Жаңалықтар

Өрттің алдын алу жұмыстары жандандырылды

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысында өртке қарсы жұмыстарды жандандыруды тапсырды.

Ағымдағы жылдың 8 айында тұрғын үй секторында 287 өрт тіркелді.  Материалдық залал шамамен 7 миллион теңгені құрады.

Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бауыржан Сыздықовтың айтуынша, өрттің пайда болуының негізгі себептері — отты абайсыз және ұқыпсыз қолдану, электр жабдықтарын монтаждау және техникалық пайдалану ережелерін бұзу, пештерді жобалау мен пайдалану ережелерін бұзу, сондай-ақ балалардың отпен ойнауы.

Облыс басшысы тұрғын үй секторындағы және барлық әлеуметтік нысандарда өрт қауіпсіздігінің жай-күйін бақылауды күшейтуді тапсырды.

Сондай-ақ техникалық бақылау жүргізетін станциялар жұмыстарының сапасына назар аударуды тапсырды. Себебі жыл басынан бері облыс бойынша автокөліктер өртенуінің 106 дерегі тіркелді. Сексен жағдайда өрттің шығу себебі электр сымдарының қысқа тұйықталуынан болып отыр. Алайда, көліктің  электр сымдарында ақаулар бар екенін жылдағы техникалық байқаудан өткiзу кезiнде алдын ала анықтауға болады.

— Негізгі міндет — азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Облыс аудандарының, Ақтөбе қаласының әкімдері төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, айтылған проблемалық мәселелерді талқылап, оларды жою бойынша тиімді шаралар қабылдау керек, — деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Жалпы, кездесу барысында алдағы жылу маусымына дайындық қаралды.

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Дастан Амановтың айтуынша, 586 қазандықты. 238,9 км. жылу желілері, 482,3 км. сумен жабдықтау және су бұру желілері, 272,9 км. электр желілері, 1 590 әлеуметтік нысан және 2, 5 мыңнан астам көппәтерлі үйлерді жөндеу жұмыстары бүгінде 99%-ға орындалды.

Облыс халқының көмірге сұранысы 40 880 тоннаны құрайды. Бүгінгі күні шамамен 10 мың тонна көмір жеткізілді.

Бердібек Сапарбаев тиісті органдарға қатты отын жеткізуді, сондай-ақ бағасын қадағалауды тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button