Жаңалықтар

Ақтөбеден Астанаға 200 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері жеткізіледі

22-23 қыркүйек күндері Астана қаласында Ақтөбе облысының тауар өндірушілерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіледі. Бұл туралы облыстық әкімдікте облыс әкімінің орынбасары Мавр Абдуллиннің төрағалығымен өткен тұтыну нарығындағы бағаны тұрақтандыру жөніндегі облыстық штабтың отырысында мәлім болды.

Штаб отырысында Ақтөбе қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру бойынша қабылданып жатқан шаралардың жайы тыңдалды. Бұл мәселе жөнінде Ақтөбе қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Руслан Әжниязов баяндады. Оның айтуынша, биыл 8 айда облыста тұтыну бағасының индексі — 102,8 пайыз, республика бойынша бұл көрсеткіш — 102,9 пайыз. Оның ішінде, азық-түлік өнімдері бойынша көрсеткіш — 102,0 пайыз. Бұл республика көрсеткішінен (102,3 пайыз) 0,3 пайызға кем. Солай бола тұра азық-түлік тауарларының бағасы тамыз айында 0,4 пайызға төмендеген.

Р.Әжниязовтың айтуынша, Ақтөбе қаласындағы сауда желілері мен базарларға  апта сайын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жасау жұмыстары жүргізіледі.

Көкөністерге бағаның төмендеуі байқалады. Бірақ, әлеуметтік маңыздағы бірқатар азық-түлік тауарларына бағаның өскені анықталды. Соның ішінде 1 сорттағы «Гранум» маркалы ұнның бағасы өскен. Бүгінгі күні «Дина», «Анвар» сауда желілерінде бұл өнімнің келісі 79-81 теңгеден саудаланып жатыр. Өнімді өндіруші «НАМК» серіктестігіндегілер 17 қыркүйектен бастап өнімнің сату бағасы келісіне 74 теңгеден 80 теңгеге дейін көтерілетінін айтады. Сәуір айында  өткен жылғы егіннің қалдықтары қалды,   сол себепті тиісінше сатуды жеделдету бойынша іс-шара өткізілді. Қазіргі күні былтырғы астық таусылып, ұнның келісін бұрынғы 80 теңгемен сату туралы шешім қабылдапты, — деген Р.Әжниязов 10 тамыздан бері «Көктас Ақтөбе» акционерлік қоғамы  «Аққұс» тауық етінің сату бағасын 550 теңгеден 750 теңгеге бір-ақ көтерген. Компания мәліметінше, бұған дейін олар тауық етінің өзіндік құнының қате есептелуі себебінен шығынға батқан.  Соған сәйкес, қаладағы ірі сауда желілерінде 10 қыркүйекке дейін «Аққұс» тауық еті 10 пайыз қосымша ақысымен, яғни келісі 825 теңгеден  сатылып келіпті. Оның үстіне, «Көктас Ақтөбе» АҚ «Табыс» коммуналдық базарындағы өз бутигінде бағаны өсіріп, тауық етінің келісін 800 теңгеден сатқан. Бүгінгі күні сауда желілерінен өнім жеткізуге бірнеше рет тапсырыс түсуіне қарамастан, өнім өндіруші тауарды сатуға шығармай отыр. Қазіргі күні сауда желілерінде Батыс Қазақстан облысының «Жайық Агро» ЖШС өндіретін сауда маркасы «Жайық» тауық етінің келісі 780 теңгеден сатылып жатыр. Сол сияқты, Ресейден жеткізілетін «Благояр» тауық етінің келісі 745 теңгеден бағалануда.

Штаб отырысында М.Абдуллин Р.Әжниязовқа 1 қазанға дейін Ақтөбедегі ұн өндіруші компанияларға өнім көлемін өсірмеу турасында тапсырма берді. Әрине, биыл елімізде бидай бағасының қымбаттауына байланысты Үкіметте бұл мәселе қаралатынын айтып түсіндірді.  Ал «Аққұс» маркасымен өндірілетін тауық еті бағасының көтерілуіне байланысты М.Абдуллин аталған кәсіпорын өкілдеріне тұтынушы сұранысына сай өнім өндірудің маңыздылығын айтты.

Аудандармен онлайн режимде өткен штаб отырысы кезінде Хромтау және Мәртөк ауданы әкімдерінің орынбасарлары өңірде бағаны тұрақтандыру бағытында атқарылып жатқан шаруалар жайын баяндады. Бұдан бөлек, облыстық  ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сәрсембай Құсайын 22-23 қыркүйекте Ақтөбедегі  тауар өндірушілердің қатысуымен Астана қаласында өтетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне дайындық мәселесі тыңдалды. Елорданың 20 жылдық мерейтойы аясында өткізілетін шараға 12 аудан мен Ақтөбе қаласынан 20-дан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындар қатысады. Жәрмеңкеге 65 тонна ет, 85 тонна картоп және көкөніс өнімдері, 10 тонна сүт өнімдері мен 5 тонна өсімдік майы және басқа да азық-түлік түрлері жеткізілмек. Басқарма басшысының айтуынша, жәрмеңкедегі өнімдердің бағасы Астана қаласы базарларының бағасынан 15-20 пайызға төмен болады. Ақтөбеден Астанаға жалпы көлемі  200 тонна өнім жеткізіледі.

Жиынды қорытындылаған сөзінде М.Абдуллин құзырлы мекеме өкілдеріне баға тұрақтылығын қамтамасыз ету, сауда нүктелерінде жергілікті өнім көлемін ұлғайту, бағаның күрт өспеуін қатаң бақылауға алу, сырттан келетін өнімдердің бағасын қадағалау мәселесін қатаң тапсырды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button