Анаға тағзым

Бірғаным Әйтімова — тәуелсіз Қазақстанның алғашқы әйел министрлерінің бірі

Бірғаным Әйтімова — тәуелсіз Қазақстанның саяси өміріндегі атқа мінген әйелдердің бірі. Ол мамандығы бойынша ағылшын тілінің мұғалімі, заңгер.

Төтенше және Өкілетті Елші дипломатиялық шені бар.

Мемлекеттіліктің алғашқы қалыптасу кезеңінде жоғары деңгейде шешім қабылдау органдарында әйелдердің өкілеттілігі дәл бүгінгідей ауқымды болған жоқ. Дегенмен жоғары қызметтер сеніп тапсырылған әйелдер де бар еді. Соның бірі —Бірғаным Әйтімова. Ол 1993 жылы Қазақстан Республикасы Жастар ісі, туризм және спорт министрі болып тағайындалды. Осы жылдары елімізде жастар саясатына қатысты маңызды шешімдер қабылданды. 1993 жылы ҚР Президентінің қаулысымен «Болашақ» халықаралық стипендиясы тағайындалған-ды. Сапалы білім алып, кейін өз білімін мемлекет игілігіне пайдалану үшін жастардың бір бөлігі 1994 жылы тұңғыш рет шетелдік жоғары оқу орындарына жіберілді.

Б.Әйтімова 1996-2002 жылдары — Қазақстан Республикасының Израильдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, 2002-2004 жылдары — Қазақстан Республикасының Италиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Грекиядағы, Мальтадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі міндетін қоса атқарушы болды.

Ол 2004-2007 жылдары  Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Білім және ғылым министрі қызметтерін абыройлы атқарды. Б.Әйтімова білім саласын басқарған тұстары аталған салада түрлі бағдарламалар жүзеге асырылды. Мәселен, Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы әзірленіп, Елбасының Жолдауында айтылған«Болашақ» халықаралық стипендиясының иегерлерінің санын арттыру жөніндегі бастамасын іске асыру мақсатында«Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамы құрылды.Осы жылы  шетелде оқуға арналған елдер тізімі толықтырылып, үміткерлер АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Ресей, Австралия, Австрия, Венгрия, Дания, Жаңа Зеландия, Жапония, Израиль, Испания, Италия, Канада, Қытай, Малайзия, Нидерланд, Норвегия, Оңтүстік Корея, Польша, Сингапур, Финляндия, Франция,Чехия, Швеция, Швейцария

сияқты елдер арасынан өзіне ыңғайлысын таңдауға қол жеткізді.

Сондай-ақ осы жылдары тоқсаныншы тоқырау жылдарында жекеге өткен,  есіктеріне қара құлып ілінген балабақшаларды қалпына келтіру жұмыстары басталды. «Ауыл мектебі» бағдарламасы қабылданып, соның нәтижесінде 2-3 жылдың ішінде 70-ке жуық жаңа білім ордасы салынды.

Бірғаным Әйтімова 2007 жылдан Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымының жанындағы тұрақты өкілі қызметін атқарды. Қазір Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрайымы.

«Құрмет», «Парасат» және ІІ дәрежелі «Достық» ордендерімен марапатталған.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button