Анаға тағзым

«Ана деп ән салам…»

Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВА,

әнші, Қазақ КСР және КСРО халық артисі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

Ана — тіршіліктің бастауы, отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі. «Алып анадан туады» — дегендей, бұл өмірде қаламы жүйрік жазушы да, данышпан ғалым да, ел бастаған көсем де, сөз бастаған шешен де анадан туады. Біздің қазақ халқы ананы сол үшін ерекше құрметтейді, сыйлайды. Сірә, ананы қазақтай ерекше құрметтейтін халық жоқ шығар?! Сондықтан «Анаға тағзым» слетінің біз үшін маңызы зор.

Менің ойымша, «Аналарға тағзым» орталығы аналар алдындағы парызды өтеудің бір көрінісі іспетті. Ана — ұрпақ тәрбиелейтін, баласы үшін түн ұйқысын төрт бөлетін жанашыр жан, үйдің ұйытқысы. Сондықтан аналарға деген зор құрмет пен ықыласты білдіретін бұл жобаның маңызы ерекше. Бұл бастама — біздің мәңгілік ел болуымыздың бір сипаттамасы. Сол үшін ұлтымыздың салт-дәстүрін қадірлейтін, болашағына сеніммен қарап, өз анасын, еліміздің аналарын құрметтейтін кез келген адам бұл жобаға өз үлесін қосуы керек деп ойлаймын.

Өкінішке қарай, бүгінгі күні елімізде ата-анасына көп көңіл бөлмейтін, қиын, қырын қарайтын жастар бар. Ал осындай шара біздің жастарға жақсы жол көрсетіп, олардың үлгі-өнеге алуына зор ықпал етеді. «Анаға тағзым» деген сөздің мағынасының өзі қандай? Менің ойымша, алдағы уақытта бұл шара еліміздің барлық өңірінде жалғасын табады. Әлі-ақ бұл бастама елімізде жыл сайын тойланатын, атап өтілетін үлкен мерекеге айналады. Бұл — бізге, болашақ ұрпаққа қажет бастама.

Мен де анамын, мен де бір ананың перзентімін. Сондықтан Ақтөбе жерінде осындай өзгелерге үлгі боларлық бастама қолға алынып жатқанда, жол жүруге денсаулығым жарамаса да, мұндай шараға бармауға менің дәтім жібермейді.

Мен Қазақ мемлекеттік филармониясында 25 жыл жұмыс жасадым. Сол кезеңде гастрольдік іссапармен еліміздің өзге өңірлерімен қатар Ақтөбе жерінде де болдым. Ақтөбе облысының талай ауылын аралап, концерт қойдым. Соның ішінде Хромтау қаласы менің есімде ерекше сақталыпты. Бұл ауданға бірнеше рет гастрольдік іссапармен барғанмын. Кеңес заманы тұсында Ақтөбе жері әртүрлі зауыттарымен, авиация мамандарын даярлайтын әскери жоғары оқу орнымен танымал болды. Алматыдан, еліміздің басқа облыстарынан сол әскери институтқа талай бала арман қуып барып, білімін жетілдірді, жақсы маман болып шықты. Қазіргі таңда Ақтөбеде болып жатқан оң өзгерістерді, жағымды жаңалықтарды жиі естиміз. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен көптеген іс-шаралар жасалып жатыр. Бұл кісінің қандай істі қолға алса да, әрдайым соңына жеткізетінін, халық игілігі үшін аянбай еңбек ететінін жақсы білеміз. Бердібек Машбекұлы басшылық еткен өңірдің бәрінде оның артынан жақсы атағы қалады, сондықтан оны өте қатты сыйлаймын.

Ал өз анам туралы айта кетсем, анам Майнұр жеті бала өсіріп, тәрбиеледі. Мен — отбасында жеті баланың екіншісімін. Ұлы Отан соғысы кезінде үш бауырым қаза болды.  Анам біздің қызығымызды көріп, 91 жасында дүниеден өтті. Мен үшін анамның орны тым бөлек.

Ал өзім отбасында үш бала тәрбиелеп, өсірдім. Қызымның үлкені Гөзел мен ұлым Төлегеннен бүгінде 3 немере, 4 шөбере сүйіп отырмын. Алланың жазуымен, осыдан 11 жыл бұрын кіші қызым Мәриямгүл дүниеден өтті. Ол да мен сияқты өнерге жақын болып өсіп, осы жолды таңдаған болатын.

Менің репертуарымда анаға, ана мен баланың махаббатына арналған әндер аз емес. Оның ішінде ең танымалы — «Тақиялы періште» фильмінде орындаған «Мама» әні. Бұл әнді анасын құрметтейтін әр адам жатқа біледі, жақсы көреді деп ойлаймын.

Бүгінге дейін талай адам анасын жырлап, әнге қосты. Әлі де талай аналарға арналған әдемі әндер жарық көреді. Қазақ барда қазақтың әні өлмейді!

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button