Анаға тағзым

«Мұндай орталық тек Қытай мен Ресейде бар…»

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші Светлана Айтбаева елімізде баламасы жоқ «Анаға тағзым» кешені мен Аналар слётінің ерекшеліктері туралы ой-пікірін білдіріп, оның мән-маңызы жоғары екенін атап өтті.

— Бірер күнде біздің өңірде ерекше мағынаға ие, керемет басқосу өткелі отыр. Бұған дейін республикалық Әкелер форумын өткізген Ақтөбе жұрты енді аналарға құрмет-қошемет көрсетпек. Аналар слёті деген өзінің аты да, заты да әдемі шараның маңызы зор, тәрбиелік мәні терең деп білемін. Рас, аналар, қыз-келіншектерге қатысты қаламызда көптеген шаралар өткізіліп жүр. Бірақ республикалық деңгейде, облыстық әкімдіктің  тікелей мұрындық болуымен тұңғыш рет қолға алынып тұр бұл.

Осы шараның жаңаша сипатта өтетініне сенімім кәміл. Өйткені Ақтөбеге көптен бері ат ізін салмаған, көпшілікке аты мәлім, осы жерден шыққан аяулы апа-сіңлілеріміз, қыздарымыз келе жатыр. Қазақстанда өз саласы бойынша үлкен жетістіктерге жеткен ханымдар төбе көрсетеді деп күтілуде. Тұлғалардың басында, әрине, қазақтың бұлбұлы Бибігүл Ахметқызы (Төлегенова — А.С.) тұр. Апамыздың өзімен сөйлескенімде, ол бұл бастаманы бірауыздан қолдап, келетінін айтты. Жасының үлкендігіне қарамастан, осындағы сіңлілерімен ақыл-кеңесімен бөліспекші. Танымал әншінің келуінің өзі слётке айрықша мән береді деп ойлаймын.

— Сіздің ойыңызша, аталған слёт ақтөбелік қыз-келіншектерге не береді?

— Шараға әр салада еңбек етіп жүрген мықты мамандар келіп, шеберлік сабақтарын өткізеді. Арнайы қонақ боп келетін білікті дәрігерлер адамдарды қабылдайды. Семинар-тренингтер ұйымдастырылады. Ал өнер шеберлері өзінің шығармашылық тұрғыдағы тартуын ұсынғалы отыр. Осы қаланың тұрғындары — қаншама мықты аналарымыз бар, олар да көрген-білгенімен бөлісіп, өмірлік тәжірибесін ортаға салады. Бұның барлығы қыздарға үлгі-өнеге болып, пайдасына жарайтыны сөзсіз.

— «Анаға тағзым» кешенінің ашылуы тағы бар…

— Бұл орталық халықтың, кәсіпкерлердің, жалпы ақтөбеліктердің қаражатына тұрғызылғаны белгілі. Менің естуімше, мұндай кешен тек Пекин қаласында, сосын Ресейдің бір өңірінде ғана бар екен. Сондықтан осы ғимараттың слёт жұмысы аясында пайдалануға берілуі жерлестеріме ерекше қуаныш сыйлайды деген ойдамын.

Келушілер кешенге барғанда, осы жерде өсіп-өнген қазақтың мықты қыздары туралы мәліметті жан-жақты ала алады. Яғни орталықтың тарихи тұрғыда да маңызы зор. Алдын ала естігенім бойынша, 1-қабаты түгелдей мұражайға арналады деп жоспарланып отыр екен. Бұдан бөлек, соның ішінен енді өсіп келе жатқан қыздарға рухани-танымдық тәрбие беру мақсатында орталықтар ашылатынын құлағым шалды.

Біздің қаламызда ғана емес, республикада баламасы жоқ осындай орталықтың бой көтеретініне қуанышым шексіз. Идеологиялық жағынан аналарға тағзым етейік, өскелең ұрпаққа осы төңіректе үлгі көрсетейік деген идеяның сәтті жүзеге асатынына сенімдімін.

— Ең бастысы, әр адам анасымен бірге барып, ерекше әсер алып қайтатын ғимарат дейсіз ғой.

— Сөзсіз, солай. «Анаға тағзым» өзімнің де аналарыммен жиі барып тұратын орталыққа айналатынына күмәнім жоқ. Анам Бибігүл Төлемісова ауыл шаруашылығы саласында есепші боп жұмыс жасаған, қазірде зейнеткерлік демалыстағы адам. Осы Ақтөбе қаласында тұрады. Тағы бір анам (енесі — А.С.) Миуа Низамутдинова болса, өмірін ұстаздыққа арнаған жан. Немерелеріне қамқор әжелерімен, бұйыртса, жаңа орталыққа бірге барамыз деп ойлаймын.

Реті келсе, балалармен де сондағы жәдігерлермен, бірегей тұлғалардың өмірімен танысуға болады. Қанат екеуміздің үш баланың ата-анасы екенімізді білесіздер. Димаш негізі ата-енемнің баласы. Үш айлығынан солардың қолында болды. Әлі күнге дейін  ол кісілерді папа-мама, ал бізді «ағатай», «Света апа» дейді. Одан кейінгі Раушан мен Әбілмансұрымыз да ата-әжесінің қамқорлығын көріп өсті. Айтайын дегенім, әсіресе, балаларға оның танымдық-тағылымдық мәні зор. Бір жағынан, бұл — үлкен тәрбие.

Қысқасы, «Анаға тағзым» талай жастың жақсы азамат боп қалыптасуына, шынымен үлгілі адамдарға қарап бой түзеуіне себепкер болатын тамаша кешен деп есептеймін.

Әңгімелескен Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button