Анаға тағзым

Алтыншаш ЖАҒАНОВА, жазушы, қоғам қайраткері: Аналар — асқан мейірімді, шын тілеулес жандар

Ақтөбе — киелі мекен. Ақтөбе — Абат-Байтақ, Қобыланды батыр, Әбілқайыр хан, Есет Көкіұлы, Есет Көтібарұлы, Исатай Тайманұлы, Әлия Молдағұлова сынды халқымыздың аяулы перзенттерінің ізі қалған қасиетті өңір.  Сондай-ақ Ақтөбе — аты аңызға айналған талай батыр аналар дүниеге келген құтты жер.

Ақтөбенің халқы да — кеңпейіл, ақжарқын, жомарт, еңбекқор.  

Ақтөбе облысында кең ауқымда өткізілгелі отырған Аналар слетінің тәрбиелік-тағылымдық маңызы өте зор. Бұл — үлкен бастама, игілікті іс.

Кезінде билік басындағыларға «Анаға тағзым» деп бір күнді белгілейікші» деп екі рет ұсыныс жасаған едім. Дегенмен, «ел болып тойлайтын 8 наурыз бар ғой» деген жауап алдым. 8 наурызды тойлауын тойлаймыз ғой, алайда бұл күн жалпы әйелдер қауымына арналған мереке ғой. Ана деген аяулы ұғым бөлек қарастырылмаған. Тек қана анаға құрмет көрсетіп, тағзым ету мақсат етілмеген. Бұл — бір. Екіншіден, 8 наурыз сол кездегі идеологияның жемісі ғой. Роза Люксембург пен Клара Цеткиннің ұсыныс-ұрандарынан кейін мерекеге айналды. Әйтпесе, қазір бұл мейрамды санаулы ел ғана тойлайды.

Ана — тіршіліктің бастауы. Ананың жүрегі — кең. Ол — асқан мейірімді, шын тілеулес. Қазақ халқы ананы ерекше құрметтеген. Ананың ақ сүті деген ұғым бар. Ана сүтіне байланысты күні бүгінге дейін сақталған дәстүріміз бар. Үйлену тойының алдындағы салт-дәстүрдің  бірі  «Ана сүтін төлеу» рәсімі деп аталады.

Асыл дінімізде де ана тұлғасы ерекше ұлықталады. Мұхаммед пайғамбарымыз (сғс) хадисінде: «Жәннат — аналардың басқан ізінің астында» деген.

Басына түскен ауыртпалыққа, тағдырдың сынына мойымай, қарсы тұрған қаншама аналарды білемін. Мысалы, менің жолдасым Әнес Сарайдың анасы, Әбіш Кекілбайұлының анасы, Асқар Сүлейменовтің анасы, Қайрат Жұмағалидың анасы талай тауқыметті тартты. Оларды мен әулие деп санаймын.

Менің анамның аты — Мүслима. Әкем қайтыс болғаннан кейін анам Әнекең екеуміздің қолымызда 20 жылдай тұрды. 92 жасында көз жұмды. Анам ақкөңіл, ашық, әзілқой кісі еді. Қиындыққа ешқашан мойымайтын, өмірге құштар жан болатын. Қанша қиындық көрсе де «жоқ, болмайды» деген сөздерді айтып көрген емес. Бала кезімізде анамның үйдің терезесінен қарап отырып айтқан сөзі әлі күнге дейін көз алдымда  сақталып қалыпты: «Алла өзі жеткізеді ғой. Қорықпаңдар. Шүкір, нан бар ғой…» дейтін. Анам небір зұлматты басынан өткерді ғой. 1931-1933 жылдардағы аштықты, одан кейін сұрапыл соғыс жылдарындағы ел басына түскен ауыртпалықты көрді. Соның өзінде жігері мұқалмаған қайратты жан.

Әнекеңнің анасы — Қабиша да біздің қолымызда тұрды. 85 жасында дүниеден озды.  Енем керемет кісі еді. «Айналайыннан» басқа сөзі жоқ өте мейірімді жан еді. Өзі сондай ажарлы, сұлу болатын. Сол қайтпас қайсар, қажырлы аналарымыздың арқасында біз өмірден қиындық көрмей өстік. «Киіміміз жоқ, тамағымыз жоқ» деп таршылық көрген жоқпыз. Отбасында 4 бала болдық. (Дегенмен, үлкен әпкем қайтыс болды. Ағам 25 жасында әскерден келіп, бір жыл жұмыс жасап, ол да өмірден ерте кетті. Қазір жалғыз ағам бар). Бала кезіміз соғыс жылдарына, соғыстан кейінгі ауыр кездерге тап келді. Әрине, ел басына төнген ауыртпалық біздің шаңыраққа да салқынын тигізгені анық. Дегенмен, өр мінезді, аяулы анамыздың арқасында сол қиындықты сезген жоқпыз.

Жазда қонақ келмесе, қой сойылмайды. Сөйтіп, кейде үйде ет болмай қалатын. Бір күні шошаладағы қазандық жақтан тамақтың хош иісі шықты. Кереметтігі соншалық — мұрынды жарып барады. Сөйтсем, анам қазандағы сүтке қазының кішкене бөлігін турап, оған күріш, тары, тағы да басқа қолда бар дақылдарды қосып, бізге тамақ әзірлепті. «Бұл қандай тамақ?» десем, «Балмиек» дейді. Анам кейде ойдан жаңа сөз шығарып айта салатын әдеті бар-тын. «Балмиек» те солай біздің лексиконымызға кірді. Кейде үйге түсініксіз тамақ әкелінген кезде «бұл не, балмиек пе?» деп күлеміз.

Біздің бала кезімізде электр жарығы жоқ болатын. Теледидар көріп, радио тыңдаған жоқпыз. Жарық болмаған соң ерте жататын едік. Мұндайда анамыз айтқан ертегілерді тыңдайтынбыз. Сол себептен болар, әдебиетке жақын болдық. Орыстардың ортасында өстім. Қазақ тілі пәнінен бір рет те қалған емеспін. Әке-шешем бес парызды орындайтын. Намазды қаза қылмайтын. Ата-анам ұлттық құндылықтарымызды, ана тілімізді барынша сақтап, соны бізге үйретуге күш салды.

Шүкір, қазір екі ұл, бір қызым бар. Үлкен ұлым — Әлішер, қызым — Қарагөз, кенжеміз — Сайлан. Олардан 8 немере, 1 шөбере сүйіп отырмын.

Ақтөбе — мен үшін ыстық өңір. Облыстың Ойыл ауданында ғана болған жоқпын. Қалған аудандарының барлығында іссапармен болдым. Ақтөбедегі киелі жерлердің көпшілігіне бардым.

Әлия Молдағұлованың 70 жылдық мерейтойы қарсаңында Қобда ауданынан Әлияның туған жері Бұлаққа дейін 18 шақырым жол салуға, Әлияның ауылын абаттандырып, жөндеуге ықпал еттім. Ол кезде мен Жоғары Кеңестің депутаты болдым, Комитетті басқардым.

Жазып алған Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button