Анаға тағзым

Ана мен бала денсаулығы — ұлт болашағы

Талшын ҮКІБАСОВА,

медицина ғылымының докторы, профессор

Ақтөбе — менің жоғары білім алып, 20 жылға жуық уақыт еңбек еткен жерім. Сондықтан бұл өңірдің топырағы мен үшін ыстық. Оралдың қызы болғаныммен, ақтөбеліктерді ерекше жақсы көремін.

Мен 1988-2008 жылдар аралығында қазіргі Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде акушер-гинекология кафедрасында, облыс орталығындағы №1 перзентханада, онкологиялық клиниканың гинекология бөлімінде көп жыл еңбек еттім. Сондай-ақ облыстық балалар ауруханасында ота жасап, кеңес беруші болып қызмет атқардым. Сол жылдары облыста дүниеге келген 20 мың баланың кіндік шешесі атандым. Бүгінде олар — бір-бір үйдің иелері, елдің азаматтары.

2008 жылы сол кездегі денсаулық сақтау министрінің шақыртуымен Астана қаласына ауыстым. Бұл жерде жеті жыл республикалық ана мен бала денсаулығын қорғау ұлттық-ғылыми орталығының гинекология бөлімін басқардым. Ол кезде маған жүктелген басты міндет — орталықтың жұмысын дұрыс жолға қою, ұжымға жақсы, тәжірибелі дәрігерлерді тарту болды. Көп еңбектенудің, ізденудің арқасында талай жетістікке қол жеткіздік. Атап айтсақ, ана мен бала өлімінің азаюын, орталықта инновациялық технологияларды пайдалануды жүзеге асырдық. 2009-2013 жылдары жыл сайын шетелдік, отандық дәрігерлердің қатысуымен шеберлік кластарын өткіздік. Бүкіл елдің тәжірибелі дәрігерлерін жинап, осы орталықта абыройлы қызмет еттім.

Бүгінде елімізде медицина саласы жан-жақты даму үстінде. Медицина саласындағы жетістіктер, жаңалықтар, жаңа технологиялар басқа шетелдерден еш кем емес.

Ана мен бала — егіз ұғым. Әйелдің ана атануы — өміріндегі ең бір бақытты кезеңі. Ал балалардың ана мейірімін, ана алақанын сезініп өсуі — бір бақыт. Сондықтан Ақтөбе жерінде осындай үлкен бастаманың жүзеге асып жатқанына қуаныштымын.

Өткен жылы Ақтөбеде өткізілген «Туған жер» республикалық форумында облыс басшысы Бердібек Машбекұлы осы жоба туралы айтқанда, мен ерекше қуанышты сезімде болдым. Бұл — өте игілікті бастама. Себебі халық үшін, ел үшін еңбек еткен, ерлік көрсеткен аналарымызды дәріптеу, оларға арнап осындай кешен салу — ұлылықтың, көрегендіктің белгісі, анаға деген құрметтің көрінісі.

Мен де ақ жаулықты анамын. Отбасында бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп, бүгінде солардан тараған 8 немеренің қызығын көріп отырмын. Әр ана үшін баласының амандығы, саулығы, абыройлы өмір сүргені маңызды. Сондықтан елімізде аналар мен балалар аман болсын деп тілеймін.

Менің анамның аты — Нәсімханым. Алты баланы дүниеге әкелген асыл анамыз бүгінде 82 жаста. Әкеміз екеуі қатар отырып, немере-шөбере сүйіп отыр. Мен — отбасында алты баланың үлкенімін. Қазіргі таңда барлығымыз медицина саласында абыройлы еңбек етіп жүрміз.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button