Анаға тағзым

«Енеммен 38 жылдан бері бірге тұрамыз»

Аналар слеті қарсаңында Ақтөбе қалалық мәслихаттың хатшысы Сұлупан Шынтасова өзінің анасы мен енесі, келін боп түскен әулеті жайлы айтып берді.

— Бұл мағыналы, дұрыс шара деп ойлаймын. «Әйел — бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» демекші, біздің осылай жақсы өмір сүруіміз аналарымыздың арқасында екені даусыз. Басқасын есептемегенде, олар бізге жарық дүниені көру мүмкіндігін сыйлады ғой. Хан да, қарапайым адам да анадан шыққан. Ол кісілерді құрметтеу керек, — деген Сұлупан Шынтасова қоғамдағы ананың, жалпы әйел затының беделін көтеретін, солардың құқығын қорғайтын шаралардың көптеп ұйымдастырылуына тілекші екенін жеткізді.

Оның айтуынша, облыста көпбалалы аналар аз емес. Соған сәйкес, олардың мәселелері де бірталай. Оның барлығымен Үкіметтік деңгеймен шектелмей, қоғам болып күресуіміз қажет дейді ол.

— Облыста өткелі отырған шара жаңадан келін боп түскендерге, жас қыздарға да үлгі болатыны анық. Слет арқылы отбасы құндылықтарын насихаттай білсек, соның өзі үлкен олжа. Неге десеңіз, өкінішке қарай, облыста ажырасулар саны азаймай отыр. Бұның барлығы айналып келгенде әйелдерге байланысты дер едім. Солардың таным-түсінігі, тәрбиесі жақсы болса, мұндай келеңсіздіктер орын алмас еді. Көпбалалы аналарды үлгі етіп, дәріптесек, демографиямыз бен отбасы институты да жақсы болады, — деп ой бөлісті кейіпкеріміз.

Өзі де көпбалалы отбасында туып-өскенін айтқан ол бүгінде мемлекеттік қызметтен бөлек, ана, ене, әже сынды ұғымдарды қатар алып жүргенін айтты.

— Бір қынжылтатыны, қазіргі таңда анам арамызда жоқ. Қайтыс болып кетті… Есімі — Күміс. Бір айтарым, енем екеуі өте тату болды. Жас жұбайлардың тіл табысып, жақсы отбасы болуы құдаларға да байланысты ғой.

Жолдасым отбасында ұлдың кенжесі болғандықтан, келін боп түскелі ата-енеміздің қолында тұрып келе жатырмыз. Міне, 38 жылдан асты, енеммен біргеміз.

Алғашында орыс қолдау болып, қазақтың салт-дәстүрін онша білмейтінмін. Соның барлығын енем үйретті. Қазіргі таңда енемнің жасы 97-ге келді. Шүкір, жағдайы жақсы. Үлкен кісілер бізге жастайымыздан еңбекқор болыңдар деп «құлағымызға құйды» ғой. Бүгінде соның тек жақсылығын көріп жатырмыз, — дейді С.Шынтасова.

Сөз арасында Ақтөбе қалалық мәслихаттың хатшысы«Анаға тағзым» орталығының ашылуы жастарды тек жақсылыққа үндейтінін, оның оңды әсері көп ұзамай байқалатынын келтірді.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button