Анаға тағзымБасты жаңалықтар

Аналар орталығы осындай

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған рухани-адамгершілікке тәрбиелейтін «Анаға тағзым» орталығының құрылысы толығымен аяқталды. Ақтөбе қаласының Батыс-2 ауданында бой көтерген жаңа ғимараттың ашылуы республикалық Аналар слеті барысында өтеді.

«Анаға тағзым» орталығы — аналарға құрмет көрсету мақсатында жүзеге асырылған еліміздегі бірегей жоба. Республикадағы аналарға тағзым етер алғашқы мәдени орталық. Орталықта еліне еңбегі сіңген батыр аналармен бірге, өнегелі ұл-қыз тәрбиелеп, өсірген қарапайым абзал жандар  туралы сыр шертіледі.

ҮЛГІЛІ ҮЛЕС

Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханованың айтуынша, бүгінде құрылысы толықтай аяқталған орталық көпшіліктің қолдауымен салынған. Жалпы жоба құны 350 миллион теңгеге жуық. Мердігер компания — «ЕСАТ» ЖШС, ал жобалаушы — «Регион Строй Проект» ЖШС.

— «Анаға тағзым» орталығы отбасы құндылықтары айтылып, адал жар, ибалы келін, аяулы ана, ардақты ене болудың қыр-сырын бөлісетін әйелдер бас қосатын алаңға айналмақ. Әйел затын сыйлап, құрметтеудің жарқын көрінісін дәріптейтін, кейінгі ұрпақты тәрбиелеуде үлкен рөл атқаратын орталықтың бой көтеруіне Ақтөбе тұрғындарымен қатар меценаттар өз үлестерін қосты. Ғимараттың іші әлі де толықтырылатын болады. Келелі әңгімелер ордасына айналатын орталықтың еңсесі тік болып, ұзақ өмір сүргенін қалаймыз. Өйткені мұның мүмкіндігі жоғары. «Анаға тағзым» орталығы тек Ақтөбедегі ғана емес, еліміздегі бірегей заманауи орталық болып есептеледі, — дейді Күлпаршын Айдарханова.

Оның айтуынша, мұнда тек салтанатты кездесулер ғана емес, түрлі танымдық сабақтар да өткізілетін болады. Оған қоса бұл кешенде кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында тарихта есімдері ерекше аталатын әйелдер, аналар туралы ақпараттар тоғыстырылады.

— Кез келген адамның ана алдындағы парызы бар. Бұл орталық, міне, осы аналар алдындағы парызды өтеудің бір көрінісі. Орталықта ардақты аналарымыздың өнегелі істері ұлықталып, болашақ аналарға тәлім-тәрбие беретін арнайы кабинет-мұражайлар жасақталады. Мемлекетіміздің болашақ дамуы, өркендеуі қыздарымызға, аналарымызға байланысты. Баланы өмірге әкеліп, қазақтың санын көбейтетін, саналы ұрпақ тәрбиелейтін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін — ол қыздар. Ал бүгінгі қыз — ертеңгі ана. Сондықтан кез келген нәзік жанды үшін бұл орталықтың берері мол болмақ, — дейді К.Айдарханова.

Бұл аналар мен қыздардың басын қосатын, оларды рухани тұрғыда тәрбиелейтін, облыстағы сәулеті келіскен ғимараттардың бірі де бірегейі болмақ.

— Бұл орталыққа бас сұққан кез келген әйел заты өзін жайлы сезінуі тиіс. Сондықтан ішкі дизайн жұмыстарымен де нағыз мамандар жұмыс жасауда, — дейді қала әкімінің орынбасары.

СӘУЛЕТІ КЕЛІСКЕН БІРЕГЕЙ ҒИМАРАТ

Айтқандай еңселі ғимараттың сыртқы қаспеті мен қатар ішкі дизайны да өзгеше. Орталықтың сыртқы пішіні әйелдің жаулығы тәрізді етіп жасалған. Ал ішкі қабырғаларына шолпы, сырға сияқты әшекей бұйымдардың суреттері салынған.

Ғимараттың үшінші қабатында 3 зал бар. Кешенге аяқ басқан адам бұл қабатта «Ана даңқы» музей-галереясына бас сұғып, ұлы тұлғалардың аналары туралы мәлімет ала алады. Залдың ең жоғарғы тұсында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Жалғыз мен ғана емес, барлық адам уақыт өте келе, есейе келе анасына уақытты аз бөлгені, жылы сөзді аз айтқаны үшін өзін сөгетін шығар. Кезінде онымен жиі бірге болмағаныма қатты өкінемін. Оның мені қатты жақсы көретінін білетінмін. Әлі күнге дейін маңызды шешім қабылдарда оның аруағы мені қолдап отырады,» — деген сөзі жазылып, анасы Әлжанның портреті ілінген. Сонымен қатар музейден Мәншүк Мәметова, Бауыржан Момышұлы, Мұхтар Әуезов,  Қасым Аманжолов, Әбілхан Қастеев, Әбіш Кекілбаев,Мұқағали Мақатаевтардың және бүгінгі күннің батырлары Генадий Головкин мен Дмитрий Баландиннің аналарының портреттерін көруге болады.

Ілінген суреттер астында кімнің анасы екені туралы мәліметтер келтірілген. Ал толық мәліметтерді келушілер арнайы ақпараттық бутиктерден біле алады. «Анаға тағзым» рухани-адамгершілікке тәрбиелеу орталығының басшысы Динара Әбикешованың айтуынша, музей-галереядағы портреттер саны үнемі толықтырылып отырады.

Сондай-ақ орталықтың тағы бір ерекшелігі, ғимаратта мультимедиялық экспозиция залы жасақталған. Онда келушілер қазақ тарихында өзіндік орны бар, ерлігі мен еңбегі арқылы ел аузында қалған Бопай ханым, Әлия Молдағұлова, Аққағаз Досжанова, Нұрсұлу Тапалова, Роза Жаманова, т.б. өмір жолдарымен танысып, мол мәлімет алады. Залда арнайы сенсорлы LED экрандар қойылған. Бұл жерде келушілерге арнайы деректі фильмдер көрсетіліп, бейнероликтер сериясы қойылады.

Кешеннің үшінші қабатында орналасқан тағы бір зал — Нұрсұлу Тапалова атындағы хореография залы. Аталған залда қазақ би өнерінде аты қалған би падишасы Шара Жиенқұлова, Нұрсұлу Тапалова, Базаргүл Омаровалардың портреттері ілінген. Динара Әбикешованың айтуынша, бұл бөлмедеалдағы уақытта балет класы жұмыс жасайтын болады.

Кешеннің екінші қабаты — бірыңғай тақырыптық кабинеттер. Атап айтар болсақ, орталықта психологиялық, кеңес беру, қолданбалы өнер, музыкалық білім, стилистика және дизайн кабинеттері жұмыс жасап, отбасылық тренингтер өткізіледі.

Ал бірінші қабатында орталықтың әкімшілік бөлімі мен асхана бар.

Ақтөбенің анықтамасы:

Бүгінгі таңда Ақтөбе облысында 11629 көпбалалы ана тұрады. Оның 3537-і — «Алтын алқа», 5865-і — «Күміс алқа» иегерлері. «Батыр ана» — 897 және 1,2,3 дәрежедегі «Ана даңқы» медалі иегерлерінің саны — 1330.

Ақтөбе облысында 863 521 халық тұрса, оның 445 511-і — әйелдер. Оның 254 781-і Ақтөбе қаласында тұрады. Ал Алға ауданында тұратын нәзік жандылар саны 20 230 болса, Әйтеке би ауданында 12 414 әйел бар. Байғанин ауданындағы әйелдер үлесі 11 110 адамды құрайды. Қарғалы ауданының да басым бөлігі әйелдер. Бұл ауданда 8 736 әйел заты тұрса, Қобда ауданында 9473 әйел бар. Мәртөк ауданында — 15080, Ойыл ауданында — 9 154, Темір ауданында 18654 әйел тұрады. Хромтау ауданында 21 566 әйел болса, шалқарлық әйелдердің саны — 22 823. Ырғыз ауданында 7 536 нәзік жанды тұрады. Ал әйелдер қауымы ең көп шоғырланған аудан — Мұғалжар ауданы. Бұл аймақта 33 954 қыз-келіншек бар.

ЖҰМЫС АРНАЙЫ БАҒДАРЛАМА БОЙЫНША ЖҮРЕДІ

«Анаға тағзым» орталығында 1 қазаннан бастап «Қыз — елдің көркі» бағдарламасы бойынша арнайы сабақтар басталады. Бағдарлама авторы Қалауша Садықованың айтуынша, арнайы сабақтарға кез келген 7- 17 жас аралығындағы қыз балалар қатыса алады.

— Бұл сабақтарда ұлттық құндылықтарға ден қойылады. Қыздарымыз тек өткенді ғана оқып қоймай, өткеннің өнегелі жақтарын үлгіге ала отырып, болашақпен ұштастыратын болады, — дейді бағдарлама авторы.

Сабақтар ақылы, аптасына 3 рет өтеді. Бүгінгі таңда қабылдау жұмыстары басталып кеткен.

— Сабаққа қатысуға ниет білдірген кез келген қыз бала әлеуметтік желіде @kyz_eldin_korki парақшасы арқылы жазылуына болады. Сол парақшада байланыс телефондары да көрсетілген. Қазір жоспар бойынша сабақтар аптасына 3 рет 1 сағаттан өтеді деп белгілеп отырмыз. Жалпы 12 сабақ өтетін болады, — дейді Қалауша Садықова.

Жалпы ұлт тәрбиесі — ұлттың болашағы. Қазақ қызының бойындағы қазақы рухты жаңғыртуды мақсат етіп қойған Қалауша Садықова ұлт болашағына деген жарқын көріністің бір дәлелі ретінде «Анаға тағзым» орталығының берері мол екендігін айтады.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button