Анаға тағзым

Әйел балаларымен әдемі

Ақтөбеден шыққан әнші Жадыра Арыстанованың ойынша, ананың ақылы мен ененің тәлімін ешқандай мектеп бере алмайды. «Әйел заты әуелі жеке өмірінде толыққанды қалыптасуы керек», — дейді ол.

— Әрине, әр адамның өмірінде ананың алатын орны бөлек. Өзгелер секілді мен де анаммен мақтанамын. Анам Дәметкен Іздібайқызы ауылда сауыншы боп еңбек етіп, жылына 3 мың тоннаға дейін сүт сауған, осылайша, үздіктердің қатарынан көрінген мамандардың бірі болған. Кезінде бұл жетістігі үшін  облыс әкімінің қолынан Алғыс хаттар да алғанын айта кетсем деймін. Өнерден де құралақан болмай, маған домбыра тартуды, халық әндерін үйреткен. Көпшіл, мейірімді, қонақжай адам еді… Әттең, арамыздан ерте кетті. Бар болғаны 45 жасында қайтыс болды. Бірақ жастай кетсе де, ол кісінің көзін көргендер әлі күнге жақсылықтарын, айтқан сөздерін, игілікті істерін айтып отырады. Енем туралы да ойымда тек жақсы естеліктер қалды. Жолдасыммен енемнің қолында екі жыл тұрып, батасын алғанмын. Ол кісі де көпбалалы ана болған, — деп жақындарын еске алды Жадыра.

Жыл өткен сайын әйелдердің қоғамдағы рөлі артып, кез келген салада еңбек ететін нәзік жандылардың көбейіп келе жатқанын айтқан өнер иесі — Аналар слетінің қонақтарының бірі. Оның сөзінше, замандастарымен, апа-әжелермен қауышып, өзара пікір алмасудың өзі — кейінгі ұрпаққа, жастарға үлкен өнеге. Ал «Анаға тағзым» мәдени орталығының ашылуы — талай қыздардың сондағы шағын мұражайда суреті ілінген қайраткер әйелдерге қарап, бой түзеуіне мұрындық болады.

«Марқұм енем: «Әйелдің еріне қызмет еткені — еліне қызмет еткені» деп айтып отырушы еді. Сондықтан қызметке, қоғамдық жұмыстарға уақыт тапқан жақсы, бірақ әйел адам алдымен отбасы-ошақ қасына, жеке өміріне көбірек мән беру керек деп есептеймін. Әйел әуелі ана, жар ретінде әдемі. Өзімнен кейін ерген сіңлілерім осыны ұмытпаса, жаман болмайды. Жолдасым  Марат екеуміз қос құлынымыз Рысқұл, Темірланға бар уақытымызды арнап, солардың саналы, жақсы азамат болып қалыптасқанын қалаймыз», — дейді  Жадыра Арыстанова.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button