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында (2012 жыл).

«Өзін-өзі тану» атты балаларға рухани-адамгершілік білім беру және тәрбие беру идеясының авторы ретінде де талай жұмыс істеді. С.Назарбаеваның қолдауымен өңірлерде «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру жүйесі бойынша жұмыс істейтін пилоттық мектептер ашылып, «Өзін-өзі тану» бағдарламасы мектептердің оқу процесіне енгізілді.  Аталған бағдарлама арқылы оның авторы балаларды жалпы адамзаттық құндылықтармен сусындата отырып, елінің патриоты болуға тәрбиелеуге тырысып келеді.

Сара Назарбаева қайырымдылық қызметі үшін «Достық» орденімен, оқу мәдениетіне қосқан үлесі үшін Шыңғыс Айтматов атындағы І  дәрежелі алтын медальмен, «Юнити» халықаралық сыйлығымен, СОС Киндердорф Халықаралық қорының алтын медалімен, БҰҰ – ЮНИСЕФ халықаралық қорының ескерткіш медалімен, Исхан Дограмачи Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық сыйлығымен, Халықаралық «Алтын жүрек» сыйлықтарымен марапатталған. Сондай-ақ, «Педагогические проблемы укрепления и развития здоровья учащихся, их нравственного воспитания с использованием системы «Детка» Порфирия Корнеевича Иванова» (1999 ж.), «Здоровье человека и система П.К. Иванова «Детка» (1999 ж., қосалқыавторларменбірге), «Этика жизни» (2001 ж.); «С любовью» (2001 ж.) кітаптарының авторы.

Қоғамдағы рухани құндылықтарды білім арқылы жаңғырту, өскелең ұрпақты шынайылыққа, мейірімділік пен сүйіспеншілікке тәрбиелеу, қамқорлыққа зәру қамкөңіл балаларға қорған болу бағытында жасалған жұмыстар бүгін өз жемісін беріп отыр. Сара Алпысқызы еліміздегі жылы алақанға зәру әр баланың анасы секілді болып кетті. Ал Ана махаббатының күші бәріне де жетеді!..
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button