Анаға тағзым

«Енемнің арқасы!»

Өмір мен өнерде қол ұстасқан, Ақтөбеден шыққан жұлдызды жұп Мирас-Құралай Бекжановтарды көпшілік жақсы біледі. Осы орайда өмірге 4 бала әкеліп, көпбалалы ана атанып отырған Құралай — Аналар слетіне келетін қонақтардың бірі. Ол «біздің сахнада жарқырап, бәріне үлгеріп жүргеніміз алдымен үйдегі енемнің арқасында» дейді.

— Өзім келін боп түскен, бағымды ашқан Ақтөбедей мекенде Аналар слетінің ұйымдастырылып жатқанына қуаныштымын. «Жұмақтың кілті ананың табанының астында» деп бекер айтылмаған ғой, тіршіліктің бастаушысына құрметтің қай-қайсысын жасасақ та жарасады. Алладан кейінгі табынатын, қолдау күтіп, ерекше бас иетін аналарымызға осылай көңіл бөліп жатқанына разымын. Сондықтан осындай шара өтеді дегенді естігенде, көп ұзамай оған қонақ ретінде шақырылғанда, қуана келістім. Қазіргідей адами құндылықтар онша көп бағаланбайтын, анасын сыйламайтындардың оқыс әрекеттері жер-жерде айтылып жатқан уақытта мұндай басқосулар аса қажет. Бір сөзбен айтқанда, Аналар слетінің өтуін қолдаймын. Бұл бастаманың еліміздің өзге де облыстарында жалғасқанын қалаймын, — дейді Құралай.

Осыдан 18 жыл бұрын Бекжановтар әулетіне келін боп түскен Семей өңірінің қызы әуелі өзінің анасы туралы әңгімеледі. 8 баланың әрқайсысын оқытып, бір-бір отбасы болуына үлкен еңбек сіңірген Күлсайран апай туралы Құралайдың өзі: «Анам өте көпшіл, мейірімді адам еді. Әлі есімде, қырдың басына шығып, сабақтан келетін балаларын асыға күтетін… Өмір бойы негізінен сол ауылдың бітпейтін жұмысымен айналысты ғой. Сиыр сауу, тамақ дайындау, үй жинау… Қай-қайсысының, айта берсең, шегі көрінбейді емес пе? Баланы да туып, үйдің жұмысын да жасап, бәріне уақыт тапқан анама махаббатым жыл өткен сайын артпаса, кеміген жоқ. Алдағы қазан айында анамнан айырылып қалғаныма 3 жыл толады… Қолымыздан келетіні — Құран бағыштап, еске алу. Анама деген сағынышым жылдар өте келе тек үдей түсетінін білемін», — деп аяулы анасын тебіреніспен еске алды әңгімелесушіміз.

Әлгінде айтқанымыздай, Құралай — бүгінде бір ұл мен үш қыздың анасы. Арыстанбек, Іңкәр, Кәмшат пен Айсұлуға ерлі-зайыпты әншілер гастрольге кеткенде, әжесі қарайды екен. Келіндік әдепке сай   енесінің есімін атай алмайтынын айтқан өнер иесі, есесіне, «үйдегі басты адамның» қолдау-көмегіне кеңінен тоқталды.

— Шыны керек, бәрі сол кісінің арқасында ғой. Бала-шаға да, Мирас екеуміз де соған тікелей бағынамыз (күліп). Айтқанын екі етпеуге тырысамыз. Өйткені біздің балаларымызға қамқор болып, үйдің тірлігін де дөңгелентіп отырған анамыз. Тіпті оны «ене» дей алмайды екенмін. Ол — мамамыз.

Өмір бойы кітапханашы болып, қазіргі таңда құрметті демалысқа шыққан мамамыздың есімін айтқаным ыңғайсыздау болар. Венера ғаламшарының қазақша атауы десем, оқырмандардың өздері түсінер, — деп сыр ақтарды Құралай.

Шолпан ананың қанатының астында өсіп-өніп, бүгінде қос аққудай жарасып жүрген Мирас пен Құралайдың отбасылық өмірдегі тынысы осындай.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button