Жаңалықтар

Екі жылыжай кешені іске қосылады

Облыста жуырда өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға және импортты алмастыруға бағытталған бірнеше жоба пайдалануға беріледі. Өткен сенбі күні олардың жүзеге асырылуымен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев танысып шықты.

Атап айтқанда, Ақтөбеде өнеркәсіп типіндегі екі жылыжай кешенін іске қосу жоспарланып отыр. «Грин капитал Қазақстан» ЖШС бесінші буынының жылыжай кешенінде голландиялық жабдықтарды пайдалана отыра қияр мен қызанақ өсіретін болады. Жоба үш кезеңде 2020 жылға дейін жүзеге асырылмақ. Бірінші кезең аясында осы жылдың желтоқсан айына қарай 5 гектар жер пайдалануға беріліп, одан жылына 3 500 тонна көкөніс алу жоспарланып отыр. Ультра заманауи нысанның жалпы алаңы — 20 гектар, құны — 13,5 млрд теңге. Өндірістің толық қуаты — жылына 14 мың тонна. Жобаны жүзеге асыру өңірде жаңа жұмыс орындарын ашуға, еңбек өнімділігін арттыруға, сонымен қатар, ішкі нарықтағы жеке өндірісінің бәсекеге қабілетті жеміс-көкөніс өнімінің үлесін көбейтуге мүмкіндік береді. Артығы экспортқа жіберіледі.

1,1 гектар алаңға құлпынай егумен «ЭкоФерма-2015» айналысатын болады. Бұл — біздің облыстағы NGS тиімді технологияларын пайдалана отыра жабық топырақта құлпынай егумен айналысатын алғашқы жоба. Бүгінде негізгі құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, барлық қажетті жабдықтар монтаждалған, тіпті жидектің сынамалық топтамасы егіліп те қойған. Өндіріс жыл соңына дейін ресми түрде іске қосылады. Голландия мен Польшаның алдыңғы қатарлы технологияларын пайдалану жылына 300 тонна өнім алуға мүмкіндік береді. Кешеннің жалпы құны – 540 млн теңге, оның жартысын «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ қаржыландырған.

Жаңа өндіріс орындарының басшыларымен әңгімелескен Бердібек Сапарбаев мемлекеттік органдарға оларға қажетті қолдау көрсетуді тапсырды.

Сондай-ақ өңір басшысы балықты тоған суда өсіру технологиясын қолданатын «Мұрагер-22» ЖШС зауытының құрылысымен де танысты. Балықты тоған суда өсіру қондырғылары ХХ ғасырдың ортасында АҚШ-та пайда болған. Оның қолданылуы АҚШ-тың солтүстік-батыс штаттарында балықтың табиғи популяциясын қалпына келтірудің америкалық ұлттық бағдарламасына негізделген. Бүгінде тоған суда өсіру қондырғылары дүниежүзінің аквамәдени шаруашылығында белсенді қолданылады.  Жоба құны – 835 млн теңге. Қазіргі таңда ендігі әкелініп қойған аналық балықтарға арналған репродуктивті алаң толықтай жабдықталған, балық жемдеу және өсіру алаңдарының құрылысы жалғасуда. Жаңа өндіріс орнын келесі жылдың мамыр айында пайдалануға беру жоспарланған. Жобалық қуаты – жылына бір жарым мың тоннадан аса өнім.

Бұдан басқа, облыс әкімі 500 бас жылқыны семірту алаңының құрылыс жұмыстары жүріп жатқан Алға ауданында да болды. Жобаны жүзеге асыруға көптен бері көшім және мұғалжар жылқыларын өсірумен табысты айналысып келе жатқан «Есбол» шаруа қожалығы 100 млн теңге бөлді. Семірту алаңын биыл желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарланған.

 А.СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button