Жаңалықтар

Аймақтық форум: бастауыш ұйымдардың беделі

Ақтөбеде алғаш рет бастауыш партия ұйымдарының аймақтық форумы өтті. Форумға Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарынан ірі бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, аумақтық филиал төрағаларының бірінші орынбасарлары, барлығы 200-ден астам партиялық қатысты.

Үстіміздегі жылдың маусым айында өткен партияның саяси кеңес отырысында Президент бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жандандыруды тапсырған болатын. Кейін Елбасы тапсырмасына сәйкес, партия жұмысын жаңғырту аясында бастауыш партия ұйымдарының қызметін жандандыруға арналған тұжырымдама жобасы әзірленді. Тұжырымдама ағымдағы жағдайды және бастауыш партия ұйымдары жұмысындағы проблемалық мәселелерді талдауды, сондай-ақ партиялық жаңғыртудың негізгі міндеттерін ескере отырып әзірленген. Құжат бастауыш партия ұйымы жұмысын орта мерзімді уақытқа жандандыру механизмін, негізгі мақсаттары мен міндеттерін айқындайды. Аталған тұжырымдаманы тиімді іске асыру мақсатында 2018-2020 жылдарға арналған жол картасы қабылданды.

Тұжырымдама жобасының міндеттері — бастауыш партия ұйымы қызметін, оның ішінде партия мүшелерімен жұмысты жандандырудың нысандары мен түрлерін жетілдіру, бастауыш партия ұйымы және партия мүшелерінің деректер базасын өзектендіру, партияны қолдаушылар желісін қалыптастыру, бастауыш партия ұйымы жұмысын бағалау, уәждемелеу және ынталандыру жүйесін енгізу.

Тұжырымдама жобасы осыған дейін Оңтүстік, Орталық, Солтүстік-шығыс Қазақстан өңірлерінің 800-ге жуық бастауыш партия ұйымының басын қосқан Шымкент, Қарағанды, Павлодар қалаларында өткен аймақтық форумдарда талқыланып, онда енген жаңашылдықтар бойынша партиялықтардың ұсыныстары жинақталды. Ал соңғы аймақтық форум Ақтөбеде өтті. Еліміздің әр аймағында партиялықтар бастауыш партия ұйымдарын жандандыру бойынша берген ұсыныс-тілектері сарапталып, жыл соңында Астанада өтетін бастауыш партия ұйымдарының форумында жарияланатын болады.

Облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиевтің қатысуымен өткен форумның бірінші күнгі жұмысында «Нұр Отан» партиясының хатшысы Тамара Дүйсенова ұйымдастырылып жатқан жиынның маңыздылығына тоқталды.

— Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партиямыздың түрлену жөнінде жаңғыру мәселесін қойған болатын. Сондықтан біздің бүгінгі кездесуіміз партиямыздың жүйелі жаңғыруына байланысты болып отыр. Жаңа жобалар — біркүндік акция немесе кеңселік шаралар емес, партия мүшелерінің еңбегі. Нәтижесінде қазақстандықтардың өмірі мен тұрмысы жақсаруы тиіс, — деді Тамара Дүйсенова.

Форумның бірінші күні 4 секциялық жұмыс жүргізілді. Бастауыш партия ұйымдарының қызметін жандандыру тұжырымдамасы партия хатшысы Тамара Дүйсенованың қатысуымен әрбір секцияда талқыланды.

Тұжырымдама жобасы бастауыш партия ұйымдарының жұмыс тәсілдерін қайта құруды қарастырады. Бастауыш партия ұйымының жұмысын жандандыру үшін қолданыстағы көзқарастар қайта қаралып, жаңа тәсілдер, бағыттар қалыптасады. Бұл туралы бірінші секция жұмысында айтылды. Сондай-ақ бастауыш партия ұйымының қызметін жандандыру жолдары, партия жақтастарымен жұмыс, спикерлер базасын қалыптастыру, бастауыш партия ұйымдарының құқықтық базасын өзектендіру жұмыстары талқыланды.

Сондай-ақ қатысушылар партияның барлық қызметін цифрландыруға, партия мүшелерінің бірыңғай базасын  құрып, құжат айналымын қысқартуға және партия тиімділігін арттыруға бағытталған «Сандық партия» жобасымен танысты.

Екінші секцияда партия жұмысының әлеуметтік желідегі технологиялары туралы айтылса, үшінші секцияда шағын және орта бизнесті дамыту, цифрландыру, «Рухани жаңғыру» шеңберіндегі партиялық жобаларды іске асыру тәсілдері, спикерлермен жұмыс жасау механизмдері талқыланды. Ал төртінші секцияның жұмысы кезінде партиялық кадрлық резерв қалыптастырудың мақсаты және негізгі қағидалары түсіндірілді.

Сонымен қатар сол күні бастауыш партия ұйымдарының төрағаларына партия Орталық аппараты құрылымдық бөлімдерінің басшылары, Саяси менеджмент академиясының оқытушылары, танымал тренерлер мен саясаттанушылар тренингтер өткізді.

— Бүгінгі Ақтөбеде өтіп жатқан форумға жаңғыру жолында үлкен бағыт-бағдар аламыз деп келіп отырмыз. Біздің бастауыш партия ұйымының құрамында 632 партия мүшесі бар. Жалпы цифрлық сауаттылықты арттыру мақсатында үлкен жұмыстар атқарылуда. Мәселен, университет жанынан Атырау облысы «Нұр Отан» партиясы филиалы бастамасымен  IT  мамандарын дайындау үшін IT орталығы ашылды. Міне, осы орталықты 130-дан  астам адам бітіріп, аудан, ауылдарда өз жұмыстарын бастап кетті. Біз бұл жұмыстарды әрі қарай да жалғастырып, Елбасының сындарлы саясатын жүзеге асыратын боламыз, — деді Атырау облысынан келген «Бірлік» бастауыш партия ұйымы төрағасының орынбасары Баянсұлу Тыныбаева.

Айта кетейік, бүгінде Батыс өңірінде мыңнан астам бастауыш партия ұйымдары бар. Ал республика бойынша 1 миллион адамды біріктіретін «Нұр Отан» партиясының 6 мыңға жуық бастауыш партия ұйымы бар.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button