Басты жаңалықтар

Тамара Дүйсенова: Ақтөбе облысында Елбасы тапсырмалары жоғары деңгейде орындалып жатыр

 

 ҮЛКЕН МҮМКІНДІК:

20 ПАЙЫЗДЫҚ ЖАРНАНЫҢ 10 ПАЙЫЗЫН ТӨЛЕУГЕ ЖЕРГІЛКТІ ӘКІМДІК КӨМЕКТЕСЕДІ

Аймақтық бастауыш партия ұйымдарының форумы пленарлық отырыста қорытындыланды. Шараға «Нұр Отан» партиясының хатшысы Тамара Дүйсенова мен облыс әкімі, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы Бердібек Сапарбаев қатысты.

Жиында сөз алған Бердібек Сапарбаев аймақтық бастауыш партия ұйымдарының форумын Ақтөбеде ұйымдастырғандығы үшін «Нұр Отан» партиясының орталық комитетіне ризашылығын білдірді. Облыс әкімі сөзінде партия төрағасының берген тапсырмаларының сапалы әрі  дер кезінде орындалуы  бастауыш партия ұйымдарының жұмыстарына тікелей байланысты екендігін айтты. Қазір біздің өңірде партияның 44 мыңға жуық мүшесі бар. Бастауыш партия ұйымдарының саны — 457.
Бердібек Машбекұлы өз сөзінде Ақтөбеде партияның қолға алған жобалары жүзеге асырылып жатқанын, жобалардың дер кезінде орындалуына күш салатындығын жеткізді.

  • Партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмаларының орындалуы үнемі бақылауда. Біз олардың уақытында әрі сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз етеміз, — деді облыс әкімі.

Сондай-ақ ол «Нұр Отан» партиясының хатшысына бес әлеуметтік бастама аясында жасалып жатқан жұмыстар туралы жан-жақты айтып берді.

  • Біз үшін ең үлкен тапсырма — партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев міндеттеген бес әлеуметтік бастаманы іске асыру. Ең негізгісі — халықты баспанамен қамту. Яғни «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыру. Аталған бағдарлама боынша Ұлттық банк және екінші деңгейлі банк филиалдарымен жұмыс атқарылып жатыр. Осы бағдарламаның негізінде біздің өңірімізде 24 мыңға жуық азамат пәтер алуға ниет білдірді. Қазір құны 1 миллиард 165 миллион теңгеге бағаланған несие бойынша арыздар қабылданды. Оның ішінде құны 758,8 миллион теңге тұратын 88 өтінім мақұлданды.

Былтыр 870 мың шаршы метр үй берген болатынбыз. Биыл ең кем дегенде 930 мың шаршы метр үй салу жөнінде өзімізге міндеттеме алдық. 8 айдың қорытындысы бойынша 470 мың шаршы метр үйді пайдалануға бердік. Бұл мақсаттағы жұмыстар жалғасатын болады.

Салық туралы айтсақ, жалақысы аз адамдардан салық жинаудың арнайы ережесі енгізілді. «7-20-25» бағдарламасы аясында үй алуға үмітті 24 мыңға жуық азаматтың жалақылары өседі. Бұл бағыттағы жұмыстар бойынша облыстық мемлекеттік кірістер департаменті жұмыс істеп жатыр.

Жатақхана жөніндегі жұмыстарға тоқталсақ, 8 жатақхана салу туралы ұсыныс бергенбіз. Білім министрлігімен, кәсіпкерлермен бірлесіп жұмыс жасап жатырмыз. Жатақханалардың құжаттарын әзірлеудеміз.

Шағын және орта бизнесті дамыту, кәсіпкерлерге қосымша несие беру бағытындағы жұмыстар да қолға алынып жатыр. Үкімет 20 миллиард теңге бөлген болатын. Соның 2 миллиард теңгесі біздің облысқа берілді. Бұл қаржы кәсіпкерлерге несие ретінде беріледі. Яғни кәсіпкерлердің өз кәсіптерін дамытуына үлкен мүмкіндік болып отыр.

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын   жүзеге асыру туралы айтсақ, Ақтөбе қаласында және барлық аудан орталықтарында 20 ІТ класс ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл мақсаттағы жұмыстардың 70 пайызы орындалды. Қалғаны жыл аяғына дейін жүзеге асырылады, — деді Бердібек Сапарбаев.

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында Ақтөбеде геопортал әзірленді. Бұл жоба кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетуге бағытталып отыр. Қаланың қай аумағында бос жер бар, ол жерге инфрақұрылым жүргізілген бе, бұл туралы порталда нақты деректер көрсетілген.

Тағы бір бағыт, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту жөніндегі жұмыстар да біздің облыста қарқынды түрде іске асырылып жатыр. Негізінен әлеуметтік салада: білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларында бірнеше ғимарат бой көтерді.

Жалпы, былтыр біз бюджеттен тыс 29 миллиард теңгені экономикамызға тартқан болатынбыз. Биыл бұл көрсеткішті 34 миллиард теңгеге жеткізу жөнінде өзімізге міндеттеме алдық, — деді облыс әкімі.

Ақтөбеде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда. Жобалық кеңсе жұмыс жасайды. Былтыр қазан айында кең көлемде жерлестер форумы өтті. Шараға 21 мемлекеттен 300-ге жуық ақтөбелік жиналды. Форум қорытындысында құны 80 миллиард теңге тұратын меморандумға қол қойылды. Жақында Аналар слеті өтеді. Бұл шара да кең көлемде ұйымдастырылады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ақтөбеде биылдан бастап «Бақытты бала» жобасы жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты — Ақтөбеде бірде-бір бала көмексіз, қолдаусыз қалмауы керек. Бұл бағыттағы жұмыстарды іске асыру үшін бюджеттен 4,7 миллиард теңге қаржы бөлінді. Сондай-ақ, бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін кәсіпкерлер де тартылды.

Бердібек Машбекұлы өз сөзінде Ақтөбеде үш жылдан бері жүзеге асырылып жатқан «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасының тиімділігін де айтты. Өткен екі жылдың қортындысы бойынша 16 мың адамға нақты көмек көрсетілді. Бұл жобаның арқасында қылмыс та айтарлықтай азайды.

Жиын барысында Тамара Дүйсенова сөз алып, Ақтөбе облысында Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың берген тапсырмалары жоғары деңгейде орындалып жатқанын тілге тиек етті.

  • Маусым айында Елбасының қатысуымен өткізілген саяси кеңестің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысына партиямыздың 24 жобасын берген болатынбыз. Соның ішінде Елбасы қолдаған жоба — геопортал. Геопортал арқылы кәсіпкерлер сатылатын жер туралы, иесіз жер туралы нақты мәліметтерді біліп, сол бойынша жұмыс жасай алады. Бүгін біз Ақтөбеде қолға алынған геопортал жұмысымен танысамыз. Ақтөбеде халықты тұрғын үймен қамту жөніндегі жұмыстар да қарқынды жүргізілуде. Жалпы Ақтөбе облысы халықтың барлық санаттары үшін пайдалануға берілетін тұрғын үйлер жөнінен де алдыңғы қатарларды еншілейді, яғни еліміз бойынша үздік бестіктің қатарында тұр. Жалпы, партия қолға алған 24 жоба Ақтөбеде жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр. Сол себепті, облыс әкімі Бердібек Машбекұлына алғыс айтамыз, — деді «Нұр Отан» партиясының хатшысы Тамара Дүйсенова.

Бұдан соң бастауыш партия ұйымдарының жұмыстарын жандандыра түсу мақсатындағы жұмыстар жөнінде бастауыш партия ұйымдарының төрағалары сөз алып, өздерінің ұсыныс-пікірлерін айтып, ойларын ортаға салды.

Жиын қорытындысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен   «Баспана» ипотекалық ұйымы АҚ басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков ниеттестік туралы меморандумға қол қойды.

  • Биыл жалпы көлемі 870 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Біз жергілікті бюджеттен ең кем дегенде 2 миллиард теңге бөлеміз. Бұл — халық үшін үлкен қолдау. Айта кету керек, бұл көмек жетім балаларға, көпбалалы отбасыларға, мемлекеттік қызметкерлерге, басқа да жекелеген санаттар бойынша берілетін болады, — деді Бердібек Сапарбаев.

Елбасының тапсырмасымен «7-20-25» бағдарламасы аясындағы жұмыстар 4 шілдеден бастап жүзеге асырыла бастады.

  • Еліміз бойынша құны 26 миллиард теңгеден асатын несиелер бойынша өтініштер түскен болатын. Соның ішінде 18 миллиард теңгеден астам несие бойынша өтініштер мақұлданды. «Нұр Отан» партиясы төрағасының тікелей тапсырмасымен «Жас арман» және «Қамқор-Баспан» жобаларын қолға алып жатырмыз. Осы жобаларды жүзеге асыру мақсатында жергілікті әкімдік 2 миллиард теңге бөлуде. Бұл — азаматтардың тұрғын үй алуы үшін жасалып жатқан үлкен мүмкіндік. Үй алу үшін төленетін 20 пайыздың 10 пайызын жергілікті әкімдік төлейді. Дегенмен, бұл қаржы қайтарымды. Дегенмен, ұзақ мерзімге пайызсыз беріледі, — деді Қайрат Алтынбеков.

«Оқы, жетіл және бөліс»

Ақтөбеге іссапар барысында «Нұр Отан» партиясының хатшысы Тамара Дүйсенова мемлекеттік қызметшілермен кездесті. Шараның өтуіне ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті мен ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ақтөбе облысы бойынша филиалы ұйытқы болды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Расул Медетов қатысты.

Кездесу барысында Тамара Дүйсенова өзінің тәжірибесімен бөлісіп, мемлекеттік қызметшілердің сұрақтарына жауап берді.

Шарада «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған «Оқы, жетіл және бөліс» атты челлендждің тұсауы кесілді. «Нұр Отан» партиясының хатшысы жиынға қатысушыларға әрбір мемлекеттік қызметші оқуы тиіс кітаптарды табыс етті.

Акция аясында мемлекеттік қызметші қысқа мерзім ішінде кітапты оқып, оны келесі мемлекеттік қызметшіге береді. Жыл соңында аталған кітаптардың мазмұны бойынша пікір алмасу өткізіліп, үздік мемлекеттік қызметшілер алғыс хаттармен және электрондық кітаптармен марапатталады. Басты мақсат — кітап оқу арқылы мемлекеттік кызметшілердің ой-өрісін арттыру.
Ақтөбенің тәжірибесі — өзгелерге үлгі

Жұмыс сапары аясында Тамара Дүйсенова «Нұр Ақтөбе» шағын ауданына барып, «7-20-25» бағдарламасы аясында салынып жатқан құрылыс жұмыстарымен танысып, ақтөбелік құрылыс компанияларының басшыларымен кездесті. Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов Тамара Қасымқызына Ақтөбе қаласында салынып жатқан тұрғын үйлер құрылысы туралы жан-жақты баяндап берді.

  • Үш қабатты және төрт қабатты үйлерді салып жатырмыз. Былтыр мұндай 22 үй бой тіктеген еді, биыл 36 пәтер еңсе көтереді. Аталған тұрғын үйлер қысқа мерзім ішінде салынады. Бұл — бір. Екіншісі — шаршы метрінің құны арзан: әр шаршы метрі 120 мың теңге. Еліміз бойынша ең төмен баға десек те болады. Сонымен қатар бұл жерде біз алты 9 қабатты үй салдық. Бірінші қабат пен ең жоғарғы қабаттағы үйлер арзан бағамен берілді, — деді Ілияс Испанов.

Бұдан соң Тамара Дүйсенова Ақтөбе қаласының бірыңғай геоақпараттық порталының тұсаукесеріне қатысты.

  • Бұл портал кәсіпкерлер үшін үлкен көмек. «Бизнестің геоақпараттық онлайн-сервисі» партиялық жобасы жер телімдерін алуда ашықтықты қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлық жағдайларының болуының алдын алады.  Қазір «Нұр Отан» партиясы осы жұмысты қоғамдық бақылауда ұстап, Үкіметпен бірлесіп, осындай біріккен онлайн жүйе құруды жалғастырып жатыр, — деді партия хатшысы.

Сондай-ақ, Тамара Қасымқызы мектептерде берілетін тағамдардың жағдайы мен сапасын жақсартуға бағытталған «Мектеп асханаларын жаңғырту» жобасы аясында ашылған «Атамекен» тамақтану комбинатының жұмысымен танысты. Аталған комбинат Ақтөбе қаласындағы 4 мекепте қызмет көрсетеді. Яғни 3 мыңға жуық оқушы «Атамекен» әзірлеген табиғи таза өніммен тамақтанады.

«Атамекен» тамақтану комбинатының мектеп оқушылары үшін істеп жатқан игі жұмысымен танысқан Тамара Дүйсенова Ақтөбе қаласының тәжірибесін еліміз бойынша қолдану керектігін айтты.

Күннің түске дейінгі жұмысының соңында «Нұр Отан» партиясының хатшысы Тамара Дүйсенова журналистерге қысқаша сұхбат берді.

  • Біз Ақтөбе облысына Елбасының бес әлеуметтік бастамасы аясында жасалып жатқан жұмыстармен танысуға келдік. Ақтөбеде бағдарлама бойынша барлық жұмыстар атқарылып жатыр. «7-20-25» бағдарламасы аясында алғашқы жарна үшін 20 пайыз төлеу көпшілік азаматтарға қиындық туғызып отыр. Әсіресе, жалақысы төмен азаматтарға қиын тиюде. Сол себепті жақында «Нұр Отан» партиясы Ұлттық банкке өзінің ұсынысын берген болатын. «Нұр Отан» партиясының ұсынысымен Ұлттық банк «7-20-25» бағдарламасына өзгеріс жасап жатыр. Алғашқы жарна үшін қажетті 20 пайыздың 10 пайызын жергілікті бюджет береді. Қалған 10 пайызын азаматтың өзі төлейді. Бүгін Ақтөбеде жалақысы аз, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қолдау, көмек көрсету мақсатында меморандумға қол қойылды. Яғни облыстық әкімдік халықтың баспанамен қамтылуы үшін үлкен қолдау көрсетіп отыр, — деді «Нұр Отан» партиясының хатшысы Тамара Дүйсенова.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button