Құқық

«Біз ақыл айтуға емес, ақылдасу үшін келдік…»

Бейсенбі күні Ақтөбе қаласында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ұйымдастыруымен «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасы аясында облыстың зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен «Ел ішінде дау көбейсе, ел сыртында жау көбейеді» тақырыбындағы дөңгелек үстел өтті.

Атап айтқанда, отырысқа облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасының әкімшісі Гүлнар Боранбаева, «Бірлесе даму» әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту қорының президенті Нұргүл Қарағойшина, облыстық сот төрағасының міндетін атқарушы Ермек Қанапиев, ақсақалдар, судьялар, жергілікті мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері  қатысты. Алғаш боп сөз алған Нұргүл Қарағойшина:

— Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының бастамасымен өтіп жатқан алқалы жиын осы жолы Ақтөбеде өтіп жатыр. Бүгінге дейін еліміздің 8 өңірінде осындай басқосулар ұйымдастырылды. Негізгі мақсат — Жоғарғы Соттың төрағасы Жақып Асановтың тапсырмасына сай облыстарды аралау. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында татуластыру институттарының қызметін күшейту бағытында атқарылып жатқан жұмыс бұл.

Өкінішке қарай, еліміздің сот жүйесінде тіркелген арыздардың саны 3 миллионнан асып отыр. Егер сотқа келген адамдардың екі тараптан құралатынын ескерсек, бүгінде 6 миллионға жуық халық өзара соттасып жүр деуге болады. Бұның ең қорқыныштысы — ата-аналар мен бала, ағайындардың, дос-жарандардың арасында дау көбейіп бара жатыр. Ең қауіптісі — біз бұдан ұлт ретінде тұтастығымызға, халық ретінде ауызбіршілігімізге, тіпті еліміздің тәуелсіздігіне де зиян тигізетін әрекеттерді көріп тұрмыз. Халықтың осындай қиын сәтке түскенінде көмектесетін кім? Әрине, ол — осы елдің зиялы қауымы. Мен бойын түзеп, әдемі киініп жүретін қауымды емес, жұртқа қиын шақта шынымен қолдау көрсететін көреген, зиялы адамдарды айтып тұрмын. Сондықтан біз әр өңірдің сол зиялыларын — аузы дуалы, беделді ақсақалдарды, қоғамның дамуына өз үлесін қосқысы келетін азаматтарды жинап, осы әңгімені ортаға салып, пікірлесіп отырмыз.

Біз өңірлерге ақыл айтуға келген жоқпыз. Ақылдасуға келдік… Халық біріксе, шешілмейтін мәселе жоқ. Сондықтан осы мәселені бірлесіп жолға салып, жөнге келтіруді көздейміз, — деді.

Кездесуде, сондай-ақ, Гүлнар Боранбаева 7 басым жобаның, соның ішінде «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасының аясындағы Жоғарғы Сот жұмыс топтарының қызметі туралы кеңінен әңгімеледі. Оның айтуынша, 2013-2017 жылдар аралығында қаралған сот істерінің саны екі есеге артқан. Осылайша, Қазақстанда елдің әрбір төртінші тұрғыны қандай да бір сот процесіне қатысқанын білуге болады. Статистикаға сүйенсек, сот дауларының басым бөлігі ажырасу мен алимент төлеуге қатысты отбасылық даулар екен.

— Өткен жылы Ақтөбе облысында 1722 шаңырақ шайқалған. Бұл 6 мыңнан астам бала отбасындағы өзара сыйластық пен рухани құндылықтарды жоғалтып, толық емес отбасында тәрбиеленіп жатқанын білдіреді, — деп атап өтті Г.Боранбаева.

Ал Е.Қанапиев өз баяндамасында татуласу рәсімдерін дәріптеу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен татуласу орталықтары туралы айтты.

Мұнымен бірге, қатысушылар татуласу рәсімдерін дамыту мүмкіндіктерін де талқылады. Атап айтқанда, әңгіме «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасын іске асыру аясында татуласу рәсімдерін қолдану тәртібі, медиацияны насихаттау мен жандандыру қажеттігі, республика бойынша қайта құрылып жатқан татуласу орталықтары қызметінің келешегі мен мүмкіншіліктерін түсіндіру жайы әңгіме арқауы болды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button