Анаға тағзымБасты жаңалықтар

Аты аңызға айналған арулар

БОПАЙ ХАНЫМ

Бопай ханым — Әбілқайыр ханның зайыбы, ел басқару ісіне араласқан асқан сұлу, өте ақылды, ержүрек қайраткер, аузы дуалы мәмілегер.

Бопай Адай руынан — батыр Табынайдың үлкен ұлы Сүйіндіктің қызы.

Қазақ халқы бастан кешкен аса күрделі кезеңдердің бірі ХVІІІ ғасыр болса, сол кездің саяси-әлеуметтік істеріне белсене араласқан көрнекті қайраткерлердің бірі Бопай (Бәтима) болған. Сол кездегі қазақ халқының басына ел болу немесе елдігін мүлде жоғалту қауіпі төнгенде Әбілқайыр ұстанған саяси бағытты Бопай жалтақсыз қолдап, ең бір шешуші кезеңдерде айрықша икемділік-тапқырлық танытып отырған. Мұны Бопай ханымның орыс патшайымдары Анна Иоановнаға, Елизавета Петровнаға, бригадалық генерал А.И.Тевкелевке, Орынбор губернаторы И.И.Неплюевке, канцлер А.П.Бестужев-Рюминге жазған хаттарынан және ол хаттардағы ел мүддесіне қатысты ұстанған әрекет-ниеттерінен айқын аңғаруға болады. Тарихшы А.И.Левшин: «Бопай… өзінің ақылдылығы арқасында бүкіл Кіші жүздің құрметіне бөленді және кейде оны басқаруға үлкен ықпал етті», — деп жазды (А.И.Левшин. Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей. − Алматы, 1996. 217-бет).

Бопай — алты ұл, бір қыздың анасы. Олар — Нұралы, Ералы, Қожахмет, Айшуақ, Әділ, Қаратай және Злиха. Ұлдарының бәрі өз дәуірінде ел қамымен ат үстінде өтеді. Нұралы, Ералы, Айшуақ, Қаратай әр жылдарда хан тағына отырады. Қожахмет пен Әділ сұлтандықпен өтеді.
Ханымның сұлулығы мен ақылдылығы таласқан жан болғанын ағылшын суретшісі Джон Кэстль жақсы суреттейді. Ол хан ордасында 1736 жылы болған екен. Қырықтың ортасынан асса да ханым суретшіні сұлулығымен таңдандырады. Оның үстіне бас бәйбішенің төре әулетінде зор беделге ие екенін аңғарады.

2016 жылы қазан айында Ресейдің Орынбор облысы Елек ауданындағы Бопай зираты қоршалып, тас белгі қойылды.

БОПАЙ ХАНЫМ

Бопай ханшайым — Абылай ханның немересі, Қасым төренің қызы, Кенесары ханның қарындасы, 1837-1847 жылдардағы Ресей отаршылдығына қарсы жүргізілген көтерілістің көрнекті тұлғасы. Қасым төреден туған Санжар, Есенгелді, Ағатай, Көшек, Кенесары, Наурызбай сияқты алты ұлдың ортасында ерке де еркін өскен Бопай ел ісіне ерте араласып, ақыл-көркімен жұрт аузына ілінген.

Төре Әбілқайырдың Сәмеке деген ұлына тұрмысқа шыққан Бопай одан алты перзент көрген. Ағасы Кенесары Ресей отаршыларына қарсы ашық күреске шыққан кезде, яғни 1837 жылы Бопай өзінің түскен жұртын көтеріліске қосылуға үгіттейді. Алайда қолдау таппаған соң, алты баласын ертіп көтерілісшілерге келіп қосылады. Ел тағдыры сынға түскен шақта Бопай өзінің есейген балаларын жорыққа баулып, жауапты шайқастарға салып отырған. Бұған Бопайдың он жеті жастағы баласы Төреханның (Нұрхан) қанды шайқаста ауыр жараланып, орыстардың қолына түскені айғақ (Е.Бекмаханов. Казахстан в 20-40 годы ХIХ века. − Алматы, 1947. 211-стр).

Бопай арнайы жасақталған 600 адамнан тұратын қолды бастап, көтерілісшілерді азық-түлікпен, қару-жарақпен, киім-кешекпен қамтамасыз етуде айрықша қажыр-қайрат көрсеткен. Ол сын сағаттарда қол бастап, қару алып, соғысқа да қатысады, тұтқынға да түседі. Соның бәрінде де ерлік-табандылығымен, ақыл-парасатымен танылып отырған.

Кенесары ханның қырғыз жеріндегі ақтық шайқасында Бопай ағасымен бірге шабуылға қатысқан.

Батыр Бопайдың жерленген жері Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Кілемжайған ауылынан солтүстік-батысқа қарай 15 шақырым жерде деген деректі тарихшы Серік Әжіғали өз монографиясында жазған.

Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданында, Ырғыз бойында Бопай есімімен аталатын ауыл бар.

БОТАГӨЗ БАТЫР

Ботагөз — Тама Есеттің қызы, атақты Ақ Кете Әжібай бидің келіні. 1719-1744 жылдары өмір сүрген.

…Есет батыр Әбілқайыр ханның шақыруымен Орынборға жүріп кетеді. Ондағы хан кеңесінде қазақ елін жоңғарлар шабуылынан қалай қорғау керек екендігі жөнінде мәселе қаралмақшы еді. Бұл кез өзара айтыс пен хан тағына таластан — ел қорғауға көңіл аударылған кезең-тін. Батырдың елу атқамінерімен елде жоқ екенін білген жау бейбіт жатқан елдің жылқысын түн жамылып келіп, шетінен қуып, айдай бастайды. Есет батырдың Қарабас деген қарт ағасы отыз шамалы жылқышы жігіттерді жинап, ішінде өзінің ұлы Кенжалы, Есеттің жалғыз ұлы Ақшал бар, жау айдаған көп жылқының артынан қуып кетеді. Осы кезде Ботагөз де жігітше киініп, 150-дей қаруланған адамның басын қосып, жаумен шайқасуға шығады. Қарабас бастап кеткен қуғыншыларды қалмақтар қырып тастайды. Осы жерде Есет батырдың қызы Ботагөз бастаған топ жауды екі жақтан қуып, айламен қоршап, қалмақтың Қонды деген батырын қолға түсіреді. Қондыны қазақтар жеке қоршап, кеудесіне найза тіреп тұрған уақытта күрең атты бір жігіт Қондының күжірейген мойнына қыл арқан бұғалық тастап жіберіп, шалқалай тартқанда қалмақ жерге ат үстінен гүрс етіп құлайды. Сол кезде жігіттер шапқылап өлтіреді. Жаудың біреуі де тірі қалмайды. Қондыны бұғалықтаған «жігіт» Ботагөз екен. Тарихи дерек бойынша Әжібай би жиені Есет батырдың қызына құда түсіп, Әжібай бидің баласы Барсай мен Ботагөздің некесі қиылып, отаулары тігіледі.

Әжібай бидің алты ұлы бар екен. Сол алты ұлына көшті кезек басқартып, үміт етіп көрсе, олар жер ыңғайын байқай алмай, көшті жайсыз жерге қондыра беріпті. Содан көңілі қалған би көшті Ботагөзге басқартыпты. Көш тоқтап үйлер тігілген соң Ботагөзге «Атаң шақырады» деген хабар жібереді. Есіктен кіре иіліп сәлем етіп, тізе бүккен келінге төрде шынтақтай жантайып жатқан атасы:

«Жер ыңғайын дұрыс болжағандайсың, қызым, рақмет, тек мына құдықшылар ауыз суды шығара алмай жатқан көрінеді, күрек салар жерді өзің көрсетерсің» — дейді. Ботагөз қасына Садық пен бірнеше қыз-келіншекті ертіп, су іздейді.  Жан-жағын барлап, сайдың тақырлау жеріне шығып тұрған бір түп қамысты көреді. Қамыс, ши шыққан жерде жер асты суы жақын болатынын жадында сақтаған қыз қамысты тартып қалғанда су білінеді.   Кетпенмен екі-үш ойғанда-ақ мөп-мөлдір бұлақтың көзін ашады. Келе жатқан көш сол бұлақтан су ішеді, осы бұлақ «Ботагөз бұлағы» деп тарихта қалды. Әлі күнге дейін ағып жатқан Ботагөз бұлағы Қиыл өзеніне құяды.

«Ботагөз кесенесі» 2005 жылы тұрғызылды. Кесене Ойыл ауданындағы Кемер ауылына 40 шақырым жерде Қоңырсай бойындағы Бүкіртұмсық биігінде орналасқан. Күмбезді кесененің көлемі 5х5 метр, биіктігі — 11 метр.

 

***

2014 жылы Ойылдың орталығында Ботагөз ескерткіші бой көтерді.

Былтыр Саралжын ауылының ортасында «Туған жерге тағзым» акциясы аясында жаугершілік заманда елін, жерін жаудан қорғап қалған Ботагөз батырға ескерткіш орнатылды.

Ақбота СӘҢКІБАЙҚЫЗЫ

Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелдіден 120 шақырым қашықтықта «Ақбота-Сәңкібай» қорымы бар. Осы маңда екі бөлек үлкен ақ борлы тау бар. Мұны жұрт «Ақбота-Сәңкібай» шоқысы атап кеткен. Жазық жерден бұл таудың қалай, қашан пайда болғаны туралы түрлі болжамдар бар. Ал неліктен бұл тау Ақбота-Сәңкібай аталды? Ақбота деген кім?

Сәңкібай — XVII ғасырда өмір сүрген батыр. Ол ақтабан шұбырынды жылдары қалмақтарды Еділ мен Жайықтан асыра қуу кезінде Әжібай би мен Арал батыр бастаған сарбаздарға қолдау көрсеткен. Ал Ақбота —  Сәңкібайдың қызы.    Аңыз бойынша, Сәңкібай батыр Әбілқайыр хан өткізген бір жиынға аттанғанда ауылын қалмақ шауыпты. Қаршадай ғана қайсар қыз Ақбота тез шешім қабылдап, жігіттердің басын қосып, жауға қарсы аттанады. Бұл кезде оның жасы он сегізде екен. Шайқаста ерлік көрсеткен Ақбота сол қанды қырғында көз жұмады. Сәңкібайға сүйікті қызының қазасын ақ борлы таудың етегінде естіртіпті. Батыр Ақботаның сүйегін сол таудың басына жерлеуге ұйғарыпты. Содан бері бұл жер «Ақбота-Сәңкібай» аталады.

Бұл — теңіз деңгейінен 200 метр биіктікте, жалпы көлемі 10 гектар аумақты алып жатқан «Ақбота-Сәңкібай» тарихи, табиғи ескерткіш. Ақбота — тарихи тұлға. Сол себепті, тарихи ескерткіш, ал табиғи ескерткіш саналуының себебі, бұл тау — табиғаттың тамаша туындысы. Борлы таудың тамашалығы сол, әр жағынан, әр қырынан қарасаңыз, әртүрлі бейнеге ұқсайды. Мысалы, алдынан қарасаңыз, кең етек көйлек киген әйелдің бейнесіне, ал бір қырынан қарағанда, шөгіп жатқан ботаның бейнесінен аумайды. Екінші қырынан қарағанда, кәдімгі шахмат тақтасы дерсің. Тау белдеулері мен сулар салған жыралар тауға шахмат тақтасының таңғажайып суретін салып қойған. Қай бір жылы неміс ғалымы Надежда Шилова Байғанин ауданына арнайы келіп, осы ауданнан «Шахматная королева» деген жерді іздеп жүргенін айтыпты. Аудандық мұражай қызметкерлері ғалым айтқан белгілердің «Ақбота-Сәңкібай» тауына келетінін аңғарып, сонда алып барыпты. Іздегенін тапқанына мәз болған ғалым табиғаттың тартуына таңғалыпты. Әлем ғалымдары, геологтары  «Шахматная королева» деп тамсанған ғажап мекен, міне, осы — «Ақбота-Сәңкібай» шоқысы.

МӘНІ ӘУЛИЕ

 Мәні қорымы — Ырғыз ауданындағы Шеңбертал елді мекенінен батысқа қарай 7 шақырым жерде Темірастау шыңының басында орналасқан тарихи ескерткіш. Қай ғасырда қаланғаны белгісіз.

Аңыз бойынша Мәні деген батыр қыз болған. Ол талай қол бастап, қарсылас жауын ұдайы жеңіп отырған, кейін бір жорықта қаза тапқан. Оның жерленген жерін халық әулие тұтып «Мәні әулие» деп атап кеткен. Қорымның аумағы — 2-3 гектардай. Бұл қорым болашақта археологиялық зерттеуді қажет етеді. Бұл төбені Мәні әулие десе, төбе басында қаз-қатар тастар қаланған қорымды Мәні әулие қорымы деп те атайды. Қорымда тас қоршаулар, құлыптастар. Тұтас алғанда Батыс Қазақстандағы әртүрлі бейіт ескерткіштердің жиынтығы іспетті. Қаланған тамдардың қабырғасының биіктігі 1 метрге жетеді, кейбіреуінің төрт бұрышына әдейі тас қаланып, кәдімгі төрт құлақты там бейнесіне келтірсе, қайсыбірінің қақ ортасында үйшік, сыпа тамдарға лайықтап шошақ төбе шығарылған. Негізінде мұнда тас қалаудың үлкен өнері жинақталған қабірден үлкен тастарға салынған ру белгілері көп. Табиғи үлкен қара тасқа салынған белгілерден үш жүздің ру таңбалары кездеседі. Бұл бейіттер өткен заманда туған жер үшін болған шайқастардың бірінде құрбан болған бабалардың бейіттері екені сөзсіз. Көнекөз қариялардың айтуы бойынша, патша әскеріне қарсы соғыста қаза тапқан Кенесары сарбаздарының патша әскерімен соғыста жүріп Ырғыз өзенінен кесіп өтіп, Мұғалжарға, Ембіге дейін барғаны, кейін шегініп, осы маңда болғаны белгілі. Бейіттер еш сылақсыз әртүрлі тастардан қаланған.

Мәні туралы аңыз көп… Солардың бірі туралы айтсақ, ертеде қазақ елін қалмақтар шауып, мал-мүлікпен бірге сол елдің басшысының сұлу әйелін олжалап, бір батырына қосыпты. Сол әйелден дүниеге қыз бала келіп, жасы 17-ге келгенде анасы дүние салады. Елін, жұртын бір көруді арман еткен анасы көз жұмарда қызына қалай да қазақ еліне қосылуын өтінеді. Жолын өзі айтып береді. «Бізбен бірге жеті жасар бір ер баланы ала келіп, қол-аяғын кісендеп қозы бақтырып қойған, сол бала ержетті, түр-тұлғасы батырға ұқсайды, балаға жағдайды түсіндіріп, қалғанын өзің келістіріп елге қашыңдар, ең соңғы да, ең қымбат өтінішім осы», — деп көз жұмады.

Қыз ана аманатын орындауға бел байлап, жігітке білдіреді. Жігіт менің одан асқан арманым жоқ, бірақ қол қысқа деп мұңаяды. Сонымен қыз бір күндері қару-жарақ, ат жағдайын ұйымдастырып, екеуі ел қайда деп қашады.

Қыз бен жігіттің астарына мінген сәйгүліктерге ешкім жете алмай, әкесінің аты ғана жететінін сезген қыз жігітке «әкемді өзім тоқтатам, сен артыңа қарамай кете бер», дейді. Жігіт шыдай алмай артына қараса, қыз әкесіне садағын кезеп тұр екен. Бір қате іс болар деп жігіт қыздың жанына келіп, «әкеңді атпа» деп қолқа салады.

Айтқанын тыңдамай, кейін қайтып келген жігітке қатты налыған қыз: «Бекер келдің, атпай-ақ өзім тоқтатып едім, енді не болғанын көрерсің», — дейді.

Жақындап келген әкесі қолын теріс жайып: «Көзің көргенді қолың ұстамасын», — деп теріс бата беріп, қайтып кетеді.

Қуғыншыдан құтылған екеуі біраз демалу үшін осы төбенің етегінде жағасы тал мен ну қамысқа толы жайқын суға салқындау үшін екі жерге кетеді. Бір уақытта шар еткен қыз дауысы естіледі, жігіт келсе, жылан оралған қыз талықсып жатыр екен. Сонда қыз «қалмақтың қарғысы жаман деген рас еді, әкемнің қарғысы орындалды, енді мен саған жоқпын, осы жерге мені жерле, ешқашан менің атымды атаушы болма, осы өтінішімді орында», — деп көз жұмады.

КӨКҚАТЫН ТАМЫ

 Бұрынғы Ырғыз уезі, Аманкөл болысының жерінде, Жалаңаш көлінің оңтүстік-шығысында орналасқан Көкқатын тамы деп аталатын кесене осы күнге дейін сақталған. Кесене XIX ғасырдың екінші жартысында тұрғызылса керек. Сейтқұлдың ұзағынан тарайтын Тілеп деген байдың екінші әйелі Рысбике шиеттей жас балаларымен жесір қалады. Әмеңгерлік жолмен сөз салғандардың ешқайсысына көнбеген әйел ауыл ақсақалдарының алқалы жиынына бірнеше рет түседі. Қайратына сенген әйел, ешкімге қосылғысы келмей, сөзіне құлақ аспаған жерде тентектік те көрсетеді. Ақыры алты ұлы өсіп-өніп, алты ауыл болады. Шетінен айбатты, қарулы жігіттерді ел «алты көк» атайды. Аналары қартайып дүние салғанда, алты көк анасына лайық там тұрғызыпты. Сөйтіп, Көкқатын тамы аталыпты. Алты көктен атақты батыр, би, бай кісілер шыққан. Соның бірі — Тоқсанбай. Ол асқан бай болған. Ырғызға жақын жерде ақ кірпіштен өрілген Тоқсанбай тамы бар. Рысбике қажыр-қайратының арқасында дегеніне жеткендіктен бе, өз аты ұмыт болып, Көкқатын атанады.

Сапар МӘТЕНҚЫЗЫ

Сапар Мәтенқызы Ақтөбе өңірінде дүниеге келген. Сапар қыз 16-17 жас шамасында өз руының орташа ауқатты адамына тұрмысқа шығады. Еділ мен Жайық арасындағы қалмақтар Жоңғарияға қашқан кезде Сапардың күйеуі солардың қолынан қаза табады. Сапар қазаның артын бағып, жыл өткен соң әмеңгерлік жолмен күйеуінің інісі Жанбалтаның етегінен ұстайды.

Сапар Мәтенқызы — Ресей патшалығында шаруалар күресін басуға шыққан орыс әскерлеріне қарсы күрестің аңызға айналған қолбасшысы. Әйел басымен қол бастауға қымсынып, далада жүретін бір құпия тұлға — «Көктемір» туралы аңыз таратады. Барлық іс-қимылды соның атынан жүргізіп, көзге көрінбейтін күрескер келіншек шайқасқа шығады. Алайда, орыс әскерлері оның әйел екендігі туралы ғана емес, тіпті кім екенін білмейді, «Көктемір» деген атын ғана білетін болған. «Көрінбейтін Көктемір батыр» туралы алып-қашпа әңгімелер тараған.

Кейін көтерілісшілерден әбден ығыр болып, оған қарсы мәліметтер жинау үшін Орынбор губернаторы Рейнсдорп деген шенеунік Сейітов слабодкасының татарлары жасауыл Ғұбайдулла Адгамов пен Рақымқұл Ибраевты қазақтардың ішіне жансыз етіп жұмсайды. Сонда Сапура «Көктемірдің» атынан бұйрық беріп: «Сендер губернатордың атынан қырғыз (қазақ) халқы туралы тың тыңдауға келдіңдер. Сіздер ана жақты қиратқансыздар, енді осы жерді бүлдіргілеріңіз келеді», — дегенге бәрін ұйытады.

Орыс дереккөздерінде Пугачев көтерілісі кезінде қазақ даласындағы «ұстатпайтын ұстын», «көзге көрінбейтін жан» деп аталған Сапура Мәтенқызы да жұмбақ жағдайда өмірден өтеді. Алайда азаттықтың ақ таңы үшін арпалысып, жанын құрбандыққа шалғандардың арқасында армандай бостандық жолы бізге жақындай түсті.

Көктемір Сапура қыз туралы ғалым Н.Бекмаханова «Көрінбейтін адам туралы аңыз» атты зерттеу еңбегін жазған. Көктемір (Сапура) батыр туралы Әбіш Кекілбаев, Аян Нысаналин, Әнес Сарай, т.б. жазушылардың мақалалары жарық көрген.

Аққағаз ДОСЖАНОВА

Бұдан екі жыл бұрын Ақтөбе қаласындағы көшелердің біріне қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш дәрігер, қоғам қайраткері Аққағаз Досжанованың есімі берілді. Аталған көше бойында орналасқан М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің Студенттер кешені алдына Аққағаз Досжанованың ескерткіші орнатылды.

Аққағаз Досжанова 1893 жылы Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданының Бөрте ауылында туып-өскен. Ол татар мектебі мен Орынбордағы әйелдер гимназиясын бітірді. Кейін Мәскеу университетінің медицина факультетінде білім алды. Ол Мәскеудегi татар студенттерi қоғамының белсендi мүшесi болды. Мәскеуде оқып жүргенінде Аққағаз Досжанова науқасқа шалдықты. Құрбы-құрдастарының көмегiмен ауруханада емделгенімен, еміне шипа болмай, туған еліне оралады. Осылайша ол 1918 жылдың күзiнде курстың «қайырымды медбике» бөлiмiн асығыс аяқтайды. Елге оралып, бiр жылдай ауылда тынығып, денсаулығын түзеген Аққағаз  Томск қаласындағы дәрiгерлiк институтқа оқуға түстi. 1921 жылы Ташкенттегі Түркістан халық университетінің медицина факультетіне ауысады. Аққағаз Досжанованың қазақ зиялыларымен достығы осы Ташкентте басталды.

Ол сабақтан тыс уақытында қалалық акушерлiк-гинекологиялық клиникада ординатор болып жұмыс iстедi. Аққағаз Досжанованың Ташкентте жүргенде жасаған игi iстерiнiң бiрi — панасыз балаларды қамқорлығына алып, оларды балалар үйiне орналастырумен айналысты. Орынбор, Жизақ, Самарқанд, Бұқар қалаларынан жиналған жетiмдердi қарсы алып, шұғыл жәрдем көрсету тобына жетекшiлiк еттi.

1922 жылы Аққағаз Досжанова Түркiстан мемлекеттiк университетiн тәмамдады. Сол уақытта Түркiстан республикасы Атқару комитетi төрағасының орынбасары қызметiн атқаратын Сұлтанбек Қожанов Аққағаздың оқу бітірген құрметіне арнап, Ташкенттегi қазақ зиялыларын  үйiне шақырып, дастарқан жаяды. Оған  Тұрар Рысқұлов,  Әшім Омаров, Санжар Асфендияров, Біләл Сүлеев, Сегізбай Айзунов, Нәзір Төреқұлов, Мұхамбетжан Тынышбаев, Мұхтар Әуезов, Мағжан Жұмабаев, Халел Досмұхамбетов сияқты қазақтың марқасқалары қатысады. Сол жолы олар топ болып суретке түседі, сол сурет қазір тарихи құжатқа айналды. 1922 жылы 14 желтоқсанда Түркістан Республикасының халық комиссарлары советінің төрағасы Тұрар Рысқұловтың өзі арнайы қаулы шығарып,Түркістандағы Орталық Азия университетінде оқып жүрген жергілікті ұлт қыздарына (яғни қазақ қыздарына) А.Досжанова атындағы стипендия тағайындалады. Аққағаздың өзіне де 100 мың рубль сыйақы бөлгізеді. Бұл туралы Сәйділ Талжановтың «Адам туралы толғау» («Жазушы» баспасы, 1965 жыл) кітабындағы «Телқара» әңгімесінде мынадай жолдар бар: «САГУ-дің дәрігерлік факультетін бітірген алғашқы қазақ қызына зор мән беріліп, салтанатты рәсім ұйымдастырылды. Түркістанның орталық атқару комитеті «ТурЦИК» 100 сом қаржы шығарыпты және үкімет қаражаты есебінен оған дәрігерлік кабинет жабдықтау тапсырылды. Осыған байланысты Англиядан сол кездегі 10 мың стерлинг құны бар хирургиялық құралдар сатып алыныпты. Себебі Аққағаз бүкіл Күншығыста жоғары оқуды сарқа бітірген тұңғыш әйел еді».

Аққағаз Досжанова оқу бiтiрген соң гинеколог және педиатр болып жемісті еңбек еттi. Ол небары 39 жыл өмір сүрді.

Әлия МОЛДАҒҰЛОВА

Қаршадай ғана қазақ қызы небәрі 19 жасында ерлікпен қаза тапты. Қып-қысқа ғұмырында Әлия ел сүйсінерлік ерлік жасап, өшпес із қалдырып кетті.

Әлия Нұрмұхаммедқызы Молдағұлова 1925 жылдың 15 маусымында Ақтөбе облысы Қобда ауданы Бұлақ ауылында Нұрмұхаммед Сарқұлов пен Маржан Молдағұлованың отбасында дүниеге келген. Сегіз жасында анасы қайтыс болған Әлияны Алматыда тұратын нағашы ағасы алып кетеді. Ал 1935 жылдан бастап Ресейдің Ленинград қаласы Красногвардейский ауданы, Гурдин көшесіндегі №46 балалар үйінде тәрбиеленеді. Санкт-Петербургтегі №9 орта мектепте білім алады. Соғыс басталған жылы балалар үйі Ярославль облысының Вятское селосына эвакуацияланған. Әлия осындағы Вятское орта мектебінің 7-сыныбын аяқтаған соң Рыбинск авиациялық техникумына оқуға түседі. Дегенмен, 1942 жылы  Жұмысшы-шаруа Қызыл әскеріне майданға жіберу туралы өтініш жібереді. 1943 жылы мергендер даярлау жөніндегі Орталық әйелдер мектебін аяқтап, осы жылдан бастап 54-арнайы атқыштар бригадасы 4-батальонының снайпері болған. Батыр қыз 1944 жылдың 14 қаңтарында Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники ауданы Казачиха ауылы маңында болған соғыста ерлікпен қаза тапты. Батыр Новосокольники ауданының Монаково ауылында жерленді. Ол қайтыс болғаннан кейін, 1944 жылдың 4 маусымында Кеңес Одағы Батыры атағы берілді.

Мемориалдық кешен

 2005 жылы Ақтөбе қаласындағы Ә.Молдағұлова даңғылы мен ағайынды Жұбановтар көшесінің қиылысында Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың мемориалдық кешені ашылды.

Ескерткіш көлемі 830,0 шаршы метрді алып жатыр. Гранитпен қапталғаны — 915,0 шаршы метр. Гүлзардың жалпы алаңы — 2175 шаршы метр.

Қола мүсіннің биіктігі — 3,5 м, гранитпен қапталған тұғырдың биіктігі — 2,43 м.

Батыс жағында екі жартысфера тәрізді барельефте қазақ халқының тарихы бейнеленген. Барельефтің биіктігі —  2 м, ұзындығы —  13,8 м.

Архитектуралық ансамбльге гүл егетін орындар, жарық түсіретін шамдар, орындықтар, көгалдандыру алаңдары кіреді.

Интернет материалдары бойынша әзірленді.

 Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button