Жаңалықтар

Қылмыс азайып келеді

Мәслихат

Жұма күні облыстық мәслихаттың депутаттық өкілеттіктер мен этика, заңдылық, құқық тәртібі мәселелері және жұртшылықпен жұмыс жөніндегі және Ақтөбе облысының Қоғамдық кеңесінің тұрақты комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті.

№8 Пацаев сайлау  округінен депутат Дмитрий Довматенконың төрағалық етуімен өткен жиынға облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, тұрақты комиссияның мүшелері, облыстық мәслихат депутаттары мен облыстық Қоғамдық кеңес мүшелері, және басқарма басшылары қатысты.

Күн тәртібінде қаралған мәселе — облыстағы құқықбұзушылықтың алдын алу және қылмысқа қарсы күрестің жай-күйі және одан әрі күшейту бойынша шаралар туралы облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Махамбет Абисатов баяндады.

Оның айтуынша ағымдағы жылы заңбұзушылықтарды болдырмау үшін жүргізілген алдын алу жұмыстарының нәтижесінде өңірде қылмыс санының азайғаны байқалады.

Мәселен, рецидивтік, топтық және тұрмыстық қылмыс екі есеге, ұрлық және заңсыз операциялардың саны 1,5-2 есеге азайған. Сондай-ақ автокөлік ұрлау бойынша да жасалған қылмыс та едәуір төмендеген. Ал ауырлығы аз қылмыстар, қылмыстық құқықбұзушылықтар және зорлау, алкогольдік мас күйінде жасалған қылмыстардың саны 20%-ға азайыпты.

Бұдан өзге департамент бастығы әр санатқа қатысты, яғни қару-жарақты бақылау, іздеу, экстремизм, кісі өлтіру, ұрлау секілді қылмыстарға толықтай тоқталды.

Сондай-ақ жиын барысында күн тәртібіндегі екінші мәселе — мемлекет және үкіметтік емес ұйымдардың арасындағы өзара іс-қимылдардың негізгі бағыттары туралы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова баяндама жасады.

Баяндама барысында басқарма басшысы айтып өткендей, бүгінгі таңда облыстық әділет департаментінде 610 коммерциялық емес ұйым тіркелген. Оның ішінде 336-ы — қоғамдық бірлестіктер, 200-і – қоғамдық қорлар, 30-ы – заңды тұлғалар бірлестігі болса, 36-сы – жекеменшік мекемелер.

— Облыстық ішкі саясат басқармасы тарапынан 610 үкіметтік емес ұйымға бақылау жүргізілді. Нәтижесінде 610 ұйымның 400-ге тарта ұйымы бүгінде белсенді жұмыстар атқарып отыр. Ал 60 ұйым ешқандай қызмет атқармайды. Тоқсаны жұмысын тоқтатқаны анықталды. Жалпы үкіметтік емес ұйымдардың 81 пайызы қалада  тіркелген. Қалғаны аудандар еншісіне тиесілі, — деді Бұлбұл Елеусінова.

Облыста әр түрлі бағытта жұмыс жасайтын үкіметтік емес ұйымдардың тұрақты топтары қалыптасқан. Атап айтсақ, балаларды, жастарды, әйелдерді қолдау, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қорғау, кәсіпкерлікті дамыту, сонымен қатар, адам құқықтарын қорғау, рухани-мәдени мұраны, салауатты өмір салтын насихаттау және денсаулық сақтау саласы бағытында жұмыс жасайтын ұйымдар қызмет етуде.

Үкіметтік емес ұйымдар  өкілдері облыстық жергілікті атқарушы органдар жанындағы  25-ке  жуық  кеңес беруші-консультативтік органдардың құрамына кіріп, жоғарыда аталған мәселелерді шешуге белсенді атсалысуда.

2018 жылы үкіметтік емес ұйымдарды қаржыландыруға республикалық және облыстық бюджеттен  480 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінген. Аталған қаражат «Жасыл ел» еңбек жасақтарының қызметін ұйымдастыруға, дін саласындағы мәселелерді шешуге, суицидтің, құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатына, сонымен қатар қоғамдағы жұмыссыздық деңгейін төмендету, денсаулық сақтау саласына жұмсалады.

Жалпы облыста мемлекеттік органдардың үкіметтік емес ұйымдармен өзара жүйелі әріптестік қарым-қатынасы орнатылған. Азаматтық қоғам институттары мемлекеттік органдармен бірлесіп облыстың әлеуметтік проблемаларын шешуге және азаматтық қоғамды дамытуға септігін тигізетін көптеген қайырымдылық, ерікті, мәдени-көпшілік іс-шаралар және басқа да акциялар өткізеді.

Бұдан өзге, комиссия отырысында Мирболат Райымқұловты Ақтөбе облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі етіп тағайындау мәселесі қаралды.

Кеңейтілген отырысында облыстық мәслихат депутаттары аталған мәселелер бойынша өз сұрақтарын қойып, ескертулер мен ұсыныстарын айтты.

Жиын соңында қаралған мәселелер бойынша қаулы қабылданды.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button