Басты жаңалықтар

Жасай бер, Қобдам, ырыс-құт қонған!

Өткен демалыс күндері Ақтөбеде «Туған жерім — нұрлы елім» акциясы аясында Қобда ауданы күндері өтті. Екі күнге созылған аудан күндері барысында ұлы Қобда өзенін жағалай қонған жұрттың кешегісі мен бүгінгісін әйгілейтін түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды.

Өмір сыйла өзгеге!

Қобда күндері облыстық қан орталығында өткен «Өмір сыйла өзгеге!» атты донорлық акциясымен басталды. Акцияға 100-ден астам қобдалық қатысты. Аудандық аурухананың бас дәрігері Ботагөз Саренованың айтуынша, қан тапсыруға келген 120 адамның ішінде аудан тұрғындары, мемлекеттік қызметкерлер, медицина қызметкерлері, мұғалімдер, басқа да сала мамандары бар.

— Талап бойынша, қан тапсырғаннан кейін әр донорға 600 теңге төленеді.  Мен өз әріптестеріме осы қаражатты жинап, «Үміт» балалар үйіне көмек ретінде беруге үндеу тастадым, барлығы бұл ұсынысты бірауыздан қолдады, — дейді ол.

Донорлар арасында аудан әкімінің орынбасары Баянбек Қырықбаев та бар екен.  «Бірінші рет қан тапсыруға келіп тұрмын», — дейді ол.

Қобдалықтар таңғы тоғыздан бастап кешкі алтыға дейін қан тапсыру акциясына қатысты.

Жан жылуы

Бұдан соң қобдалықтар Жұбановтар әлеміндемүмкіндігі шектеулі азаматтармен кездесті. «Жан жылуы» тақырыбындағы шараға аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет, Ақтөбе қаласының сал ауруына шалдыққан азаматтарды қорғау қоғамы» қоғамдық бірлестігінің басшысы, қоғам белсендісі, облыс әкімінің кеңесшісі ҚұралайБайменова, осы қоғам мүшелері, қобдалық жастар, соның ішінде Ақтөбедегі жоғары, арнаулы оқу орындарында оқып жатқан қобдалықтар  қатысты.

Жиынды ашқан аудан әкімі М.Шермағанбеттің айтуынша, акция мақсаты — ерекше жағдайды қажет ететін азаматтарға қолдау көрсету, олардың өмірге деген құштарлығын арттыру.

— Қобда күндерін донорлық акциямен және осындай қайырымдылық шаралармен бастадық. Халқымыздың ертеңі — белсенді жастардың қолында. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміз тәуелсіздік алғалы бері жастарға бар жағдайды жасап келеді. Жастардың адамгершілігі мол, қайырымды болып өсуі үшін осындай шараларды жиі ұйымдастыру керек, — дей келе аудан әкімі Құралай Байменоваға және мүмкіндігі шектеулі бірнеше азаматқа қобдалықтар атынан сый-сияпат ұсынды.

Өз кезегінде Қ.Байменова қобдалықтардың сыйлығын «Чернобыль құрбандары» қоғамдық бірлестігіне ұсынды. «Қобда өңірі керемет дамып келе жатыр, ауданға барған сайын соны өз көзімізбен көріп, риза боламыз. Сіздерге, қобдалықтарға, осындай шара өткізгендеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Осы шараны пайдаланып, «Чернобыль құрбандары» қоғамдық бірлестігіне қобдалықтар ұсынған ноутбукты бергім келіп отыр, себебі бірлестікте жұмыс істеу үшін қажетті техникалық құралдар жоқтың қасы», — деді ол.

Жиында Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығының атқарушы директоры Гүлмирам Сражева ақылшысы Қ.Байменоваға, осындай азаматтарды туғызған Қобда жеріне, қобдалықтарға алғысын білдірді. «Қос шынар» қоғамдық қорының төрағасы Ғалымжан Байдербес акцияға келген жастарға туған жерді, Отанды сүюге, бар жақсылықтың бастауы туған жерде көрген тәрбиеден басталатынын тілге тиек етті. 

Кітапханадағы шаралар

Қобда күндері аясында Ақтөбедегі кітапханаларда да шаралар өткізілді. Мәселен, облыстық балалар кітапханасында «Балалар жылы аясында «Біз  бақытты баламыз» атты балаларға арналған байқау ұйымдастырылды, оған Б.Момышұлы атындағы қазақ орта мектебінің оқушылары қатысты. Сондай-ақ «Рухы берік, рухани  ел», «Кітаппен  селфи» көрмелері,«Менің бақытты отбасым» атты суретшілер сайысыұйымдастырылды. Қазылар алқасы жас суретшілердің 45 жұмысын саралап, оның 18-ін үздік деп тапты. Жеңімпаздарға сыйлықтар үлестірілді.

Ал С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада қобдалық жас ақын Арман Қабыловтың «Арнау» өлеңдер жинағының таныстырылымы болды.

Шараға жас ақындар, айтыскер ақындар, шығармашыл жастар қатысты.

«Арнау» — Арманның алғашқы кітабы. Ол облыстық мәслихат депутаты,жастар жанашыры ХайдарІлиясовтың демеушілігімен 100 данада шығарылды.

Мерген Әлиялар

Қобда күндері аясында Ақтөбе қалалық №55 орта мектебінің тир залында Астананың 20 жылдығына орай Әлия есімді қыздарарасында«Мерген ару» сайысы өтті.

— Шара мақсаты — Кеңес Одағының Батыры, қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұлованың ерлік жолын насихаттау, жастар арасында отансүйгіштік және патриоттық сана-сезімді қалыптастыру. Сайысқа Әлия есімді жиырма қыз бала қатысуға өтінім берді, — дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ақшолпан Оразова.

Шараға облыстық қорғаныс істері бөлімі, Әлия Молдағұлованың тума-туыстары, «Қос шынар» қоғамдық бірлестігінің, облыстық Әлия музейі мен Ақтөбе қалалық білім бөлімі өкілдері, жастар, студенттер мен оқушылар қатысты.

Мерген қыздардың барлығы нысанаға дөп тигізуге тырысты. Бабы мен бағы қатар жанған Әлия Жұлдызбаева, Әлия Молдағұлова есімді қыз балаларға орталық саябақта өткен мерекелік шара кезінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев сайыс медалін, диплом мен арнайы сыйлықтарды тапсырды.

Қаһарман қыз Әлия

Қобданың атын өткен ғасырдың қырқыншы жылдарында-ақ әлемге әйгілеген қазақтың қаршадай қызы Әлия Молдағұлова туралы ән-жырлар баршылық. Оның қатарын қобдалықтар әзірлеген «Қаһарман қыз Әлия» қойылымы толықтырды.

Сая Қасымбектің «Әлия» драмасы бойынша қойылған спектакльдің режиссері —Қобда аудандық Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Гүлзада Боқанова.

Қобда аудандық Мәдениет үйі әуесқой театр ұжымы қойған спектакль екі актіден тұрады. Г.Боқанованың айтуынша, оны дайындауға бір айдан астам уақыт кеткен.

— Қойылымның сәтті шығуына Мәдениет үйінің қызметкерлері, басқа салада жұмыс істейтін қобдалықтар, сонымен бірге мектеп оқшылары да бір кісідей атсалысты. Әлия Молдағұлованың ролін Қобда гимназиясының 8-сынып оқушысы Әлия Досаева сәтті алып шықты. Оқушылар Айнұр Ғалымжанова, Наташа Крапевницкаялар Әлияның мерген достарының ролін сомдады. Сондай-ақ аудандық Мәдениет үйінің қызметкерлері, басқа да салаларда еңбек ететін халықтық театр мүшелері Жұлдыз Көпбаева, Ерлан Мәмбетов, Жалғас Бигесінов, Берік Орынбасар, Құттымұрат Отарбаев, Нұржан Әбжан, Кәмшат Досаевалар да өз ролдерін сәтті алып шығуға тырысты. «Қарлығаш» би ансамблінің жетекшісі Алтынгүл Тұрарова, ансамбль мүшелері де барынша еңбектенді. Халық өте жылы қабылдады, — дейді Г.Боқанова.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әзірленген қойылым Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында көрсетілді.

Қобданың дәмі

Аудан күндерінің екінші күнінде қобдалықтар ақтөбеліктер мен қала қонақтарын «Табыс» коммуналдық базарында күтті. Жай күткен жоқ, табақ-табақ етімен, май-қаймағымен, құрт-ірімшігімен, тары-жармасымен, қымыз-шұбатымен күтті.

Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Жанаргүл Бибітованың айтуынша, «Құт-береке дарыған Қобда»деп аталған ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне қобдалықтар8 тоннадан астам ет, 10 тонна көкөніс, 100 келі қоян еті, 500 келі құс еті, 100 келі сары май, 50 литр айран, 100 келі қаймақ, 200 келі ірімшік, 100 литр қымыз, 20 литр ешкі сүтін әкелген.

Ақтөбеліктер күнмен бірге оянып, жәрмеңкеге бірінші келуге, ауылдың арзан өнімінен алуға тырысты. «Ауылдың дәмі экологиялық таза болады ғой. Балыққа, қолдан шайқалған майға, қаймаққа, ірімшікке сұраныс өте жоғары болды. Бағасы да нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан. Мұндай жәрмеңкелер сатып алушыға да, өнім өндірушілерге өте тиімді», — дейді Терісаққан ауылдық округінің әкімі Асылбек Клютов.

Ұлы Қобда — батырлар мекені

Сол күні кешке ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы мәдениет және демалыс саябағында«Ұлы Қобда — батырлар мекені» атты мерекелік шара өтті. Мереке барысында ауданның кешегісі мен бүгінгісін түгел қамтыған шаралар ұйымдастырылды. Саябақ ортасына тігілген екі киіз үй көшпелі музейлердің ролін атқарды. Оның бірінде Қобда ауданының, екіншісінде Атырау облысы Исатай аудандық музейлерінің жәдігерлері қойылған. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев осы көрмелерге кіріп, қобдалықтар әзірлеген мерекелік  шараларға қатысты.

Қобда аудандық музейінің ғылыми қызметкері Гүлбаршын Ерғалиеваның айтуынша, көрмеге келушілер Ақтөбе облысы бойынша «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына Қобдадан енген тарихи ескерткіштер, Қобда ауданында туған атақты тұлғалар, Кеңес Одағының батырлары, жауынгер қыздар туралы ақпараттарды біле алады. Оған қоса «Домбыралар» топтамасы бөлімінде бас домбыра, қалақ және жұмыршанақ, прима домбыралар қойылған.

Исатай аудандық музейініңкөшпелі көрмесіне келушілерді музеймеңгерушісі Гүлмира Алагөзова қарсы алды. «Көрмеден Исатай батыр туралы, аудан тарихына қатысты мәліметтерді біле аласыздар. Сондай-ақ этнографиялық жәдігерлер, соның ішінде зергерлік, тұрмыстық бұйымдар қойылған», — дейді ол.

Бұдан өзге қала тұрғындары мен көрмелерді тамашалап, тарихи қойылымдарды, гала-концертті көрді. «Бақытты бала» жобасы аясында кішкентай қобдалықтардың өз қолымен жасаған дүниелері мен ғылыми жобалары көпшілікті таңғалдырды. Ал шеберлердің қолынан шыққан аудан аумағындағы кесенелердің, кешендердің, сондай-ақ «Бейбітшілік қорғаны», «Бәйтерек» секілдіғимараттардың макеттерінің қасына тұрып, суретке түсіп жатқандарда есеп болмады.

Қарбыз фестивалі, аудандық «Сударушка» ұлттық-мәдени орталығының көрмесі,  Қазақстанның  Өзбекстандағы жылы аясындағы өзбек халқы мәдениетінің көрмесі, жерлесіміз Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның оқытушысы, «Жетіген» жеке саз мектебінің жетекшісі Нұргүл Жақыпбектің «Ұлттың үні — сарқылмас қазына» тақырыбындағы ұлттық аспаптар көрмесі, Қобдадан шыққан белгілі кәсіпкер Темірғали Ескендіровтің «Мясодел» кәсіпорнының шұжық өнімдерінің промоакциясы, спорттық сайыстар да көптің көңілінен шықты.

Қобдалық көркемөнерпаздардың қатысуымен өткен «Ұлы Қобда — батырлар мекені» тақырыбындағы гала-концерттің соңы мерекелік отшашумен аяқталды.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button