Жаңалықтар

Партия хатшысы орталықтарды аралады

«Нұр Отан» партиясының хатшысы Тамара Дүйсенова бастаған топ түс ауа Елбасының бес әлеуметтік бастамасы аясында қолға алынған жобалармен танысты.

Алдымен Ақтөбе политехникалық колледжі жанынан ашылған IT-орталыққа барды. Аталған орталық, мұндағы мамандардың сөзінше, осы айдың соңында жастарды қабылдай бастайды. Тамара Дүйсеноваға колледж оқытушылары болашақ мамандардың жылумен қамтамасыз ету жүйесін автоматтандыру, деңгейлі автоматты бақылау, электрэнергиясын үнемдеу шараларын жобалау, өртке қарсы дабыл жүйесі, т.б. қатысты инновациялық жобаларды таныстыра келе, жаңа орталықты көрсетті. Қыз-жігіттер бұл жерде «Мобильді зерттеу», «Әкімшілік деректер» бағыттары бойынша білім ала алады.

Мемлекет басшысы таяуда өткен «Нұр Отан» партиясының саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында ауыл және қала тұрғындарына шағын несие ұсынудың қажеттілігін атап өткен еді. Елбасының Үкіметке жүктеген тапсырмасы негізінде бүгінде жер-жерде осындай несиелер беріліп жатыр. Соның игілігін көріп жатқандардың бірі — ақтөбелік Мира Жиенбаева 10 миллион теңге несие алып, бір ай бұрын мектеп жасына дейінгі балаларды дамыту орталығын ашты. «Нұр Отан» партиясының хатшысы Тамара Дүйсенова жаңа орталыққа да соғып, онда 120-ға дейін ұл-қыздың бара алатынын, оларға хореография, ағылшын тілі, логопед кабинеттерінің қызмет ететінін білді. Мұнда балдырғандардың тынығып, алаңсыз ойнауына да бар жағдай жасалған. Орталыққа бару, әрине, ақылы.

— Орталықта балалардың физикалық әрі психологиялық тұрғыда жетілуіне мүмкіндіктер қарастырылған. Мұндағы мамандар балаларды мектепке даярлап қана  қоймай, олардың адам ретінде дамуына, жалпы қалыптасуына баса мән береді, — дейді орталықтың жетекшісі Мира Жиенбаева.

Партия хатшысы, мұнымен бірге, «Анаға тағзым», «Жұбановтар әлемі», «Көз жарығы» офтальмологиялық  орталықтарын аралап, ондағы атқарылып жатқан жұмыс-жобалармен танысты.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button