Анаға тағзым

Жеңгем мені шешемдей мәпеледі

Дания ЕСПАЕВА, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы — ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіруге негізделген. Міне, Ақтөбеде қолға алынған «Анаға тағзым» рухани-адамгершілік тұрғыда тәрбие беру орталығы осыны меңзейді. Әрине, өз елім, өз жерімде осындай бірегей          әрі маңыздылығы жоғары жобалардың іске асырылып жатқанына ерекше қуанып отырамын. Соңғы жылдары Ақтөбе өңірінде көптеген ірі бастамалар, тың идеялар іске асырылып жатыр. Бірақ солардың ішінде «Анаға тағзым» жобасының орны ерекше. Бұл жобаның мән-маңызы зор. Себебі бүкіл адамзат, әрине, оның ішінде қазақ халқы ананы сыйлау, анаға құрмет көрсетуді өзінің перзенттік парызы санайды.

Ана — әрбір адам баласы үшін ең ыстық, жанға жақын, мағыналы да қастерлі ұғым. Адамзат баласы алғаш дүние есігін ашқанда ананың ыстық алақанын сезініп, ақ сүтімен жетіледі.  Сондықтан анаға құрметпен қарау, жас аналарды отбасылық өмірге бейімдеу, бала тәрбиесі, қыздарымызға болашақ ана болудың қыр-сырын үйретуде әрі осы бағытта рухани-адамгершілік тәрбие беруде Ақтөбеде жүзеге асырылған «Анаға тағзым» орталығы мақсатты бағытта жұмыс жасайтынына сенімдімін. Мұндай істің бастамашысы болған облыс әкімі Бердібек Машбекұлына айтар алғысым ерекше.

Республикада бірінші болып Ақтөбеде ұйымдастырылғалы жатқан «Анаға тағзым» аналар слетіне міндетті түрде барамын. Облыс шежіресінде алтын әріптермен жазылып қалатын айтулы оқиғаның куәгері болатыныма қуаныштымын.

Мен де анамның маған сыйлаған мәнді өмірі үшін алғысым шексіз. Өкінішке қарай, мен ата-анадан ерте айырылдым. Бір  жасымда анам өмірден озыпты. Әкем 12 жасқа толған шағымда дүниеден өтті. Өзім төрт ағайындымын. Менің ендігі тәрбием ағам Едірес пен жеңгем Сәлиманың жауапкершілігінде болды. Жеңгем мені анамдай мәпеледі. Биыл бұл кісілер мерейлі жетпіс жасқа толды. Анам мені өмірге әкелгенмен, ана орнында мені тәрбиелеген асыл жеңгем Сәлиманың маған берген тәрбиесін, жасаған жақсылықтарын ұмыту мүмкін емес. Мен аға-жеңгемнің тұңғышы есебінде бой жеттім. Сондықтан ана туралы әңгіме қозғалған шақта, мен «менің анам» деген сөзді жеңгеме бағыттап айтамын.

Мен де қазір екі баланың анасымын, биыл бірінші сыныпқа қадам басқан немеремнің әжесімін. Шаңыраққа екі келін түсіріп, келіндерімді өз анасындай бауырыма басып, тәрбиелеп жатқан жайым бар. Алла қаласа, жақын күндері екінші немерем дүние есігін ашпақ. Өз басым маңызды қызметте еңбек ететін болғандықтан, әже ретінде немерелерімен ертек айтып беретін уақыт тапшы. Екі келінім де — Ақтөбенің қыздары. Келіндеріммен сырласып, ене ретінде ақыл-кеңесімді айтудан жалықпаймын.

Өз басым Мәжіліс депутаты ретінде туған жерге жылына 3-4 рет барамын. Әр барған сайын кіндік қаным тамған Мәртөк ауданы Жайсаң елді мекеніндегі ауылыма барып, ел-жұртпен қауышып, бауырларымды көріп, мауқымды басып қайтамын. Айтпағым, туған жерге әр келгенде Ақтөбе мені әртүрлі жаңалығымен күтіп тұрады. Жыл сайын Ақтөбеде республика, халықаралық деңгейде үлкен-үлкен форумдар, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге негізделген форумдар ұйымдастырылып жатады. «Анаға тағзым» аналар слеті осындай бастамалардың, тың идеялардың жалғасы іспетті.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button